Сыртқы саясатта мемлекет қалғып отырған жоқ - Сағаділдә Үсібәлі
2019 ж. 12 наурыз
4239
3
Тәуелсіздікке қол жеткен кезде мемлекеттің 3/1 ғана болған Қазақ ұлты ақырындап 70% ке жетіп қалды. Бұл үлкен жеңіс. Қазақ ұлтшылдары бас көтеріп, барлық келеңсіздікке қарсы тұра бастады. Шетелдіктерге қыз бергіш «жеңгетай» фирманы жаптырып , қытайға тиген қыздардың тойларын жасатпай тастауға шейін жетті. Желтоқсан оқиғасында Қазақтарды күрекпен ұрғанын айтып мақтанған орысты ұлтшыл азаматтардың қалай қалтыратқанын өздеріңіз көрдіңіздер. Әлеуметтік желі түгілі баспасөз беттерінде ұлтымызды басына сөйлейтін шовинистер ауыздарын бағып сөйлейтін болған. «Қазақ енді ел бола алмайды» деп сәуегейсіген жаулар құлап бара жатып тосын әдіске көшті. Тосын болғанымен ескі әдіс. Ұлтшыл азаматтар арасына іріткі түсті. Тіпті бір-бірінің жағасынан алуға бар. Бетке ұстарларымызда үн жоқ.
Ел жайын, ұлт күйін қалт жібермейтін ағамыз араласып еді қарғап-сілеп шыға келді біреулер. Мұхтар Шаханов ағамыздың ұлт үшін жасаған еңбегі ерен. Ұлттың тілі мен мәртебесіне қосқан үлесі жетерлік. Енді бүгін біреуді ұлықтау үшін Мұхтар ағамызды былш еткізіп лақтыра салыпты. Онысы кітаптың ортасынынан жыртып алған парақтартай бас аяғы белгісіз жан. Өткен шағы беймәлім. Аз ғана мәлім болған тұстарынан жақсы нәрсе көрмедік. Бірақ, бір қараған адамға ісі дұрыс секілді. Ұрандары ұлтым деген жанды бейжай қалдыра қоймайды. Қытайдағы қандас жағдайы кімді болса да алаңдатпай отырған жоқ әрине. Аз уақытта әр сөзін ұранға, жазғанын құранға айналдыратын топ жинаған. Бұрыннан бәрімізге белгілі Мұхтар ағамызды жерге ұра салып өздеріне көсем жасап алған топқа қалай сенуге болады? Ертең олар кімнен көсем жасап, кімге ілесіп кететінін ит білсін. Көсемін көтереміз деп ақсақалымызды жерге ұрғаны тіпті масқара!
Олжас ағамыз айтқандай «өз даласын биіктету үшін өзгенің тауын аласарту» шарт па? «Ойбай, қытай қырып жатыр!» дейді. Мені таң қылған нәрсе сол патриоттардың(?) осы күнге шейін қытайда не болып жатқанынан бейхабар болғандығы. Серікжан айтқан соң ғана біле бастапты. Арасында ол жақтағы қазақтарды «қашып барған» деп орыс сіңірген өтіріктен шыға алмай жүргендер де бар. Айналайындар-ау еліміз егемен болған кезде алғаш келгендер кімдер еді? Қазақстанның экономикалық жағдайы құлдырап құлап, Қытайдың экономикасы қарыштап дамып келе жатқанына қарамастан келді ғой. Лауазымды да жоғары жалақылы қызметтерін тастай келді. Ол кезде Қытайдағы ұлттық мектептер мен ақпарат құралдары тек қазақ тілінде болған-тұғын. Алғашқы лек оған да қарамады. Ол кезде мұндағы басымдық танытып тұрған орыс тіліне де пысқырған жоқ. Орыс тілінің аясын тарылтуға ұлтшыл азаматтармен тізе қосып күш салды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында осы Қытай мен Моңғолиядан келген оралмандар жалтақ биліктің тіліне тиек болғанын да жасыруға болмас. «Алдыма мал, басыма үй салып бер» деп кергімеді де. Кейбір тегі күмәнді мисыздар секілді жергілікті жұрттың тегін құлдан, өз тегін нұрдан таратуға тырыспады. Онымен қоймай отарлау заманында тарих пен өнерден жоғалтқан жоғымызды түгендей келді. Білім, өнер, бизнес салаларын дамытуға кәдімгідей үлестерін қосты. Ал енді кеше келген Серікжан, алғашқы лекпен келген азаматтарды сатқынға айналдырып жатыр. Зер салып қарасаңыздар негізгі нысанасы солар. Сосын... М. Шаханов сынды ел ағалары. Тактикасы керемет. Алдымен қытайдың жұмсақ саясаты туралы аудио таратумен болды. Оны бәріміз қолдадық. Одан кейін «жебеуліктерге» тұспалдап тиісе бастады. Асқына келе жалпы қытайдан келген қандастардың бүкіл бас көтерер азаматтарын ашық қаралауға көшті. Жәй қаралау емес. «Қытай жансыздары» деген өте ауыр үкім шығарды. Дәлел-дәйегі қытай елшілігіндегі «жаңа жыл» мерекесінде, Қытай мемлекетіндегі ресми сапарларда түскен фотолар. Қытайдың сыртқы барлау агенттігінің құпия мұрағатынан алынған фото болса бір жөн. Еш құпиялығы жоқ, жалпы жарияланымдағы фотолар. Қандай мемлекет өз агенттерін ашық жариялайды? Осы сұрақты өзіне қойып көрген жан бар ма? Қандай болмасын сырттан кірген жансыз, өзі қызмет ететін елінің жария