Шәкір Ыбыраев: «Стан» – түркі тіліне жат парсы сөзі
2019 ж. 31 қаңтар
3713
0
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Қазақстан атауын Қазақ Республикасы деп өзгерту туралы бастама көтерген ол Президенттің 2014 жылы жасаған ұқсас ұсынысын еске салды, - деп хабарлайды "Айқын" газеті.
– Негізінде, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Елбасының ұстанымын жүзеге асыратын уақыт келді деп ойлаймын. Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп өз атымен атауымыз керек. Республикаға тоталитарлық биліктің өзі мойындаған байырғы «Қазақ» деген атауын қайтару тарихи әділдікті орнатып қана қоймай, біздегі әртүрлі ұлт өкілінің бірлігі мен достығының нығаюына әсер етеді», – деді Мәжіліс депутаты. Оның айтуынша, «Қазақ Республикасы» қазіргі Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы қажет. «Айқынның» бүгінгі алаңында депутаттың ұсынысын сарапшылармен бірге талқылап көрдік.
Біз әңгімеге тартқан тарихшы Мәмбет Қойгелді мемлекет атауын өзгерту туралы ұсынысқа келісетінін білдіріп, өз ойын елдегі демографиялық ахуалдың қазақтардың пайдасына өзгеруімен түсіндірді.
– Орынды ұсыныс. Мемлекетіміздің атауы кеңестік дәуірде біраз тәркіге түскені белгілі. 1920 жылы кеңестік автономия алған уақытта Қырғыз Республикасы аталдық. 1925 жылы мемлекетке бұрынғы төл аты қайтарылды. Содан Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Қазақ Республикасы болып келдік. Тәуелсіздік алған тұста жерімізді Қазақстан деп жарияладық. Негізінде, елдің мемлекет құрушы халықтың атымен аталуы әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Қазір қазақтың жалпы халық санындағы үлесі 70 пайызға жақындап қалды. Қай жағынан алып қарасақ та, мұндай өзгерістің уақыты келді деп ойлаймын, – дейді ол.
Академик Шәкір Ыбыраев «стан» қосымшасының төл тілге жат екенін еске салған топқа қосылды. Ғалымның пікірінше, әлем халықтарының 90 пайызы мемлекетіне титулды ұлттың атауын берген.
– «Стан» – түркі тіліне жат парсы сөзі. Мемлекет деген ұғымды беретін бұл қосымша Орталық Азияда орнығып қалды. Әлемде қанша мемлекет бар. Солардың 90 пайызы титулды ұлттың атауымен аталады. Францияда француздан бөлек қанша этнос өкілі тұрса да, оны Француз мемлекеті дейміз. Испания мен Италия, Германиядағы жағдай да осыған ұқсайды. «Тарихи әділеттілік» тұрғысындағы пікірлерді қолдаған экономист Жанұзақ Әкім де «мемлекеттің атауы оның тағдырын анықтайтын маңыздылыққа ие» екеніне келіседі.
– Қазақстан – әуелден ұлттық мемлекет. 1896 жылғы санақ бойынша жерімізде қазақтан басқа ұлттың үлесі небәрі 3 пайыз төңірегінде болған. 1922 жылы Қазақ автономиясын құрғанда да, 1936 жылы Конституция қабылдаған кезде де Кеңес Одағы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп атымызды нақты белгіледі. Тоқсаныншы жылдары қолымыз жеткен тәуелсіздікпен бірге кері шегініс жасадық. Ол дұрыс емес. Адамның тегі немесе мемлекеттің атауы оның негізгі тағдырын анықтайды. Сондықтан Қазақ Республикасы деген тарихи атымызды қайтару керек деп есептеймін. Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан атауын қалай алғанымызды еске алып, бүгін талқыға түсіп отырған мәселенің бірнеше жылдан бері ара-тұра көтеріліп жүргенін айтады.
– Бұл мәселені 90-жылдардан бері бірқатар ұлтжанды азаматтар, сарапшылар, саясаткерлер көтеріп келеді. Кезінде Жоғарғы кеңес (қазіргі Парламент – ред.) бірнеше минут ішінде Қазақ Республикасы атауын халықпен ақылдаспай, ешбір талқылаусыз, қоғамдық пікірді ескермей Қазақстан деп өзгертіп жіберді. Бұл туралы бірқатар депутаттарымыз өз естеліктерінде айтады. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдиннің де осы мәселеге қатысты пікір білдіргені бар. Мұның қаншалықты заңды екені бөлек әңгіме, – дейді ол. Мемлекет тарихы институтының заңгері Еркеш Қалиұлы Қазақстан атауына ауысу туралы шешімді тоқсаныншы жылдары өзекті болған ұлтаралық мәселемен байланыстырады.
