Ақтауда V-ші Орта Азия елдерінің театр фестивалі өтеді
2014 ж. 22 қазан
1985
0
Қазан айының соңғы аптасында облыс орталығында V-ші Орта Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі шымылдығын ашады. Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы қазақ-музыкалық драма театрында ұйымдастырылатын шараға Астана мен Алматы қалаларынан және Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Башқұрстан мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысады деп күтілуде.
Фестивалге облыстық драма театр ұжымы «Зілзала» қойылымын ұсынбақшы. Туындыны театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі мен С.Цвейгтің «Амок» новелласы және 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияда болған зілзала желісі бойынша сахналамақ. Қойылым адам мен табиғат арасындағы байланысқа құрылған. Режиссердің мақсаты-егер үйлесім болмаса, адам да, табиғат та апатқа ұшырайтынын қойылым арқылы көрсетіп, көрерменге ой салу.
«Жас театр ұжымы үшін халықаралық деңгейде фестиваль өткізу үлкен абырой. Сондықтан да шараның жоғары деңгейде алып шығу үшін үлкен дайындық үстіндеміз. Фестивальге көршілес елдерден белгілі театр сыншылары және өнер қайраткерлері келеді деп күтілуде. Өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үшін де бұл фестивальдің берері зор деп ойлаймын. Жалпы шараға 150-ге жуық қонақ келеді деп күтілуде», - дейді Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы қазақ-музыкалық драма театры директорының орынбасары Айнара Жансейітова.
Фестивальде сахналатын қойылымдарға өнер қайраткерлері Тұңғышбай Жаманқұлов, Талғат Теменов, Сәния Қабдиева (Қазақстан), Константин Щербаков (Ресей), Ақылбек Әбіхалықов (Қырғызстан), Шохратулла Ризаев (Өзбекстан), Абдуғаффор Абдужабборов (Тәжікстан) қазылық етеді. 25-30 қазан аралығында өткізілетін фестивалдің қойлымдарын өнер сүйер қайым тегін тамашалай алады.
Венера МИРЛАН