Мәжіліс депутаты Лениннің ескерткіштері сақталуы қажет екенін айтты
2019 ж. 13 ақпан
2632
1
Мәжіліс депутаты Владислав Косарев Лениннің ескерткіштерінің сақталуына алаңдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін мәжілісте «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Сұрақ-жауап барысында мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі Владислав Косарев мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына кеңестік дәуірден қалған ескерткіштерді сақтауға қатысты сауал жолдады. Депутат заң жобасында тек көне тарихи мәдени ескерткіштер ғана емес, кеңестік замандағы ескерткіштерді сақтау тетіктері болуы тиіс екенін атап өтті.
«Бізде кеңестік уақыттағы ескерткіштерді сақтау үшін қандай моралдық жауапкершілік қарастырылған? Лениннің ескерткіші қоқыста жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой. Ал бізде қоғам мәдениетіне жауапты Мәдениет министрлігі бар», — деп ашуланды депутат.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Косаревке «бірегей сұрақ» үшін рақмет айтты.
«Дұрыс айтасыз. Кезінде мынадай ұран болған: Ленин өмір сүрді, өмір сүріп жатыр және өмір сүре береді», — деп әзілдеді министр.
Мұхамедиұлы кеңес тарихының ескерткіштерін сақтау бойынша жұмыс жүріп жатқанына сендірді.