болған былығын жамандай келеді. Сақ елін жаулауға келген Дарий патшаның алдынан Шырақ батыр өзін аямай жарақаттап шыққанын білеміз. Бұл деректі тарих атасы Геродот жазып қалдырған. Парсы патшасына Сақ елінен көрген қорлығын айтып сеніміне кіреді. «Төте жолмен Сақтардың төбесінен түсіремін» деп бетпақдаланың қақ ортасына апарып, жасанған жауды жалғыз өзі шөлмен қырып салған. Жансыздар әр түрлі жұмыс атқарады. Фильмдер арқылы білетін агенттер құпия құжаттар ұрлау мен құпия мәліметтер берумен айналысса, бұның мақсаты басқалау сияқты. Бір мақсатын өткен жолы айтқанмын. Тағы бір мақсаты елді іріту. Оралмандар арасындағы топтарда абақ керейлер мен қызайларды шағыстырып, қызайларға албандарды қарсы қойып ылаң салып жатқанынан көпшілік тіпті бейхабар. Ұлтжанды азаматтар арасы не боп жатқанын әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер. Серікжан шахмат ойынындағы әдісті қолданып жүр. Алдын ала жүрістерді керемет даярлап қойған. Тіпті болашақта өзіне тағылатын айыптарды да өз аузынан өзгелерге айтып тастады. «Жебеуліктерге» тиісті орынға шағым жаздырған мәжбүрлік. Мынадай жалаға төзу мүмкін бе?! Мұхтар аға бастаған топ «бұл іспен тиісті орындар айналыссын» деп үндеу жариялады. Тағы қайталап айтам, Мұхтар аға «атажұрт жабылсын» деген жоқ! «Мемлекет айналыссын» деді. Бұл ойынды сезіп қалған біраз азаматтар әлеуметтік желіде қарсылықтарын білдіргені сол еді, Серікжанның көздегені де осы екен. «Ойбай, аяқтан шалды», «үстімнен арыз жазды», «қытай концлагеріндегі қандастарды құтқаруға кедергі жасады» деп байбаламға басты. Ары қарай атын шығару үшін өртерге жер таба алмай отырғандар іле жөнелді. Мұхтар ағаға өздерінің ішкі дүниесіндегі барын төгіп жатыр. Тек лас сөздер. Көбісі үндеудің мәтінін емес, тақырыбын ғана оқығаны көрініп тұр. Серікжан болса ұлт үшін жапа шеккен «құрбандық» ролін керемет сомдауда. Әр түрлі фейк аккаунтармен өзін-өзі асқақтатып мақтап қоюды ұмытқан емес. Күнде видео жариялайды. Туыстары лагерге түсіп, құтқарар үміт берген жанның құлы боп кетуге әзір байқұстар қағаз ұстап алдында тұр. Алла жар болсын оларға. «Қолдарың талды, қағазды түсіре тұр» деп оларды аяйтын бұл жоқ. Тоқтаусыз сөйлеп желдей есуде. Біресе жылайды, біресе «танкімін» деп лепіреді. Мұхаңа қарата айтқан лас сөздеріне кейбіреулер «бұқаның ісіне сүйсінген өгіздей» тәнті болып жатыр. Актерлік шеберлігі керемет. Үлкен даярлықтан өткені көрініп тұр. Көп адамдарды «солтүстік түрмелеріне жабамын» деп тағы бөсті. Билік берсең аяйын деп тұрған жоқ. Суға кеткен бір адамды құтқарамын деп, кемедегі мың адамды өлтіріп алсаң әрекетіңнен не пайда? Әскери кемеде мынадай заң бар. Кеменің өрт шыққан ия тесіліп су кірген каютасының сыртқы есігін ашпайды. Ішінде қалғандар өз күшімен өртті сөндіріп ия тесікті бітеу керек. Есік сосын ғана ашылады. Сондықтан бір кемеге егіздер алынбайды. Сыңары ішінде қалса есікті ашып жіберіп, өрт кемеге жайылып кетуі мүмкін. Сіздер Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құзырлы орындар қарап отыр деп ойласаңыздар қатты қателесесіздер. Қытайдан қандастар келуі бір кездерде толастай бастады. Оның бірнеше себептері бар еді. Бір себебі мынада. Қазақстанның біраз жерлеріне, ол жерді қытайлардың атамекені екенін дәлелдейтін артефактілер көміп жүрген тыңшылар ұсталған. Ақырындап тыңшылар кіре бастағаны шындық. Сосын біздің сыртқы барлау тарапынан тексеріс талаптарын күшейтті. Қазақтың көбеюіне қарсы күштер осыны сәтті пайдаланып барынша тосқауыл қойды. Әр салаға «инвестор» боламыз деп қытайлар қаптағанын да көрдік. Мемлекет оларды қатаң бақылауда ұстады. Яғни олардың ақшасын қабылдатпай тастады. Сыртқы саясатта билік қалғып отырған жоқ. Қазіргі кезде бізге керегі ынтымағымызды сақтау. Ақсақалдарымызды қадірлеп, ағаны сыйлайық. Жал, құйрығы қаба деп Жабыдан айғыр салмаңыз Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас. Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас – деген Ақтамберді бабамыздың сөзін жадымызда ұстасақ. Әлдеқалай күн туа қалса ақылын алар ақсақал, алдыға салар аға таппай қалмайық.
Сағаділдә Үсібәлі,
Фейсбук парақшасынан