КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҒАРЫШКЕРЛЕР ЕМЕС
2019 ж. 19 сәуір
2556
0
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жүргізуші куәлігін алу үшін әуреге түсетіндердің мәселесін көтеріп, темір тұлпарды тізгіндеуге рұқсат беретін органдардың жұмысын қатаң сынға алды.
– Сіздер жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан сияқтысыздар. Заман өзгерді. Көз бен құлақты тексеру үшін бірнеше тест жасау жеткілікті емес пе? Ал, бізде сараптамадан өту үшін ұзын-сонар кезекте тұрады. Медициналық тексерісті жеңілдету жайын неге қарастырмайсыздар? – деді Нұрлан Нығматулин.
Елімізде көлік жүргізу куәлігі әр он жыл сайын ауыстырылады. Егер құжаттың мерзімі өткеніне 2-3 күн болса, жүргізуші медициналық тексеруден өтуге міндетті. Демек, көру қабілеті нашар адам куәлігінің мерзімі өтпей ауыстыратын болса, дәрігердің алдына барып уақыт жоғалтпайды. Ол демде жаңа құжатты қолына алады. Депутаттар заңның бұл нормасымен келіспейтіндіктерін білдірді. Олар құжат ауыстыратын кез-келген жүргізуші медициналық тексеруден өтсін деп отыр. Ал, Ішкі Істер мен Денсаулық сақтау министрліктері рөлге отыратын адамдарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетпейді. Өйткені, рұқсат алу үшін бір адамды 8 дәрігер қарап, 7 зертханалық талдама жасалады. Депутаттардың ескертуінен соң ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Әлібек Кеңесбаев медициналық тексерісті жылдамдату үшін жасалатын талдама мен тексеру жүргізетін дәрігерлер санын азайтып, көлік жүргізуге кедергі келтіретін ауруларды тез анықтайтын мамандарды іске қосуға уәде берді.
qazaquni.kz