Қазақстан халқының ұлттық санағы қашан өтетіні белгілі болды
2019 ж. 11 ақпан
2205
0
Қазақстан халқының санағын жүргізуді 2020 жылға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті мәлімдеді.
Комиеттің мәліметінше, Қазақстан заңнамасы және халықаралық ұсыныстар бойынша, халық санағы кемінде он жылда бір рет жүргізіледі. Бұл халық санағын жүргізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Сондықтан санақ жүргізу арасында он жылдық мерзімді сақтауға Қазақстан үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан айы арасындағы мерзім қолайлы. Қазақстанда халық санағын жүргізуге дайындық 2017 жылы басталып кеткен. Халықаралық әдістеме бойынша, санақ жүргізу үшін ең қолайлы мерзім - тұрғындар мобильділігі ең төмен кезең (күзгі-қысқы маусым) болып табылады. Яғни бұл кезең тұрғындарды қамту және жиналған мәліметтер сапасы тұрғысынан табысты өткізілуіне көп мүмкіндік береді. «Осыған байланысты 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімдері ақпан-наурыз айлары болып табылады. Ұлттық санақты жүргізумен байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық сәттерді есепке ала отырып, ҚР халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды», - деп мәлім етті ведомстводан. Қазіргі кезде Үкіметтің «2020 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық халық санағын өткізу туралы» қаулысының жобасы мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар, аккредиттелген ұйымдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу үстінде, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында талқылау үшін қолжетімді. «Қаулы жобасын келісу және қабылдау жадайында, үлттық халық санағын 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өткізу жоспарланып отыр», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.