Бұл еңбек менің халқыма деген мәңгі сүйіспеншілігімді білдіреді
2016 ж. 19 мамыр
2913
0
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астанада Жамбыл облысының күндері өтетін болды. Делегация құрамында Қайырбек екеуміз де бар екенбіз. Біз Астана қаласына таңертең келіп, «Думан» қонақ үйіне орналастық. Нұр шуағы төгілген қыркүйек айының ортасы еді. Бөлмеде ұрып тұрған кондиционерді байқамай қалған екенмін, беліме суық тиіп, тұра алмай қалдым. Енді қайтемін деп, қиналдым. Бірақ «әр істе бір хайыр бар», рухыңды түсірме» деп өзіме-өзім дем бердім. Мерекелі күндерге байланысты өтетін іс-шаралардың ешқайсына қатыса алмайтын болдым.
Жолға шықпай жатып, Назарбаев университетінің профессоры Гүлтас Сайынқызы хабарласып, «Жамбыл облысы күндерінің аясында біздің университетте сізбен кездесу өткіземіз. Келіңіз, көріңіз» деген еді. Мен уәде бергем. Қонақ үйге дәрігер шақыртып, аздап жүруге әлім келген соң, сол басқосуға баратын болдым. Қайырбектің демеуімен шақырған жерге жетіп алдым. Бәрі күтіп отыр екен. Біраз журналистер келіпті. Сол жерде «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нәзира Байырбекпен таныстым. Ол ертеңіне газетке кездесу жайлы әдемі хабарлама беріпті. Бұдан кейін мен тағы да жатып қалдым. Университет ұжымы сыйлаған қолшатырды төмен қарата ұстап, бөлмеде ілбіп басып жүрмін. Ешқайда шыға алмаймын. Сондай кездің бірінде Нәзира сіңліміз хабарласып, менен сұхбат алғысы келетінін білдірді. Келісім бердім. Осында қызмет істейтін ауылдас сіңлім, жақсы журналист, жазушы Раушан Төленқызы да хабарласты. Жай-жапсарды білген соң, жалғыз қалмасын деп, жанымда болды. Әңгіме арасында ол әріптесі Нәзира туралы «талантты журналист, өте нәзік, көркем жазады» деді. Құдай қуат беріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын Бейбітшілік және Келісім сарайында өтетін үлкен жиынға да бардым. Үш-төрт күн ешқайда шыға алмай, уақытым жеткілікті болғандықтан, әлгі газет тілшісіне үлкен сұхбат бергем... Келер жылдың қыркүйегінде сол Нәзира Байырбек телефон шалды. Онда біз Алматыда едік. Айтқаны: «Күләш апай, сіз туралы кітап жазамын!». Мен таңырқап қалдым. «Таңдауың неге маған түсті?» деп сұрадым. «Сізден былтырдан бері екі-үш сұхбат алдым, бәрі жарық көрді, байқағаным – біз рухани өте жақын екенбіз». «Бұдан бұрын көркем шығарма жазған ба едің?» деген сұрағыма: «Ия, публицистикалық дүниелерімнен бөлек, опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева туралы кітап жазғанмын. Сол екі-үш кітабымды сізге апарып берейін» деді. Бұл мен күтпеген ұсыныс еді. Біраз ойланып қалдым. Алдымен әке-шешемді есіме алдым. ХХ ғасырдағы қазақ халқының басына түскен ауыртпалықтың бәрін көрген ол кісілердің тағдыры көркем шығармаға арқау болуға лайық еді. Мен Нәзираға дәл осыны айттым. «Менің ата-анам жайлы, мен өмір сүрген қоға жайлы жаза алсаң, жаз», – дедім. Мен «Думан» қонақ үйінде суық тиіп, қалаға шыға алмай, осы қызға сұхбат бермегенімде, бұл кітап жазылмауы мүмкін еді. Нәзира артынша күйеуі Мұрат екеуі Алматыға келді. Менің әке-шешемнің көзін көрген Тұрғын әпкеммен, Әмір ағаммен, інім Бақтиярмен сөйлесті. «Енді туған жеріңіз – Үшаралды көрсем...» деген тілегін білдірді. Алматыдан Таразға дейін, одан