Көпбалалы отбасылар жалға берілетін баспананың шаршы метріне 115 теңгеден төлейді
2019 ж. 01 мамыр
2518
0
Сенат депутаттары көпбалалы тұрмысы төмен отбасыларды меншігіне өтпейтін жалға берілетін баспанамен қамтуды көздейтін заңды қабылдады, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Бұл құжатты парламенттің бір топ депутаттары әзірлеген.
Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, заң жобасына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымы енгізілген. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді.
Заң жобасының маңызды өзгерістерінің бірі – көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілуі.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе "Батыр ана", сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі ана даңқы атағын алған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу көзделіп отыр", - деді Өтемісов сенаттың жалпы отырысында.
Сондай-ақ, осы санатқа жататын үміткерлер пәтер алғанға дейін есептен шығарылып тасталмайды.
Мәжілісменнің айтуынша, қазіргі уақытта 31 725 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр.
"Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін баспанамен қамту үшін "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Нәтижесінде жылына кемінде 6 мың пәтер салынады", - деді Өтемісов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың жалға берілетін баспана үшін көпбалалы отбасы ай сайын шамамен қанша теңге төлеп тұратынын айтты.
"Үйдің бағасы бір шаршы метріне – 115 теңге. Мәселен, 60 шаршы метрлік үй болса, онда айына 6500-7000 теңге төлеп тұрады", - деді ол сенат кулуарында.
Бірақ, вице-министрдің айтуынша, бүкіл республика бойынша баға бірдей емес, ауылдарда бұдан да төмен болуы мүмкін.
Өскенбаев балалардың бірі кәмелет жасқа толып кетсе де, көпбалалы отбасыны жалға берілетін пәтерде ешкім қуып шықпайтынын атап өтті.
Сенат депутаттары аталған заң жобасын қабылдады.