Судья Мұрат Абраев Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салды.
Біләш сот қаулысымен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Ол сот қаулысына қарамастан ұйым жұмысын жалғастыра беретінін, әділет министрлігіне тіркелу жағын қарастыратынын айтты.
- [Сот қаулысына] разы емеспін. Біз сияқты өз қалтасынан жетім-жесірлерге көмектесіп отырғандар үшін ауыр [шешім], - деді Біләш соттан кейін.
Алматы қаласы Медеу аудандық полициясы Біләшті "Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасады" деп айыптап, әкімшілік іс қозғаған.
Біләштің айтуынша, Медеу аудандық полициясының іс қозғауына "Жебеу" республикалық ұйымы сайтының редакторы Тұрдыбек Құрметханның жазған арызы себеп болған.
Бірақ Тұрдыбек Құрметхан Азаттыққа "өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін, Серікжан Біләштің кейбір әрекеттеріне байланысты ішкі істер министрлігі атына жазылған топтық арызға қол қойғанын және сол арыз бойынша Алматы қалалық полиция департаментіне барып түсініктеме бергенін" жеткізді.
Ақпанның 12-сі күні өткен отырыста Біләш "Атажұрт еріктілері" Қытайдағы этникалық қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы екенін айтқан. Ол өзін осы топтың "админімін" деп таныстырған.
Судьяның "Атажұрт еріктілері" тобының арнайы кеңсесі және тұрақты мекен-жайы бар ма?" деген сұрағына Серікжан Біләш "арнайы кеңсесі бар, бірақ ол - осы топқа мүше кәсіпкердің атына жалға алынған кеңсе" деп жауап берген.