ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУ НЕГЕ ҚИЫНДАП КЕТТІ?
2019 ж. 19 сәуір
2710
0
Көпбалалы аналар ақпараттық жүйедегі былықтың кесірінен атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүр. Мақтаулы «Е-halyk» ақпараттық жүйесі бір құжатпен қызмет көрсетуге дайын болмай шықты.
Әу баста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыға өтініш беру үшін жеке куәлік жеткілікті деп жар салған еді.
– «Е-halyk» – жер кадастры, жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесімен байланыспаған. Сондай-ақ, жүйе әкелікті растау, алимент бойынша мәлімет, 2017 жылдың 13 тамызына дейін туған балалардың туу туралы куәліктерін көрсетпейді. Ол аздай алты баласы бар жанұя базада төрт адамнан тұратын отбасы ретінде көрсетілген. Сәйкесінше, әлеуметтік жәрдемақы базада жалақы ретінде тұр, – деді мәжілісмен Бейбіт Мамраев. Яғни, ақпараттық жүйенің жұмысы жетілдірілмеген. Атаулы көмек алуға қажетті барлық мәлімет мұнда жоқ болып шықты. Сөйтсе, кей министрліктер өздеріне қарасты мәліметті дер кезінде өзгертпеген. Сондықтан, жұмыспен қамту орталығындағылар кейбір аналардан бума-бума құжат сұратқан. Атқамінерлердің ақпараттық жүйені уақытында реттемеуі салдарынан аналарды әуре-сарсаңға салып қойған. Бүгінге дейін елімізде 103 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген.
qazaquni.kz