САПАСЫЗ ҚЫЗМЕТ ҮШІН ҚАРЖЫ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Ақтөбе облысында медициналық емдеу мекемелері науқастарға тегін дәрі-дәрмекті уақытылы бермегені және медициналық құжаттарды дұрыс толтырмағаны анықталды. Жыл басынан бері күндізгі және толық стационарда көрсетілген 4,4 мыңнан аса емдеу деректері тексерілді. Соның ішінде 38 пайызында кемшілік анықталды. Нәти­жесінде, ақтөбелік меди­циналық ұйымдардан 49,5 млн. теңге кері қайтарылған. «Мониторинг мамандары амбу­латорлық-емханалық көмек пен консультациялық-диаг­ностикалық көмек ұсынатын 44 медициналық ұйымға барып, тексеріс жүргізді. Сонда 1,9 млн. теңгеге кемшіліктер анықталды. Яғни, науқастарға толық көлемде ем көрсетпеген, тегін дәрі-дәрмектерді уақытылы бермеген, медициналық құжат­таманы сапасыз толтырған. Ем алушылардың шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 3 млн. теңгеге кемшіліктер анықталды», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Гүлмира Қожа­ниязова. 2019 жылы халыққа тегін ем көрсету үшін Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарына 39,1 млрд. теңге бөлінген екен. Биыл бөлінген қаржы 4,5 пайызға көп.

qazaquni.kz