Павлодарлық дәрігердің науқасқа айтқаны: "Сізге денсаулық керек пе, қазақ тілі керек пе?"
2019 ж. 28 наурыз
3412
2
Павлодардағы №1 қалалық аурухананың дәрігерлері қазақ тіліне пысқырып та қарамайды, - дейді тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі. Ол кісінің айтуынша, №1 аурухананың науқастарды қабылдап алатын орта медициналық персоналдарына орысша сөйлемесең, ауырғаны былай тұрсын, өліп кетсең де назар аудармауы ғажап емес дейді.
Бұл туралы abai.kz хабарлады.Руза ханым 6 ай бұрын денсаулық жағдайына байланысты жедел жәрдеммен осы ауруханаға түскен. Айтуынша, келген беттен мейірбикелер орыс тілінде қызмет көрсеткен. Тіпті, олар келіп түскен науқастардан да орыс тілін талап ететін көрінеді. Ал, қазақтілділерге қысым жасап, орысша сөйлемесе, дөрекілік танытады екен. Ол осы мәселе бойынша, аурухананың басшылығына шағымданған.
Ал, жуырда тағы сол ауруханаға түскен. Онда да қабылдау бөлімі, киім ілетін жерде отырған қызметкерлер, дәрігерлер “говорите на русском языке, я не понимаю что вы говорите” деп науқастың құқығын аяққа таптаған. Қазақ тілін талап еткен науқасқа “Біз сізді қабылдап қызмет көрсетіп жатырмыз. Ал, сізге денсаулық керек пе, қазақ тілі керек пе?” деп мысқылмен жауап берді дейді қоғам белсендісі.
Осыдан соң Руза ханым облыстық басқарма басшыларына, министрлікке хабарласқан. Алайда, облыстық басқарма басшысы Ораз Мұқашев «Орыстілділерді ренжітуге болмайды» деп жауап беріпті. Ал, аурухананың бас дәрігері Смаков Советхан мырза: “Бізге енді не қыл дейсіз? Барлық жерде солай. Біздің қызметіміз тек қана денсаулығыңызды қарау. Қандай тілде қызмет көрсететініміз маңызды емес” деген уәж айтыпты.
Сондай-ақ, қаладағы жедел жәрдем мен дәріханалар да тек орыс тілінде сөйлейді.Тек кей кезде ғана талап етсең қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Аурухана палаталарындағы опертивтік ақпарат тек қана Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде. Типографиядан басылған аурулардың бейджиктері, науқастарға дәрі беретін қалташаларының сыртындағы ақпарат, кереуеттерге ілінетін науқас туралы ақпарат та тек Ресейдің мемлекеттік тілінде. Дәрігерлердің күнделікті тексерісі (обход) де орыс тілінде, тек талап етсең ғана қазақша сөйлейді. Медперсоналдардың 90% қазақ бола тұра, бір-бірімен тексерістегі қарым-қатынасы тек орыс тілінде.Тіпті, денсаулық сақтау министрлігі де ресей тілінде жауап береді дейді ол.
Руза Бейсенбайтегі, тіл жанашыры:
- Тәуелсіздік алған 27 жылда орта дәрежелі медициналық персоналға жұмыс орындарында күнделікті қолданатын қарапайым 20-50 сөзді үйретуге 100 пайыз болушы еді. Орыс тілін мемлекеттік тілдің орнына, не одан да жоғары қою бұл қандай масқара! Бұл жағдай басқа қай мемлекетте бар? Сонымен, денсаулық саласының басшылары әлі күнге кеңес заманының идеологиясымен өмір сүріп отыр. Ұлттық код, рухани жаңғыру дегендер қайда қалды? Бұл лауазымды адамдардың мемлекетшілдігі қайда?! Бір сөзбен айтқанда, Кереку өңірі Денсаулық сақтау мекемелерінде мемлекеттік тілге ашықтан-ашық дискриминация жасап отыр. 2010 жылғы тұтынушылар туралы заң баптары негізінде барлық мекемелерде қызмет көрсету, ауызша, жазбаша, бейне-аудио ақпараттар бірінші мемлекеттік тілде болуы міндеттелген.
Меніңше, әр басшы өз қызметкерлерінен мемлекет құндылықтарды құрметтеуді талап етіп, ел босағасының берік қалыптасуына атсалысуы, тілге, тұтынушыларға қатысты нормаларды тым болмаса айына бір рет насихаттап, Қазақстан Республикасында этносына қарамай "мемлекет тіл - әр азаматтың тілі" деген қағиданы берік ұстануы керек.
Қорыта айтқанда, Руза Бейсенбайтегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзадан, Кереку өңірінің денсаулық сақтау мекемелерінің барлық қызметін міндетті түрде бірінші Мемлекет тілінде көрсетілуін талап етеді.
Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы жарақат бөлімшелерінде қызмет істейтін орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын екі есе көбейтуді сұрайды. Ол кісінің айтуынша, мед.қызметкерлер онда өздігінен жүріп тұра алмайтын төсек тартқан адамдарды кереуеттен көтеріп, дәретке отырғызады. Ал, ол бөлімшелерде көпшілігі өздігімен жүріп, тұра алмайтын, салмағы ауыр еркек азаматтар екен. "Осы ауруларды көтеретін жас қыздар мен келіншіктер әртүрлі ауруға шалдығатыны түсінікті. Тіпті, кейбір жүкті әйелдер түсік тастауы мүмкін. Ал, осындай ауыр жұмыс істей жүріп ол қызметкерлердің жалақысы 40-50 мыңнан аспайды. Жұмыс барысында денсаулыққа келген зиянды осындай аз көлемді жалақымен емдеу мүмкін бе?" дейді ол.
Сондықтан қоғам белсендісі Біртанов мырзаның адамгершілік танытып, нақты осы персоналдардың жалақысын екі есе көтеруді сұрайды.