Ресейлік «Мульт» телеарнасы Қазақстан аумағында мемлекеттік тілде көрсетіледі
2019 ж. 12 сәуір
3321
0
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ресейлік «Мульт» телеарнасымен өзара келісімге қол жеткізді. Бұл келісімге сәйкес, телеарнаның өнімдері Қазақстан Республикасының аумағында, мемлекеттік тілде көрсетіле бастайды.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
- Биылғы жылдың сәуір айынан бастап, «Мульт» телеарнасының эфирінен заман талабына сай түсірілген танымал мультсериалдар және балалар анимациясының озық өнімдерін, біздің кішкентай көрермендеріміз қазақ тілінде тамашалай бастады. Алғашқы кезең болғандықтан, тәулігіне 3 сағат хабар таратылуда. Келешекте қазақ тілінде хабар тарату уақытын көбейтеміз деген жоспар бар, - деп жазды министр.
Оның сөзінше, қазір «Қағаздар» (Бумажки) және «Сүйкімді қонжықтар» (Ми-мишки) атты мультсериалдардың дубляжы толық аяқталды. Осы екі өнім «Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» арнасының көрермендеріне де көрсетіліп жатыр.
«Мульт» телеарнасы «Сказочный патруль», «Лео мен Тиг», «Четверо в кубе» және тағы басқа белгілі анимациялық сериалдарды біздің аудиторияға бейімдеуді жоспарлап отыр. Осылайша бүлдіршіндеріміз сүйікті мультфильмдерін мемлекеттік тілде тамашалайды.