Санкт-Петербургте Әлия Молдағұловаға ескерткіш ашылды
2019 ж. 07 мамыр
2899
0
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Санкт-Петербургте қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.
"Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік болып шығатын сындарлы шақ. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қыздарына да бірдей дарыған ұлттық қасиет", - деп атап өтті ол.
Тасмағамбетов атап өткендей, тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апаларымыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді.
"Бүгін, міне, сол даңқты дәстүрді жалғастырушы, қазақтың қайсар қызы – Әлия Молдағұловаға Санкт-Петербург қаласының төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр", - деп сөзін сабақтады елші.
"Біз ержүрек жерлестерімізді еске алып қана қоймай, Ұлы Отан соғысының барлық батырларына, соның ішінде Ленинградты қорғаушыларға құрмет көрсетеміз!", - деді Иманғали Нұрғалиұлы.
Төтенше және өкілетті елші сол қайғылы жылдар мен миллиондаған адамның қасіреті әрдайым есте сақталатынын айтты.
"Сөз жоқ, бұл шара – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қаһарман апамыздың рухына көрсетіліп отырған ұлы тағзым ғана емес, екі елдің бірлігі мен ерлігін, айбыны мен даңқын паш ететін дара дүние", - деп аяқтады сөзін.
Әлия Молдағұлованың ескерткіші Санкт-Петербургтің батысындағы скверлердің бірінде, Красногвардия ауданындағы өз атына берілген көшенің 5-інші үйінде орналасқан. Биіктігі 3 метр қоладан құйылған мүсіндік композиция қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Онда батырдың есімі мен батырдың жапсырма жұлдызы бедерленген. Постаменттің сыртқы жағында мерген қыздың ерлігі қысқаша қашап жазылған.
Ескерткішті тұрғызу Санкт-Петербург үкіметінің, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облысы әкімдіктерінің ынтымақтаса күш жұмсауының арқасында жүзеге асты.
Шығармашылық жобаның авторы – белгілі қазақ мүсінші Едіге Рахмадиев.Оның айтуынша, ескерткішті жасауда Әлияның қанығырақ сақталған фотосуреттері пайдаланылған. Постамент Алматы облысындағы Күрті кен орнынан алынған сапалы граниттен жасалған. Қола да Қазақстанда шыққан. Сәулет композициясы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында құйылды.
Дереккөз: sputniknews.kz