ІІМ: Заңсыз митингіге шыққан 80 азамат ұсталды
2019 ж. 02 мамыр
3291
0
1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Бас прокуратураның ресми хабарламасына қарамастан, санкцияланбаған митингілер мен азаматтардың жиналуы орын алды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Акцияға қатысушыларға өздерінің ұстанымдары мен әлеуметтік және басқа да проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілді.
Алайда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жекелеген жиналғандар тобы өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған «ДВК» экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды.
Осыған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін түсіндірді.
Жекелеген азаматтар заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарға бағынбады. Сонан кейін полиция күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру және тәртіп бұзушыларды ұстау шаралары қабылданды.
Нәтижесінде астанада және Алматыда полиция бөлімдеріне 80 азамат әкелінді. Олардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілетін болады.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға арандатушылыққа берілмеуге және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға шақырады.