Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылын өзгертуге 1 сағат жеткілікті болды
2019 ж. 26 наурыз
3555
1
Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік даңғылын өзгертуге небары 1 сағаттан астам уақыт жеткілікті болды, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.
Наурыздың 20-күні сағат 16:00-де қалалық мәслихат депутаттары шұғыл жиналысқа шақырылып, көше атауын өзгертуді талқыға салды.
Депутаттар Тәуелсіздік көшесіне Назарбаев есімін беруді бір ауыздан қолдады. Жалпы, yk-news.kz сайтының жазуынша, жиын небары 1 сағаттан астам уақытқа ғана созылды.
Енді ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияға жіберілді.
Әлеуметтік желіде Тәуелсіздік даңғылының өзгеруіне көптеген белгілі азаматтар, қала тұрғындары қарсылық танытуда.
— Республикалық ономастикалық комиссия Талдықорған, Өскемен және Павлодар қалаларындағы Тәуелсіздік көшелерінің ауысуына қатысты оң шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Әлі де кеш емес шығар. Мәселен, Өскемендегі ең ұзын көшелердің бірі Бажов немесе орталықтағы көше Қазақстанға Елбасы атын беруге көпшіліктің қарсы болмайтыны анық, — деп жазды журналист Азамат Қасым.
Белгілі павлодарлық ақын Арман Қани да Тәуелсіздік көшесінің өзгеруіне қарсы шықты.
— Басқаны ауыстырсақ та Тәуелсіздікке тиіспеуіміз керек! Бұл атау Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін өте қажетті саяси, идеологиялық мәні аса зор атау!!! Тәуелсіздіктен айрылсақ — барлығынан: мемлекеттілігімізден де, жерімізден де, тіліміз бен дінімізден де, салт-дәстүріміз бен ділімізден де айрылатынымызды кейінгі буынға ұғындырып, оларды Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға тәрбиелеу үшін Тәуелсіздік атауын барынша қадірлеуге тиіспіз!!! — деп пікір білдірді Қани.
Өскемендегі «Алдаспан» газетінің тілшісі Нәзерке Сләмбекқызы болса, бұл шешімді тіпті «абсурд» деп атады.
— Мен де қарсымын. Әзер жеткенде енді халық үйренгенде бұл абсурд шешім болды. Тәуменді тәуелсіздігімізді, туымызды, рухымызды жыққандай күйде болдық. Басқа атауда болса, бәлкім бүйтпес едік. Бажов болмаса, Қазақстанды иемденсін. Бірақ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ ТИІСПЕСІН! — деп жазды ол.