Несиесін уақытылы төлемегендер жұмысқа қабылданбауы мүмкін
2019 ж. 04 ақпан
2244
2
Мұндай мәлімдемені еліміздің бірінші несие бюросы жасап отыр. Олардың айтуынша қазір жұрттың бір ғана тұтынушылық қарызы 6 трлн теңгеден асқан. Ал, мерзімі өтіп, төленбей қалған қаржының үлесі 14 %. Жұмысшылардың құқығын қорғаушылар мұны еңбек кодексінің өреcкел бұзылуы деп бағалап отыр. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жұрттың бұл жөнінде пікірі қандай?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елімізде алдағы уақытта қарапайым еден жуушы болып жұмысқа орналасудың өзі қиындамақ. Оған халықтың дер кезінде алған қарызын төлемеуі себеп болуда. Бірінші несие бюросының таратқан ақпаратына сенсек, борышкерлердің берешегі 23 трлн теңгеден асқан. Оның басым бөлігі бизнес несиелер.
ӘСЕМ НҰРҒАЛИЕВА, БІРІНШІ НЕСИЕ БЮРОСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
«Егер де халықта төленбеген несие жөнінде проблема болса, жұмыс іздеушіге екі қолға бір күрек табылмауы мүмкін. Қазір бұл тәжірибені ритейлдік нарықта алпауыт гипермаркеттер сәтті жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, материалдық жауапты орындарға қызметкер алар кезде, жұмыс берушілер үміткердің несие тарихына, тәртібіне міндетті түрде қарайды. Осы арқылы келеңсіз оқиғалардың алдын-алғысы келеді»
Бірақ, «соңыңызға» май шам алып түсетін жұмыс берушілер несие тарихыңызды тек өзіңіздің рұқсатыңызбен қарай алады. Ал, бұған онсызда жұмыс таппай сенделген жұрттың пікірі қандай?
Тіпті, қазір несие бюросы борышкерлермен күрестің түрлі тәсілдеріне көшкен. Мәселен, Өскеменде жуырда пәтер иелері кооперативіне қарызың болса, несие берілмесін, деген бастама көтерді. Яғни, жалақыға дейін ақша алу үшін бір тиын да берешек болмауың қажет. Қысылтаяңда банк табалдырығын аттайтын тұрғындар, барлығына сапалы қызмет көрсетпейтін кооператив өкілдерін кінәлауда.
СЕРІК ЖҮНІСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Біздің кооператив мүлде жұмыс істемейді. Үнемі ұрсысып жүруге мәжбүрміз. Төлеген ақшамыздың қайда кетіп жатқанын айтпайды. Жұмыс істесе, төлеуден қашпаймыз ғой».
Егер де несие төлеу жөнінде қиындықтар болып, байқаусызда бюроның қара тізіміне еніп кетсеңіз, онда жоғары жалақысы бар, жауапкершілігі көп жұмыстан үмітіңізді үзе беріңіз. Себебі, жұмыс берушілер мұндай үміткерлерге талапты күшейтпек. Бұл қаншалықты заңды?
ЖАСҰЛАН НҰРМАХАМБЕТОВ, ЗАҢГЕР:
«Енді, несие алғаннан кейін, оны өтеу керек қой. Бір жерден жұмысынан айырылып, бір жерге жұмысқа кіріп жатқан кезде, егер оған тыйым салса, несиесі бар болғандығынан. Ол несиесінен қалай құтылады? Осындай азаматтарға бір шектеу қойылатын сияқты. Оны біз тентіретіп қоямыз. Далада бір қара жұмыс істегеннен басқа ешқандай жолдары қалмай қалады».
Мамандардың сөзіне сенсек, өткен жылы Бірінші несие бюросының базасында 11,6 млн қарыз келісімшарты тіркелген. Оның 6,6 млн тұрақты займ алушылар. Демек, халықтың 3/1 бөлігі тапқан таянғанының тең жартысын несиеге төлеп жүргенін ескерсек, алдағы уақытта еңбек күшінің едәуір азайып кетуі ғажап емес.