Жанжалға қалған жәрдемақы
2019 ж. 13 сәуір
5783
12
Біздің билікке айтып сөз, ұрып таяқ өтпейді. Бұған халықтың көзі анық жетіп болды. Тұрғындарымыздың әл-ауқатын жақсартуға тиісті, қомақты қаржы бөлінген мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға тікелей міндетті Үкімет жұмысы көпшіліктің көңілінен шығып көрген емес. Өйткені, сол маңызды бағдарламалар ешқашан ойдағыдай орындалған жоқ, жыл сайын осы мақсатқа бағытталған бюджет ақшасының айтарлықтай бөлігі игерілмей қалады. Қарапайым адамдардың сөзін құлағына қыстырмайтын үкіметтегілерге, тіпті мемлекет басшысының ескертулері де әсер етпейді. Сондықтан да болар, атқарушы биліктің бастауы болып табылатын ҚР Министрлер кабинеті Тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жылда 11 рет ауыстырылған екен. Осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болатын шығар...
Қыруар қаржының игерілмей қалғаны өз алдына, бөлінген қаражатты орта жолда қасқырдай талап, жемқорлыққа салынған лауазымдылардың санына жетудің өзі қиын болып қалды. Премьер-министр, министр, облыс әкімдері де бар олардың ішінде. Жемқор лауазымдылардың атын атап, жасаған «ерліктерін» жазсақ оған газеттің жеке 3-4 нөмірін арнауға тура келеді. Ол туралы өз кезінде басылымдарда жазылып, телеарналарда тұрақты түрде көрсетілді де. Әдетте, бірінші басшылардың орынбасарларының ұрлықпен жиі ұсталып жатқанын жақсы білесіздер. Соған қарағанда, басшылары бұл «бизнесті» сол орынбасарымен қосылып жасайтыны көрініп тұрады. Бірақ, басшы бұл жерде сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Сонда қарамағындағы мамандардың немен айналысып жатқанын білмейтін ол неғылған басшы? Сондықтан, орынбасары ұсталса, басшыны да бірге жазалайтын заң қабылдау қажет. Біздің айтып отырғанымыз ұсталғандары мен сол үшін түрмеге қамалғандары ғана, ұсталмағандары мен ұстауға болмайтындары қаншама, ол өз алдына мұрты бұзылмаған тың тақырып...
Жәрдемақы жайлы әңгіме бастап, Үкіметтің қорасына неге кіріп кеттің дейтін боларсыздар. Оны да түсіндіре кетейік. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бағдарламалар өз ретімен орындалса, бұл туралы әңгіме де болмас еді. Бөлінген қаржыны өз мақсатында, бір тиынын шашау шығармай уақытында жұмсаса жағдай мүлдем басқаша болып, ауыз сусыз, жолсыз, жарықсыз отырған елді мекендердің жұрты бүгінгі күні ұлардай шуламас еді. Жыл сайын бөлінетін миллиардтаған қаржыға қыруар жұмыс атқаруға мүмкіндіктер болды. Өкінішке орай, салалық министрліктер мен аймақтық әкімдіктерден тұратын атқарушы билік өкілдері осы күнге дейін бұл бағытта дұрыс жұмыс істей алмай келеді.
Шынына келсек, әрбір министрлік өз саласы бойынша алда атқарылатын жұмыстары туралы жобаларды өздері дайындайды. Оған қанша қаржы кететінін де өздері есептеп, Мәжіліске ұсынады. Депутаттардың алдында қызылкеңірдек, болып сол жобаларын дәлелдейді, қорғайды. Министрдің «қырамын-жоямын» деген белсенділігін көрген депутаттар оған имандай сеніп сұрағанын беріп, жобаға сәттілік тілеп жол ашып береді. Жап-жақсы жоба мен жұмыс осы жерге дейін дұрыс жүреді. Одан әрі, әдеттегідей былығы бітпейтін «әләулай» басталады. Ешқашан таза өтпейтін тендер деген талапайға қаншама уақыт кетеді. Қыруар қаржы таразының басына түскен тендер дегенде тамыр-таныс, туыстар табыла қалады. Бағдарламаның басындағылар жобаны өзінің басқа бір танысының атына рәсімделген өз компаниясына беретін кездер де жиі кездеседі. Сөйтіп жүргенде, алтын уақыт босқа кетеді, жұмыс белгіленген мерзімде атқарылмай қалады. Оған айтар уәждері жеткілікті. Тендер уақытында өтпеді, ақша кеш түсті деген сияқты сыныққа айтар сылтаулары көбейіп кетеді. Нәтижесінде, осыншама жақсылықты күткен қарапайым халық қиналады. Оның сыртында жоспарлау жағы да ақсап жатыр. Өйткені, Үкімет басындағылар жергілікті жерлердің жағдайын жете білмейді. Жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын, оның жағдайын жақсарту үшін нақты не істеу керектігінен кеңседен шықпайтын шенеуніктер мүлдем бейхабар. Басқа салаларды былай қойып, бір ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін алайық. Сала басшысы Бердібек Сапарбаевтың журналистерге берген жауабына қарасақ, осыған дейін 570 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беріліп келсе, енді ол бірден 830 мыңға көтерілмекші. Сонда, жағдайы төмен 160 мыңнан аса отбасы қайдан сопаң етіп шыға келді, оны неге бұрындар байқамаған олар? Яғни, осы күнге дейін осыншама отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қағылып келген. Бұны да толық дерек деуге келмейді, өйткені, жағдайы төмен отбасыларды түгендеу енді ғана қолға алынды. Сондықтан, бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түсері анық. Елбасының «Нұр Отан» сьезінде берген тапсырмасынан кейін ғана Үкімет шұғыл іске кірісті.