Дәурен Абаев: Қоғамда ЖОО-ға түспегендер амалсыз колледжге барады деген қасаң түсінік бар
2019 ж. 25 қаңтар
2130
0
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанда Жастар жылының басталуына орай Президенттің жүктеген тапсырмаларының маңызы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы жастар тарапынан үлкен қажеттілікке ие. Сондықтан, Президенттің жастарды қолдауға бағытталған міндеттемелерінің белгілі біреуін ерекшелеп алу қиын. Алайда ұзақмерзімді әрі экономикалық тұрғыда маңызға ие тапсырмалар турасында айтар болсам, мен әлбетте, «Жас маман» бағдарламасын ерекше атап өтер едім. Ол бойынша өңірде жетекші бір ЖОО мен жаңартылған біліммен 10 колледж жұмыс істей бастайды деп көзделіп отыр. Ал оқытушылар құрамына шетелдік мамандар да енетін болады», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасына берген сұхбатында.
Министрдің айтуына қарағанда, бұл бағдарлама Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білімнің деңгейін жаңа сатыға көтеруге қауқарлы.
«Шынын айтқанда, кәсіптік-техникалық мамандардың жетіспеушілігі өткір сезіліп тұр. Бұл мамандарға кәсіпорындар жақсы айлық төлеуге даяр. Кейбір нысандарда бұл қажеттілікті шетелдік жұмыс күші жауып отыр. Мұнай өндірісі мен тасымалымен айналысатын компаниялар кейде өз мамандарын шетелде біліктілігін арттыруға жіберіп жатады. Бұл жерде белгілі бір спецификалық мамандықтар туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Компаниялар өздерінің дәнекерлеушілерін, токарьларын жолдауда», - дейді ол.
Дәурен Абаев қазіргі уақытта біздің қоғамда колледждерге көп жағдайда ЖОО-ларға түспей қалғандар барады деген қасаң түсінік қалыптасып қалғанын тілге тиек етті.
«Президенттің тапсырмасы бұл жағдайдың реттелуінде бастамашы боларына сенімдімін», - деп түйді сөзін министр.
Еске сала кетсек, күні кеше Президенттің қатысуымен Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталған болатын. Мемлекет басшысы Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеген еді.