Парламент Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы құжатты қабылдады
2019 ж. 20 наурыз
2651
0
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Астананың атауын Нұрсұлтан қаласына өзгерту туралы Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына «ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. «ҚР Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата Заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін Республикалық референдум өткізу жөнінде ҚР Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша Конституциялық Кеңес өзінің оң қорытындысын да берді», - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бірлескен отырыс барысындағы талқылаудан кейін депутаттар бірауыздан Астананың атауын Нұрсұлтан қаласына өзгерту туралы шешімді қабылдады.
"Сонымен, тарихи шешім қабылданды", - деді Нұрлан Нығматулин. «Қазақстан халқы кешеден бері үлкен саяси тарихи оқиғаның куәсі болып отыр. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз дәуірінің реформаторы, ұлы тұлғалардың бірі болып қала беретіні сөзсіз. Елбасымыз бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап қана қойған жоқ, сонымен бірге, Астана қаласының архитекторы... Сондықтан, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі айтқан Елбасымыздың есімін мәңгіге есте қалдыру қажет деп санау, астанамызға еліміздің Тұңғыш Президентінің аты беріліп, «Нұрсұлтан» деп атау ұсынысын қолдаймын және Парламенттегі әріптестерімді қолдауға шақырамын», - деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс жасады.