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасына да Астанада ата-аналары түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болып, үйде жалғыз қалған бес бірдей бүлдіршін өртеніп кеткен қайғылы оқиғадан кейінгі көпбалалы аналардың жанайқайы түрткі болғаны белгілі. Еліміздің бірнеше қаласында отбасының тұрмыстық жағдайы төмен аналар шерулерге шығып, оның ең көлемдісі елордада өтті. Аналармен жолығуға келген қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев 2-3 сағаттық кездесуден басын әзер алып шықты емес пе? Еліміздегі жағдайы төмен отбасыларды тұрақты түгендеп, оларға көрсетілер көмекті алдынала есептеп, жоспарлап, іске асыру Үкіметтің жұмысы емес пе? Бірақ ондай өз бетінше қарастырылып жатқан тұрақты қамқорлықты көріп отырған жоқпыз. Сондықтан, жоғарыдағылар төмендегі қарапайым халықтың жағдайын білмейді деп айтуға толық негіз бар, немесе білгісі келмейді.
Енді Елбасы берген осы тапсырмалар қалай орындалып жатыр соған тоқталайық. Ашығын айтсақ, елімізде сәуір айының алғашқы күнінен-ақ арнаулы жәрдемақы алу үшін жанталас басталып кетті. Дәлірек айтсақ – қып-қызыл жанжалға ұласты. Қалалық жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Біреулер мемлекеттік мекемеден қаржылай көмек алатын болып қуанып шықса, енді біреулер үйлеріне жылап кетіп жатыр. Бұл жерде жәрдемақының ешқандай кінәсі жоқ. Мәселе кімге беру, кімге бермеу керек деген сұрақтың өзінде болып тұр. Елбасының тапсырмасынан «Әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы берілсін» дегенді телеарнадан өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен естіген аналар мемлекеттік мекемелерге топ-тобымен ағыла бастады. «Негізі жоспар бойынша 2019 жылы 832 мың отбасына түрлі төлемдер қарастырылып отыр. Балаларға 20789 теңгеден төмен төленбейді. Атап өту керек, көпбалалы отбасы болсын, бір балалы отбасы болсын, егер мұқтаж болса сол жанұяларға төленеді», – деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпованың жалынды сөзі де үміттендірген-ді. Әрине, әрбір ана осы көмектен дәмелі. Олар да шенеуніктердің алдына жетіскенінен бармайды, араларында ерігіп жүрген миллионерлер жоқ. Бірақ, бәрінің бірдей жолдары болмасы белгілі болып отыр. Оған бірінші кезекте «күн көріс деңгейінің жетпіс пайызы» деген шектеу себеп екен. «Адам басына шаққандағы кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни, 20 789 теңгеден сәл ғана асып кетсе, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейді. Себебі, тәртіп сондай», – деген болатын бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өзі. «Мен не деймін, домбырам не дейді?» демекші, халық осыған түсіне алмай дал.
Соған қарамастан, еліміз бойынша жәрдемақыдан үміткерлер азаяр емес. Оған бір-екі мысал ғана келтірелік. Айталық, Ақтөбедегі әлеуметтік сала қызметкерлері келушілердің көптігінен жәрдемақыға құжат қабылдап үлгермей, түскі үзіліссіз он екі сағат бойы тапжылмастан жұмыс істеуде. Қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағанбетованың айтуынша қазір жеті пунктте қабылдау жүргізіліп жатыр. Жәрдемақыдан дәметіп келіп жатқан әйелдердің қарасы өте көп. Арасында құжат арқалаған ер азаматтар да бар. Жұрт жәрдемақы үшін таңның атысынан кезекке тұрып әлек. Қалада бір күн ішінде мыңнан астам адамның құжаты қабылданып, оның жартысына жуығын кері қайтарыпты. Оған алдында айтқан «жетпіс пайыздық» шектеу себеп болған. «Кішкентай екі балалы жалғызбасты анамын. Жәрдемақы үшін әкемнің зейнетақысын кіріс ретінде есептеп отыр. 21 мың теңге маған тиесілі емес дейді. Сонда қалай? Енді әкемнің үйінен кетіп, екі баламмен далада қаңғып жүруім керек пе?» – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әлия Есенәлиева. Жалғыз басты ананың арызы орынсыз деуге болмайды. Зейнеткер тамақ ішпесін, киім кимесін, ауырса дәрі-дәрмек сатып алмасын дегендері ме? Кішкентай немерелері аш отырса, атасы мен әжесінің тамағынан қалай ғана ас өтсін? Өзі өліп кетсе де, қолындағысын соларға береді. Осы заңды ұсынған министрлер мен оны бекіткен депутаттар не ойлады екен? Миллионға жуық айлық алатын министрлер мен депутаттар қарапайым халықтың жағдайын түсінбейтіні осыдан-ақ көрініп тұр. Ол үшін олардың өздерін 60-70 мың айлыққа отырғызу қажет.
