БІР АЛЛА БАРҒАН ЖЕРДЕ БАҒЫҢДЫ АШСЫН!
2015 ж. 21 тамыз
8896
1
Кеше, тамылжыған тамаша ай тамыздың 20 жұлдызында гүл қызымыз Гүлназды ұзаттық! Ырымалды тойымызға жайылған ақ дастарханымыздағы аппақ қызымызға айтылған ақ тілектер періштенің құлағына шалынсын деп тілейміз! Арман тауға қол ұстасып бірге аттаған екі жасқа - Ақ жол тілеген тойда ақадал сусындар ғана - бал қымыз бен нәр шұбат қана болып, шайтансудың иісі де сезілмеді. Күйеу бала Жомарт та, иманды, иманжүзді жігіт екен, жақсы әсер қалдырды. Келесі аптада жігіт жағында да, Шымкентте де той арақ-шарапсыз адал өтпек. Құдалар негізі Жамбыл облысы, Талас ауданынан. Қазақ әдебиетінің қос тарланы Дулат Исабекұлы мен Сәбит Досанов тойды ашып, ақ баталарын берді. Ақберен ақындар Темірхан Медетбек, Исрайл Сапарбай, Көпен Әмірбек, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегмановтар бастаған ағалары ақ тілегін ақтарды. Үкімет жиналысына байланысты тойға келе алмай қалған мемлекет қайраткері Ислам Әбішев арнайы раушан гүлі себеті мен сыйлығын беріп жіберді. Нұрлан Жазылбеков, Азамат Әбілдаев секілді Мәжіліс депутаттарын бастап келген "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашевтың Ақ жол тілеген: "Бүгінгі доллардың өскені сияқты сендердің махаббаттарың да мәңгілік жоғарылай берсін"-деген лебізі сәтті шықты... Әстрада жұлдыздары Шәкизада, Ералхан Әбішев, Жұбаныш Жексенұлы, Нұр-Мұқасан, Мақсат Базарбаевтар бастаған әншілер әсем әннен шашу шашты. Әнші-сазгер Бауыржан Өскенбеков пен ақын Әлібек Шегебай екеуінің осы тойға арнайы жазған "Қызыма" әні, әнші Дінмұхамед Ізтілеуовтың "Анама" әндері тойға жақсы тарту болды. Тойды әбден қыздырған Шәкизаданың өзі "Сыңсу" әнін айтып, Гүлназды жетектеп жүріп елмен қоштастырып, шығарып салды.Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, дарынды ақын Бақыт Беделхан басқарған бұл тойда еуропашылдыққа еліктеген екі қатып қалған қалыптасқан нәрсе бұзылды. Біріншісі - қызды түнгі 12-00 ге дейін ұзатып алып кетіп қалу. Яғни, қызымыз сағат тіліне бағынбай, түнгі 12-30 шамаларында құрметті құдалардың қолына өтті... Екіншісі - қыздың әкесімен вальс билеуі. Оның орнына мен қызыма деген ақжарма ақ тілегімді жүрегімнен шыққан жыр жолдарымен жеткіздім. Әсерлі шыққан болуы керек, анасы Жәннат қана емес, қатал деген жандардың да жанарларына жас үйірілді. Бұл жырды осы тойдың ортасында да белгілі әнші Өктем Алтаев өзі жазған әнімен нақышына келтіріп орындап берді.Гүлназ қызымызға "БІР АЛЛА БАРҒАН ЖЕРДЕ БАҒЫҢДЫ АШСЫН!"- деген тілек тіледік.
Балаған қарағым ең ай нұрына,Бұл өмір заңдылығын жайды мына.Айнам-ау, айна алдында айналшықтап,Ақыры ұшып кеттің айдыныңа.Бойжеттің, кетті өзгеріп қалай ғалам?Еркелеп жүре берер деп ойлағам...Қараса қайран әкең елегізіп,Көреді өзін ғана шарайнадан.Қараймын жамалыңа жарық неткен,Алдыңнан шықсын қанат қағып көктем.Қайтейін көнемін де, мен де бір кез,Анаңды Алматыдан алып кеткем.Шашуын шаттық тойы шашты, міне,Қазақтың берік болғын дәстүріне.Сымбатын сыңарыңның көріп қалқам,Қараймын сол баяғы жас күніме.Көңілдің қатпарларын мың ақтардым,Көрсетпей көз жасымды жылап қалдым.Бір Алла барған жерде бағыңды ашсын,Құдамды көргеннен соң қуаттандым.Мына өмір қалқам сені жылатпасын,Жаныңа тек жақсылық шуақтасын.Жарасқан қос аққудай жұбыңменен,Жетіңдер қол ұстасып мұратқа шын.Жаратқан екеуіңді жар атауда,Айналсын асуларың Алатауға.Жарқырай берсін дейміз жұлдыздарың,Тілейміз біздер Ақ жол Ақ отауға!Қазыбек ИСА20.08.2015Фейсбук парақшасынан