Бақытбек Смағұл: Бейнет шегіп, өзі тұрғызған қаланың атауын Елбасыға қимау – қиянат
2019 ж. 25 наурыз
8681
2
Қазіргі астанамыз тұрған, Ақорда қонған жер үшін қазақ тарихында кем дегенде үш рет ірі күрес жүріпті.
Оның біріншісінде, 17-ші ғасырдың соңынан 18-ші ғасырдың басына дейінгі заманда жоңғар шапқыншылары Сарыарқаны да ен жайлап, Есіл жағалауына өз қоныстарын орналастырады. Ол жайында қытай жылнамаларында, император Канси тұсындағы Цин әулетінің «Жоңғар хандығы» туралы құжаттарында дерек бар. Бірақ ұлық хандарымыз бен рухты батырларымыздың бас біріктіруі арқасында жоңғарлар ұлтымыздың бұл киелі мекенінде ұзақ тұрақтап тұра алмады. Кейін хан Абылайдың арқасында қазақ қолы жоңғар басқыншыларын өз жерімізден түре қуып, Сарыарқаны қайтарып алды.
Екінші ұлы күреске тоқталсақ, Ресей империясы Қазақ елін өзінің әкімшілік-саяси басқару жүйесіне түпкілікті кіріктіру мақсатында 19-шы ғасырдың 20-жылдары жарғылар қабылдап, жерімізді әкімшілік бөлудің жаңа үлгісін енгізді. Осы мақсатта қазақ елінің орталығы болғандықтан, өте ұтымды стратегиялық орын саналатын Қараөткел аймағындағы Есіл өзенінің оң жағалауына «Ақмола бекінісін» салады. Ал 1838 жылғы мамыр мен тамыз айлары аралығында Кенесары бастаған қазақ азаттығы үшін күресушілер патшалық әскерді талқандап, Ақмола бекінісіне қарсы қиян-кескі шабуыл жүргізді. Осылайша, отаршылардың меселін толық қайтармағанымен, оларды аяғын аңдап басуға мәжбүр етті. Сонда жаумен арпалысып, шейіт болған 250 батырымыз қаламыздың ескі орталығындағы Кравцов көшесі бойындағы «Қараөткел» мұсылман зиратында жерленген.
Үшінші ірі күрес кеңес кезінде орын алды. Кеңес өкіметі 1979 жылдың мамырында құрамына Целиноград кіретін, тұтас бір мемлекет жеріне бара-бар 46 мың шаршы шақырымдық алып аумаққа созылып жататын «Неміс автономиясын» құру туралы шешім қабылдады. Алайда бұған қазақтар да және оларға ерген жергілікті немістер де қуатты түрде қарсылық білдіріп, тоталитарлық режимнің бетін қайтарды.
1961 жылы Целиноград, Целинный край атанып, қазақы тамыры солып, қазақ елімен байланысын түпкілікті үзе жаздаған осы жерде Елбасымыздың арқасында жаңа астанамыз бой көтергені мәлім. Содан бері Сарыарқа жерінде бұрын құйтымдай да саңылау таба алмай, сансыраған ұлттық діл, рухани қайнар енді кең арна тауып,
саулап құйылды. Содан бері елордадан ұлттық жаңғырудың мейірімді шуағы бүкіл елге молынан төгілуде.
Қадірлі ағайын! ХХІ ғасырда Сарыарқа үшін, бас қаламыз орныққан осынау қасиетті жер үшін жаңа шайқас, ұлы күрес болмайды. Қазір халқымыз Қазақстанның жүрегіне айналған бұл мекеннен айырылып қаламын деп қорықпайды.
Неге?
Өйткені Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде, Қазақстан Кеңес одағынан кейінгі кеңістіктегі барлық елдер арасында Ресеймен де, Қытаймен де, өзге көршілерімен де ортақ бәтуаға келіп, шекарасын шегендеп, түпкілікті заңдастырып алған жалғыз мемлекет болып табылады.
Ата-бабамыз қанын төгіп, жанын беріп, тойтарған сыртқы жау жоқ. Ендеше біз, қазақстандықтар, ең алдымен, қазақтар, дәл қазір екіге жарылып, бір-бірімізді қарсылас көріп, жақ-жақ болып тайталаспауымыз керек.
Қала атауын өзгерту үшін ғана қазақтар өзара қырғи қабақ болып, қарсыласса, мұны ертең болашақ ұрпақ түсінбейді. Текке досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық!