ауылға дейін, ара-арасында үйде, өзімнің өмірбаянымды баяндай бердім. Ол бірде диктофонға, бірде қағазға түсіріп отырды. Өзімнің тегім, әжем, әке-шешем туралы айта келіп, өмір жолымда кездескен жақсы адамдар туралы әңгімеледім. Үйіміз орталықтан шалғай болғандықтан, 10 жасымнан ағайынның үйінде жүріп оқыдым. Тар заман, тапшы кездің өзінде сол кісілер мені аялап, барын алдыма тосып, мейірімге бөлеген еді. Он жылдай кісі үйінде жүріппін. Біреуі қабақ шытқан жоқ. Өздерінің балаларындай көрді, тәрбиесін берді. Үміт әже, Хадиша, Сара, Орынкүл, Балайым апаларымның, Күлтай жеңешемнің есімдерін құрметтеп, еске алудың сәті енді түскен сияқты. Мектеп, медколледж, университет қабырғасында да білікті мұғалімдер мен ғажайып ұстаздардан дәріс алдым. Оларды қалай ұмытармын?! Ақындық Алланың сыйы еді. Әдебиет әлемінің есігін ашқанымда да ғибратты аға апаларым алдымнан шықты. Жақсы адамдардың демеуімен жолым ашылды, өнерім өркен жайды. Мен бақытты екенмін. Қаршадайымнан Әбділда, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Әбіш сияқты әдебиет алыптарының ақ батасын алдым. Солардың игі лебіздері қанат бітірді. Жасымнан әлем әдебиеті мен қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын үзбей оқып келемін. Өзім де әдебиеттен орнымды тапқан сияқтымын. Ағаларым аманаттаған адамгершілік, отаншылдық, адалдық деген құндылықтарды өзімнен кейінгі ұрпақтарға жеткізсем деген ұстанымда болдым. Жасым елуге жақындағанда денсаулығым сыр беріп, емхана жағалай бастадым. Тағы да Жаратқан Иеміздің қалауымен тамаша дәрігерлерге тап болдым. Үлкен қамқорлықтарын көрдім. Тағдыр мені қазақтың маңдайына біткен тамаша әйел аналармен, аяулы ханымдармен, асыл арулармен табыстырды. Өмір бойы мені жақсы кісілер қоршап келеді. Жақсының қадірлейтінін, жаманның жәбірлейтінін ұқтым. Қиындықтан сабақ, жақсылықтан, тәлім алдым. Ізгі жандардан үнемі үйренуге тырыстым. Мен де өзімді ардақтаған жандарға пейілімді төктім. Ақын болып қалыптасқаннан кейін, бүкіл ел халқымның махаббатына бөлендім. Мұны қалай айтпаспын? Сүйген жігітіме қосылып, бірге қартайып келе жатырмын. Өзім үшін бәрінен қымбат перзенттерім, немерелерім бар. Солар менің өмірімнің шамшырақтары. Кейінгі жылдары Тараз қаласына қоныс аудардық. Мұнда да жерлестерімнің айрықша құрметін сезіндім. Үкімет тарапынан үлкен мараптаттарға ие болдым. Қазақ деген халықтың ғаламат қасиеттерін әл-хадарымша бойыма жинаудан һәм жырлаудан жалықпақ емеспін. «Ортасында болуға жалықпап ем, жалғыз қалсам, жан – орта, шабыт та – кем. Қандай қызмет жасадым, хан көтеріп, маған сонша дем берген халыққа мен!» Бұл кітап менің Ұлы Жаратушыға сансыз шүкірлігім, ұлтыма деген мәңгі сүйспеншілігім, тіршілігіме нәр берген жақындарыммен араласқан барлық аяулы жандарға деген ризашылығым мен ілтипатым деп қабылдаңыздар, қадірлі оқырман! Кітап авторы – Нәзира Байырбекке де алғысымды білдіремін. Кітап алғысөзін «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңімнің бір шумағымен түйіндедім:
Ия, Раббым! Өмір бердің. Сөз бердің. Рух бердің. Тілегімді хусни, тұнық бердің. Күллі адамзат баласын жарылқаған Рахметіңнен үздіксіз үміткермін.
Күләш АХМЕТОВА, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz