Сақал қойған жастардың күннен-күнге көбейіп бара жатқанына билік алаңдауы керек - мұғалім
2019 ж. 18 сәуір
10588
17
Қазіргі таңда баспа беттерінде қазақ қоғамына ентелей кіріп алған әртүрлі діни ағымдар туралы жиі айтылып, жазылып жатыр. Айтылып, жастарды теріс әрекеттерге итермелеп отырған жағдайды жазу бар да, осы проблемаларды түзету үшін орындалатын нәтиже болу керек. Сөз болып жатқан жағдай, қазақ жастарын кереғар насихатпен миын улап, өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін, жастарды өздерінің ойындағы жағдайға жеткізу мақсатында әрекет етіп отырған діни ұйымдар.
Біздің елімізде ер балаларымыз сақалын қауғадай қылып өсіріп, қысқа шалбар киіп, хиджаб, паранджы киген қыз балалардың саны күннен-күнге көбейіп бара жатқандығы жүрегі қазақ деп соққан әрбір қазақстандықтарды алаңдатуы тиіс деп ойлаймын. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев осы мәселені шешу мақсатында тағайындалған министрлерге қоғамда осындай жағдайды реттеу үшін керек болса құқық қорғау мүшелерін де жұмылдыру керектігін баса айтты.
Бірақ іс жүзінде орындалып жатқан жұмыстарды көріп жатқанымыз шамалы. Басқа қалаларда бұл жағдай қандай болып жатқанын білмеймін, біздің Алматы қаласында олар тым көбейіп бара жатыр, яғни сақалын өсіріп, қысқа шалбар кигендер мен хиджаб киген қыздардың саны артып барады. Олардың көп шоғырланған жерлері де бар «Алтын орда» базары, оның төңірегіндегі «Іргелі» деген жер, халықтың көп баратын сауда орындары «Барахолка», тағы басқа жерлерде. Және де бізді қатты ойландыратын жағдай өздерін осындай киіммен көрсетіп, әрекеттерімен назарымызды аудартып жүргендер көпшілігі біздің қазақ жастары.
Жақында ғана «28 Панфиловшылар саябағының» ішімен көк базарға бара жатқам, қап-қара киім киіп, көздерін қара тормен тұмшалап алған екі бойжеткенді көрдім, қастарынан өтіп бара жатып байқағаным (олар қазақша сөйлесіп бара жатты) олар қазақтың қыздары екен. Қазақтың мұсылман қыздары ешқашанда хиджаб пен паранджы кимеген, бұл жайында үнемі айтылып та жатыр. Мұндай жағдай ары қара жалғаса беретін болса, еліміздің жағдайы не болмақ. Сонда, сыртқы бір күштердің қазақтың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына кері ықпалын тигізу арқылы өздерінің қитұрқы әрекеттерін жүргізу деп ойлаймын. Біз мұндай әрекетке жол бермеуіміз керек.
Мұны әсіресе халыққа қызмет ететін органдар дер кезінде тоқтатып, жұмыс істеуі керек. Көрші жатқан мемлекеттерде жастарын осындай діни экстремистік жолмен азғындауға жол бермейді, онда құқық қорғау органдары бұл жұмысты дұрыс бағытқа қойған. Білім беретін орындарда (мектептерде, колледждерде, университеттерде) құқық қорғау органдары кез-келген уақытта оқу орындарына кіріп, жастардың мобильді телефондарын тексеріп, ешқандай радикалды топтармен байланысы жоқпа соны қадағалап отырады. Мәселен, Өзбекстанда сақалын өсіріп, қысқа шалбар киген хиджаб киген ұл-қыздарды көрмейсін және осындай күмән туғызатын киім киген адамдарды шекарадан кіргізбейді де. Ал бізде керісінше, оларға көп мүмкіншіліктер беріп қойған.
Және бір айтпағым, осындай ағымға кірген жастардың рухани жан дүниесінің азғындалуы, ата-анасын тыңдамау, олардан өздерінің ойындағысын талап етуі бұл қасірет емей немене. Бүкіл әлемде «Отан отбасынан басталады» деген қағида бар, үлкен Отанымыз Қазақстанның берік күшті болуы сол отбасының мықтылығынан бастау алады. Және бір айтпағым, қазіргі таңда өнер адамдарының, спортпен айналысатын, тележүргізушілердің арасындағы жастардың ішінде де сақал өсіретіңдердің көбеюі мені алаңдатады, тіпті олар өздерінің жарларына да хиджаб кигізіп қояды.
Бұл дәстүр 7-ші ғасырда пайда болған арабтардікі, сен қазақтың топырағының үстінде өмір сүріп жатқан қазақсың, сондықтан да қазақтың болмысына лайықты болуың керек. Рухы қазақ жастардың киген киімі, әрекеті, мәдениеті нағыз қазаққа лайықты болу керек.
Қалдыгүл Тасполатова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытшысы, PhD докторант