Абзал Құспан: Сайрагүлді соңына дейін қорғаймын деп едім, бірақ мен ойыншық емеспін
2019 ж. 18 ақпан
4619
0
Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай күні кеше Абзал Құспанның адвокаттағынан бас тартатыны туралы видео мәлімдеме жариялаған еді. Ендігі оны Айман Омарова қорғайтын болды. Осы уақытқа дейін түрлі видеолар жариялап, Абзал Құспанға ренішін білдіріп жүрген Сайрагүл Сауытбайдың мұндай шешім қабылдауына не себеп болды? Адвокаттың қорғалушысына деген өкпесі қара қазандай.
Абзал Құспан көкейдегі ойын "Қамшы" порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.«Жасыратыны жоқ, Сәуле (Әбілдаханқызы – ред.) мен Сайрагүлдің жағдайында мен толық Сәуленің жағындағы адаммын. Өйткені, Сәуленің еңбегіне, ынтасына куәмін. Ең бастысы, адамда көңіл деген болады. Сәулені жақсы білемін. Сол үшін кезінде Сайрагүлге «мұның адамгершілікке жатпайды» деп ренішімді айтқан едім. Әрі өзіне тікелей «менің адвокаттағымнан өзің бас тартпасаң, мен сені соңына дейін қорғаймын» дедім. Бірақ қатты ренжігенімді жасырмадым. Соған байланысты болар деп ойлаймын, білмеймін.
Өзі маған еш өкпесі жоқ екенін айтты. Бастапқы кездерде "телефон көтермедің" деп ренжіген. Сонда мен Сайрагүлге: «Көз алдыңа елестетші, қызың Үкіліай о дүниелік болса, ештеңе болмағандай жұмыс істеп, телефонмен сөйлесіп отыра аласың ба?» дедім. Ал мен Сайрагүлдің бір де бір сотына, бір де бір жиналысына бармай қалмақ түгілі, кешігіп те көрген адам емеспін. Бәрін уақытылы үйлестіріп жүрдім. Ал қаңтардың 4 күні республикалық көші-қон комитетінен "қанағаттандырмау" туралы жауап алдым, осыған қатысты сотқа шағым жазбақ болдым. Ауыр қазаға тап болғаныма қарамастан, Сайрагүлдің мәселесі жөнінде талап-арыз жазып, сотқа тіркеттім. Сол кезде ол халыққа видео мәлімдеме жасайды. Айтқаны – Абзал Құспан мен хабарласқанда тұтқаны көтермеді. Әрине, ашуландым. Сотқа дайындап қойған талап-арызымды әкелдім. Сонда Сайрагүл кешірім сұрап, қайтадан менің қорғауымды өтінді. Келістім. Ал негізі, қатты ренжігенмін.
15 ақпан күні сот болуы тиіс. Енді қазақ деген көңілі ашық халық қой, ауыр қазаға душар болсаң, көңіл шайға шақырады. Сөйтіп 12 ақпан көңіл шайға барып, дастархан басында отырсам, Сайрагүл хабарласты. Тұтқаны көтеріп, кейін хабарласатынымды, қолымның бос еместігін айттым. Ол сот туралы сұрастырып, хабарлама жазып жіберіпті. Мен 15 ақпан болатынын айттым. Сөйтсем, "сот болып кетіпті" дейді, онда екеуміз де болмадық. Бұған алаңдаған мен сот бөлімінің хатшысына хабарласып едім, ол «ешқандай өзгеріс жоқ, сот 15 ақпан болады» деді. Ал мен 14 ақпанға билет алып қойған едім. Ал ол кеше тағы видео жариялап қойыпты. Тағы ренжідім. Кеше түскі уақытқа дейін Сайрагүлмен телефон арқылы сөйлесіп жүрдім, ойымда ештеңе жоқ. Кеше Оралдан ұшаққа отырып, Астанаға ұшып бардым, Астанадан таңғы сағат 4-те Алматыға ұшып келдім. Алматыға келіп, әлгі видеоны көрдім.
Бұл – баланың ойыны ма, әлде күрделі ойындар жүріп жатыр ма, білмедім. Менің білетінім, мен ашық ауыз, аңқау адвокат екенмін.
Амал жоқ, 3000 шақырым жерді артқа тастап келген соң Талдықорғанға бардым. Бардым да, көзіне тура қарап бәрін айттым. Маған талабы бар ма, айтары бар ма, бәрін сұрадым. «Жоқ» дейді. Ашуланамын, әрине.
Сөйтіп, жаңа адвокаты Айман Омароваға сәттілік тіледім де, қазір қайтып барамын. Бұл істі осымен тәмамдадым. Мен ойыншық емеспін ғой.
Сайрагүлге тілерім – тек қана сәттілік. Күйеуінің, балалары – Ұлағат пен Үкіліайдың жанында қалып, аналық мейірімін төге беруіне, Қазақстанда қалуына қашан да тілектеспін», - деді Абзал Құспан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне.
Айта кетейік, «Шекарадан заңсыз өтті» деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың 1 тамызы сот залынан босатылды. Оған дейін Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы шекараны заңсыз бұзып өту бойынша айып тағылған.