– Ол кезде ұлтаралық қатынастар барлық одақтас мемлекеттерде өршіп тұрды. Кеңес Одағы кезінде интернационализм принициптеріне сәйкес, өздерін Қазақстанның теңқұқылы азаматы сезініп, жерді ортақ санап келген өзге ұлт өкілдері үшін мемлекет атауын Қазақ Республикасы деп белгілеу «Сендер бұл ұғымға кірмейсіңдер!» дегенмен тең әсер етуі мүмкін еді. Осы мәселені ушықтырып алмау үшін «Қазақстан» деп атау келісілді деп ойлаймын.
Расул Жұмалы мемлекет атауын Қазақ Республикасы деп өзгерту «қолдан құрастырылған қазақстандық ұғымына» біржола нүкте қойып, екіге бөлінген қоғамды біріктіруге мүмкіндік береді деп сенеді.
– «Стан» қосымшасы бар елдердің өзінде, біз оларды негізгі ұлт арқылы танимыз. Ауғанстандықтар емес, ауғандықтар, тәжікстандық емес, тәжіктер дейміз. Ал бізде «қазақстандық» деген ұлтты ойлап табуға тырысады. Негізі бұл – қолдан жасалған түсінік. Өйткені ұлт болу үшін оның мәдениеті, тілі, тарихы болуы керек. Бұл ұстанымдарға қазақстандық деген атау сәйкес келмейді. Қазақстандық тіл, қазақстандық тарих, қазақстандық әдебиет жоқ. Сондықтан бұл біздің қоғамды өзін-өзі тану, идентификациялау тұрғысынан шатасуға әкеліп отыр. Орыстілді қауым өздерін – қазақстандықпыз, қазақтілді қоғам – қазақпыз дейді. Онсыз да саны аз мемлекетте осындай ішкі қарама-қайшылықтар бар. Қазақ Республикасы деп атау арқылы осы мәселелердің алдын алуға болады. Азат Перуашевтің ұсынысын қолдаймын. Бірақ оның Қазақ Республикасы мен Қазақстан тең жүруі керек дегені қисынға келмейді. Бірден Қазақ Республикасы болып түбегейлі өзгеріп, біркелкі жүйеге түсу керек. Екі атау қатар қалса, бұл қайтадан екіге жарылған көзқарасқа алып келуі ықтимал. Маңызды бір мәселе – мемлекет атауын ауыстыру басқа диаспора өкілдерін кемсіту еместігін түсіну керек. Конституция алдында азаматтың бәрі тең. Саясаттанушы 2014 жылы Мемлекет басшысы ортаға тастаған бастаманың біршама қоғамдық қолдауға ие болғанына қарамастан, кейінге қалып, 2019 жылы қайта көтерілуінің себебін халық талабының артуынан іздейді.
– 90-жылдардың басымен салыстырғанда, қазақтың үлесі 40 пайыздан 70-75 пайызға жетіп қалды. Қазақтың намысы, рухы, еңсесі де көтеріле бастады. Аталғандармен қатар елдің талабы да күшейетіні анық. Өз кезегінде билікке халықтың арман-тілегін ескеруге тура келеді. Латын әліпбиіне көшу, Рухани жаңғыру, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау – сондай өзгерістердің көрінісі. Мемлекет атауына қатысты ұсыныстар да қазақ қоғамында жиі айтылып жүрген қажеттіліктерді ескеру, осы арқылы елдің көңілін табу мақсатында туындайды. Бірақ ондай бастамалардың іс жүзінде орындалмай тоқтап қалуы биліктің өзі бұл шешімге дайын болмағанын көрсетеді. Жоспарлардың іске аспай қалуы халықтың уақытша көңілін аулау, күн тәртібіндегі басымдықты осы мәселеге бере тұру мақсатымен де байланысты болуы мүмкін. Ел атауын өзгерту туралы ұсыныспен бірге оған жаңа «айдар» ойлап тапқандардың да қарасы көбейеді. Осыған дейін Қазақстан халқы Қазақ елінен бастап, Тұран, Алаш, Қазақия сияқты атаулардың бірқатар нұсқасын естіді. Расул Жұмалы мемлекет атауы тарихи мұраны арқау етуден бөлек, халықаралық қатынасқа да қолайлы болуы керектігіне назар аударды.
– Қазақстан атауының орнына Қазақ елі, Тұран, Ұлы дала елі сияқты бірнеше атау ұсынылды. Көпшілікке «Қазақ елі» деген әрине ұнамды болуы мүмкін. Бірақ әлемдік деңгейде мемлекет атауының өзіндік алғышарттары мен халықаралық бекітілген дәстүрлері болады. Сол ережелерге «Қазақ елі» деген аса сай келмейді. Сондықтан әлемде мемлекеттерді атау тәжірибесін ескере отырып, тарихи болмысымызға, тарихымызға сай келетін Қазақ Республикасы деп атау дұрыс деп санаймын. Көп ұсыныстың ішінде Қазақ Республикасы деген атауға тоқтағандардың бірі – Досым Сәтпаев. Саясаттанушы мемлекет атауын өзгерту туралы ұсыныстың саяси тұрғыдан дұрыс болғанымен, экономикалық-қаржылық тұрғыдан бірқатар қиындықтар болуы мүмкін екенін ескертеді.