Жәрдемақыға байланысты жанжалдың бірін КТК телеарнасы көрсетіп, көпшіліктің жағасын ұстатты. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда түрлі таңғажайып жағдайлар орын алып жатқан көрінеді. Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы көпбалалы аналардың айтуларынша, комиссия үйдің ішіндегі жиһазды да есепке алыпты. Тіпті кейбірінің үйіндегі кілемі мен теледидарын да қоса санаған. Енді бірінің баспанасыз жүргеніне көңіл аудармаған. Яғни, отбасының жағдайын анықтау мен табысты есептеуде өз қалауларынша еркіндікке жол берген. «Телевизор, шкаф, диван болса берілмейді дейді. Сонда біз екі кілемнің үстінде отыруымыз керек пе? Тіпті газ, су өткізілмеген болуы керек дейді. Ал Үкімет тек жалақыға қарап беріледі деді емес пе?» – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Алмагүл Мұратова. «Маған «Сен байсың» жәрдемақы неге керек дейді? Менің үйім жоқ. Мен енеммен бірге тұрамын. Күйеуімде машина бар. 1 жыл болды жұмысқа тұрды. 50 мың теңге жалақы алады, мен 10 500 теңге аламын. Соны 5 балаға жеткізе аламыз ба?» – деп шағымданды Ұзынағаш ауылының тағы бір тұрғыны Земфира Ақылбаева.
Оған қоса құжат қабылдайтын жердегі қызмет көрсететін мамандардың тым аздығына да тұрғындар тарапынан арыздар айтылуда. Қаржылай көмекті алуға өтініш бергеннен кейін, арнайы құрылған комиссия сол отбасынының жағдайын тексеріп, материалдық хаттама толтырылып, соның қорытындысына сәйкес жәрдемақы тағайындайды екен. Осы істі атқаруға тиісті екі маманның соңында жүз шақты адам жүргені де айтылып қалды. Жергілікті билік өкілдері телеарна журналистері алдында аналардың бұл шағымын жоққа шығаруға тырысып, ақталумен әлек.
Осыған ұқсас көріністі қазір кез келген қаладан, барлық елді мекендерден көруге болады. Мал-мүлкін, тіпті итіне дейін түгендеген шенеуніктер қарапайым тұрғындардың шамына тиіп жатыр. «Есептегіш болса біздегі толып жатқан долларлық миллионерлер мен миллиардерлердің мүліктерін тексермей ме? Қазақ жерінен тапқан пайдаларын шетелге жасырған ұрыларды қолдарынан ұстамай ма? Олардың сатып алған зәулім сарайлары, яхта, ұшақтарының бағасы ке зкелген қаланың жылдық бюджетін он орап алады. Сол ақшаны адал, өз маңдай терімен тауып па, әлде әкесі мұра етіп тастап кетіп пе? Шетелдік компанияларды қаптатқанша, өзіміздің кәсіпорындарды ашып, өз адамдарымызды лайықты жалақысы бар жұмыспен неге қамтымайды? Тұрақты жұмыс, жоғары жалақы болса біз бала-шағамызды үйде қараусыз қалдырып, мына жерде таң атқаннан күн батқанға дейін сенделіп жүрмес едік қой...», – деген реніштерін білдіріп жатқандар да бар.
Ия, аналардың жанайқайын жоққа шығаруға болмайды. Ізгі ниетпен, қамқорлық көңілмен басталған жәрдемақының жанжалға ұласуы жақсылықтың нышаны емес. Бәрі де сол жетіспеушіліктің, қарапайым халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігінен туындап жатқан мәселе. Олардың ешқайсысы миллиондарды сұрап жатқан жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарлары тұрақты қымбаттап жатқан мына заманда бала-шағасын жұрт қатарлы асырап, өсіруді армандайды. Бар болғаны – сол ғана. Саяси талап қойып, жоғары лауазымды қызмет сұрап, таққа таласып жатқан жоқ олар. Қойнауы қазба байлыққа толы ұлан-байтақ жерде тұрып жатқан қарапайым адамдар өз мұңын ел тізгінін ұстаған азаматтар мен өздері сенім артқан атқарушы билікке айтпағанда кімге айтады?..
qazaquni.kz