Өмірзақ Шөкеев: Азаттық көктен түсе салған сый емес
2019 ж. 02 мамыр
2820
1
Түркістан қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтілді. Есімхан алаңында ұйымдастырылған мерекелік шара «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» аталатын театрландырылған қойылыммен басталды. Бірлік пен татулықты ұлықтайтын мейрамда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көпшілік қауымды мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.
«Қазақ халқында «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген мақал бар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгі болуы үшін ең алдымен мықты татулық және тұрақтылық керек. Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елдің ынтымағын нығайту бағытында өте ауқымды жұмыстар атқарды. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ел бірлігінің ұйытқысы, рухани құндылықтардың қайнар көзіне айналды. Қазақта «Бағалағанға бақ қонады» деген қанатты сөз бар. Біздің бағымыз да, барымыз да – Тәуелсіз Қазақстан! Азаттық көктен түсе салған сый емес. Ол – бабалардың қанымен, ерлігімен келген ұлы бақыт. Кезінде Түркі елінің ұлы қайраткері Күлтегін «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген екен. Ендеше бірлікті ту етіп, Қазақстанды, тұғырлы Түркістанды дамытуға үлес қосайық, ағайын! Отбасыларыңызға амандық, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Бірліктің мерекесі құтты болсын!», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
«Бірлігі мен тілегі бір елміз» атты мерекелік іс-шара «Гүл мекенім –Түркістан», «Қазақстан» атты әндермен жалғасын тапты. «Біржан-Сара» операсынан үзінді айтылды. Ал Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, аймақтық Иран бірлестігінің төрағасы Капар-Пур Нурсбек Құрбанұлы өзінің жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөзін жолдады. Сондай-ақ, елді бірлікке үгіттейтін ұранды сөздер айтылған мерекеде көпшілік қауым ән мен күйге бөленді.