– Қазір көп адамға мемлекет атауын өзгерту туралы саяси шешім қабылданса, бұл процеске қанша қаржы мен уақыт жұмсалатыны қызық. Өйткені бұл маңызды есептеулерді қажет етеді. Бастама жақсы, бірақ бұл жерде де жемқорлық орын ала ма деген қауіп бар. Мемлекет атауы іс жүзінде өзгеретін болса, бүкіл процесс ашық болуы тиіс. Мемлекет атауын өзгерту процесіндегі барлық өзгерістер мен шешімдерден қоғам уақытылы құлағдар болып отырғаны дұрыс. Мемлекеттің қаржылық мүмкіндігі де ескерілуі керек. Өйткені қазір сарапшылар әлемдік экономика дағдарыстың жаңа сатысына аяқ басқанын айтып отыр. Шикізатқа бағаның төмендеуі экономикасы мұнайға тәуелді мемлекеттерді алаңдата бастады. Демек, Қазақстанға да кей жерде белін бууға тура келеді. Саяси тұрғыдан, бұл – өте дұрыс бастама. Ал экономикалық тараптан жобаға қанша қаржы кететіні нақты есептелуі керек. Досым Сәтпаев мемлекет атауының ерте ме, кеш пе өзгеретініне сенеді. Бұл ойын сарапшы «қазіргі билік осыған дейін қабылдаған жаңа астана белгілеу, латын қарпіне көшу сияқты маңызды шешімдердің қатарында мемлекет атауын ауыстырып, оны Кеңес Одағының қалдығынан азат ету арқылы тағы бір тарихи қадамды өз үлесіне жазуға талпынуы мүмкін» деген болжаммен бекітеді. Саясаттанушы «Қазақ Республикасы атауына оралсақ, Ресей тарапынан болатын ақпараттық соққыға дайын болуымыз керек», – дейді.
– АҚШ, Еуропа мемлекеттері Қазақстан атауының өзгеруіне ештеңе демесі анық. Бірақ көршіміз Ресей тарапынан көп негатив пікір болуы мүмкін. Өйткені Ресей сарапшылары, медиакеңістігі 2014 жылдан бері қоршаған ортада болған кез келген оқиғаны «антиресейлік акция» деп қабылдайды. Латын қарпіне көшуді «орыстілділердің құқығын бұзу» деп түсіндірген қаншама ақылға қонымсыз ойлар мен пікірлер айтылды. Каспийдегі теңіз порттарын америкалықтарға беру туралы жаңалықты да кері түсіндіріп, «Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасы ашылады» деп шу көтергендер табылды. Бірақ кириллицадан бас тарту немесе мемлекет атауын өзгерту болсын, бұл Қазақстанның ішкі ісі екенін түсіну керек. Азат Перуашевтың ұсынысы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, Қазақ Республикасы болуға ынталылармен қатар Қазақстан боп қалуды құп көргендер де табылды. Журналист Төреғали Тәшенов фейсбуктегі парақшасында: «Түркістаннан безіп қайда барамыз? Мына елдің бәрі Түркістанға кіреді: Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Татарстан, Дағыстан, Башқұртстан, Қытайдағы Шығыс Түркістан. Мұның сыртында Пәкістан, Самарқандағы Регистан, Өзбекстандағы Гүлстан, Тәжікстандағы Шахристан, Ауғанстандағы Хазарстан секілді толып жатқан «стандар» бар. Бізден басқа бір ел «станнан» безіп жатқан жоқ. Түркістанды бүкіл түркінің астанасы қыламыз дейміз де, өзіміз Түркістаннан бөлінгіміз келеді…» деп жазды. Халықтың көзқарасын сұраған өзге жазбалардың астындағы бірқатар ойлар «ел атауын өзгертуге жұмсалатын қыруар қаржыны халықтың ауызсу, баспана сияқты өткір мәселелерін шешуге неге жұмсамайды?» деген наразылыққа саяды. Депутат ұсынысын «еріккеннің ермегіне», «ақшаны босқа шашудың амалына» балағандар мен «Қазақстанның атын өзгерткеннен, қазақтың тұрмысы өзгеріп, байып кете ме?» деп қынжылғандар да кездесті. Тағы бір қолданушы «стан» қосымшасын Еуропа елдері атауларының соңындағы land сөзімен салыстырыпты. Батыс мемлекеттерінің біразына ортақ осы сөзге олардың арланбайтынын алға тартқан пікір иесі «біз неге бос дақпырт қуамыз осы?» деп қорытындылайды.
P.S. Мемлекет атауын ауыстыру біркүндік мәселе емес. Мұндай қадамға бару халық арасында кеңінен талқыланып, көптің ойы сөзсіз ескерілуі керек. Биліктің қоғамдық пікірге қозғау салатын ұсыныстарының көптігі азаматтық белсенділікті алға ілгерілетуге жақсы да шығар. Бірақ осындай таластарда көбіне мемлекет пен халық түсінігіндегі «уақыты келген мәселе» екі түрлі болатыны өкінішті.
Динара Тілеубек