КӨРЕГЕНДІКТІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП КӨРКЕМ КӨРІНІСІ
2019 ж. 30 наурыз
2370
0
О, Жасаған Ием-ай!
Бүгін біреуге бір жақсылық
жасай алмадым.
Бір күнгі өмірім босқа өлді
Рим императоры әулие
Тит Флавий
Сымбаты бөлек сырын, құпиясы көп қырын екінің бірі ұға бермейтін ұлылық – тіреусіз Аспан жасаған, көк күмбездей төңкерілген зеңгір көкке Ай мен Күн орнатып, оны алтын шеге – сансыз жұлдыздармен бекіткен, қасиетті қаражерді – Жер-Ананы жаратқан құдіреті күшті, мейірім, шапағаты мол аса қайырымды Алла Тағала Қазақстанға нұрын төгіп, қазақты маңдайынан сүйіп тұр! Соның жарқын көрінісі – Қазақстанда биліктің бейбіт жолмен ауысуы! Ең жоғары биліктегі өзгеріс күрмеуі қатты өте күрделі іс, кей жағдайларда елді екіге жарып, драмалық, тіпті трагедиялық халге жететін кездері болғанына кәрі тарих куә.
Ел тізгінінің Нұрсұлтан сынды данадан Тоқаев сынды кемел ойлы кемеңгердің қолына тигені – баға жетпес бақыт!
Ұлт бағына туған ұлы тұлға, Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтатуы – көрегендіктің әлем таңқалған көркем көрінісі. Мұндай тарихи ерлік елін сүйген, ерік-жігері күшті, кемел ойлы кемеңгердің ғана қолынан келетін ерлік! Нұрсұлтан сондай кемеңгер, Нұрсұлтан сондай ер!
Өзің ойлаған құлқынның құлы, халқын ойлаған ұлы. Нұрсұлтанның ұлылығы ол жүріп өткен жолдан – айқын аңғарылып, анық көрініп тұр. Теміртаудың от-жалынында шыныққан, халқының арман, мүддесін шын ұққан ол кеңес үкіметінің қирап қалған қирандысында әлем таныған, мойындаған жаңа мемлекет орнатты. Саяси жүйесі қалыптасқан, экономикасы тұрақты дамып келе жатқан мемлекетті басқару да оңай емес. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекетті жетілдіру – қиынның қиыны. Тақыр жерге тау тұрғызғандай, инемен құдық қазғандай ересен ерлік жұмыс жасады Нұрсұлтан! Халық жәрдемақы, зейнетақы, еңбекақы ала алмай, ел еңсесі түскен кезде, Қарағандыда шахтерлер көшеге шыққан шақта Нұрсұлтан кейбір президенттер құсап жылы кабинетте бүгіліп, үгіліп отырған жоқ. Қарағандыға – шахтерлерге барды. Барғанда ащы да болса да шындықты ашып айтты. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық деп оңай уәде берген жоқ. Бірлік болса, тірлік болатынын, қиындықты бірлесіп жеңу керектігін қадап айтты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан «Болашақ», «Мәдени мұра» бағдарламаларын жасап, жүзеге асырды.
Нұрсұлтанның ел білетін, дүниежүзі мойындаған көрегендігі мен ерлікке тең ерен еңбегін тізбелеп, уақыт алмай-ақ қоялық. Бір нәрсе айдан анық, Шыңғыс Айтматовтың: «Нұрсұлтан – халықтың бағы» деген бағасымен түйіндейік сөзімізді.
Өз тарапымнан айтарым: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы сөз болғанда менің ойыма Бұхар жыраудың: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай» деп Абылай ханға айтқаны және Мари Франсуа Вольтердің: «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» деген сөзі оралады. Осы сөздер Нұрсұлтанға арнап айтылғандай!
«Ел тізгінін Нұрсұлтан сынды данадан Тоқаев сынды кемел ойлы кемеңгердің қолына тигені – баға жетпес бақыт!» – деген сөзді текке айтып отырған жоқпыз. Оның терең мәнін таратып айтсақ – Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев – уақыттан озып тұрған ақылы, саясаттың ақыны, адамзаттың жақыны! Ол әлемдік деңгейдегі аса көрнекті саясаткер, аса көрнекті мемлекет қайраткері.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жайлы сөз болғанда менің ойыма Эпикеттің: «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген сөзі оралады. Осы сөз Тоқаевтың бүкіл болмысын, бекзат бейнесін айқын ашып тұр.
Қазақстанда биліктің бейбіт жолмен ауысуы – көрегендіктің әлем таңқалған таңғажайып көркем көрінісі!
Бұл – бүкіләлем үйренер ең озық үлгі.
Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы 22.03.2019