Астанамызға Нұр-Сұлтан аты лайық! (Нұр деп барып, секундтық үзілістен кейін Сұлтан деп оқу, Нұрсұлтан деп қатар, жылдам оқымау)
Елбасының ерен еңбегі болмаса, осынау заманауи жаңа мегаполис те болмас еді. Оның орнында жатаған үйлері жерге сіңіп бара жатқан кеңестік қалашық қана жататын. Демек, әлемді шарлап, әр елден демеушілер мен инвесторлар тартып, құрылысын күндіз-түні қадағалап, бейнет шегіп, өзі тұрғызған қаланың атауын Елбасыға қимау – қиянат.
Байырғы шешендік сөздің қалыбына салсақ,
Бір ел бар,
Ол елдің кең сарайдай заңғар үйлері болады,
Сөзге тоқтайтын байсалды ері болады.
Енді бір ел бар,
Шошырайған үйі болады.
Шолтаңдаған ері болады.
Байсалды елдің ақылы қазынаға апарады.
Ақылы кем ел ұрпағын азынатады.
Біз соның қайсысына жатамыз?
Біз қазір тұтас елдің тағдырын шешіп отырған жоқпыз, ел тағдыры Тұңғыш Президентіміздің көшбасшылығымен Қазақстан Тәуелсіздік алғанда-ақ шешілген.
Біз бүгін халық болып ердің құнын қаншалықты бағалай білетінімізді анықтағалы отырмыз.
Астанамызға Нұр-Сұлтан атын беру арқылы біз Киелі тарихтың өзі сыйлаған Ұлт көшбасшысын, Ұлы даламыздың ерен туған өренін
сыйлай білетін, ардақты атын аялай білетін қайырымды халық, ұлағатты ұлт екенімізді бүкіл әлемге паш етеміз.
Болашақ ұрпақты да Елбасы үлгісінде тарихи тұлға, жаһан мойындайтын лидер болуға баулимыз. Ондай ірі тұлға болса, халқы ол ұланының ұлық есімін еш әбес сөзге бармай, қадір тұтатынын, мәңгілік есте қалдыратынын паш етеміз.
Астананың Астана аталуы да кезінде құлаққа оғаш естілгенін білеміз. «Нұр-Сұлтан» атауы қазір тосын көрінгенімен, сынала, сырлана келе, әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, ақыры көптің көкейіне қонақтары сөзсіз.
Сонымен бірге, қазақ тілінде астана сөзі қалатынын да ұмытпаған жөн, олай болса, «жан-жүрегім астана», «қазақ елінің астанасы», «астаналықтар» сөздері синоним ретінде ары қарай да қолданыста жүре береді. Астана сөзінің орыс тілінде жойылатынына қамыққандарға: «Мемлекеттік тілді үйреніңіздер! Сонда астана сөзін ауызекі тілде ары қарай да пайдалана бересіздер!» деген жөн.
Құрметті қатысушылар!
Өз сөзімде мен елді алаңдатқан бір мәселеге назар аударта кеткім келеді.
Кейбір өңірлердің асығыстыққа салынып, тарих төрінен орын алған хандарымыз, төбе билеріміз, ұлы ақынымыз атымен аталған, тіпті тәу етер киелеріміздің бірі – Тәуелсіздік ұғымы ұлықталған облыстар орталығындағы басты көшелер мен даңғылдардың атауын асығыс өзгертуі жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызады. Бұл абырой әперетін іс емес.
Жарастығымызды жарамсақтықпен бұзбайық!
Менің ұсынысым: бұрыннан ел ұлықтаған аттары бар ескі көшелерге жаудай тие бермей, әр облыс орталығында заманауи стильдегі орталық көше не даңғылды жаңадан жобалап және тұрғызып, соған Елбасының атын берген жөн. Әр облыс орталығындағы жасыл технологияларға құрылған, қазіргі әлемдегі қала салудың ең озық тәжірибелері ендірілген дәл осы жаңа даңғылдар өзге көне көшелерге жаңғырудың үлгісін көрсетіп, оларды жаңа деңгейлерге жетелейтін болады.
Сөз түйінінде айтарым, бұған дейін Астана атауымен өркен жайған бұл қала енді «Нұр-Сұлтан» атауымен жаңа дәуірге сай жаңаша мазмұн, жарасымды түр тауып, жаңғырады деген сенімдемін. Әрі бұл қала алда жаһандық деңгейдегі ұлы тұлғамыз – Елбасы атына лайық әлемдік мегаполиске айналады деген үміт бар.
Бақытбек Смағұл,
Мәжіліс депутаты,
«Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы