Жамбыл облысында 129 адам қызылша ауруын жұқтырған
2019 ж. 13 наурыз
2286
0
Жамбыл облысында қызылша ауруы белең алып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыста соңғы бір айдың ішінде бұл дертті жұқтырғандардың саны үш есеге көбейіп кеткен. Мәселен, өткен айда облыс бойынша осы ауруға 40 адам шалдықса, қазір бұл көрсеткіш 129-ға жетті. Олардың 100-ге жуығы бала болса, оның 50 шақтысы әлі бір жасқа толмаған нәрестелер екен. Қазір эпидемияға қарсы шаралар қарқын алып, тәулік сайын мониторинг жасалып жатыр. Мамандардардың айтуынша, ауырғандардың дені екпе алудан бас тартқандар мен вакцина алу жасына жетпеген балалар.
«Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы вакцина. Қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті. Қоймада қазіргі таңда 7900 доза вакцина бар. Енді тұрғындарға айтатынымыз, вакцинадан және басқа да ауруларға вакцина алудан бас тартуға болмайды»,-дейді облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов.
Айта кетейік, бүгінге дейін екпе алғаны туралы ешбір мәлімет жоқ 691 адамға екпе жасалған. Сондай-ақ, жыл басында 1 жасқа дейінгі және 6 жастағы 3 мыңға тарта балаға қызылшаға қарсы екпе салынған.