Жылды жемқорлықпен жауып, жемқорлықпен аштық
2019 ж. 11 қаңтар
3341
0
Газетіміздің биылғы алғашқы санын тағы да айта-айта ауыз ауыртқан, жаза-жаза жауыр болған біздегі жүгенсіз кеткен жемқорлық тақырыбымен бастауға мәжбүрміз. Әрине, бұл біздің еліміз үшін жаңалық емес, тіпті қылмыстың осы бір түрі жұртты жалықтырып, жебіріне жеткені де жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жариялағанымызға талай жылдың жүзі болды. Бірақ, нақты нәтиже жоқ, жемқорлық атты жауызды қашан жер жастандырарымыз да белгісіз...
Жемқорлар мен соған жол берген жоғары лауазымды тұлғалардың көзін шұқып, жүздеген, мыңдаған мысалдар келтіруге болар еді, оны айтпасақ та өздеріңіз білесіздер. Бір ғажабы, жұрт ескі жылды қорытындылап, жаңа жылды ізгі тілекпен лайықты қарсы алайық деген таза ниетпен шапқылап жүргенде, бізге тап болған жемқорлық тым болмаса осындай әлемдік көлемде атап өтілетін мереке тұсында да тәбетін тиып, тыным таппапты. Не деген тойымсыздық десеңізші?! Соған қарағанда тамырын тереңге жіберіп, біздің жерімізге мәңгілікке қоныстанған секілді. Осыған байланысты бір оқырманымыз: «Жаңа жылдық мерекені қарсы алып, жақсылап тойлауға ақша керек болып қалған ғой» – деп кекесін ойын да білдіріпті. Олай ойласақ бізде Құдайдың құтты күні мереке, өйткені күніне ондаған жемқорлық фактілері анықталып жатады емес пе, ал ашылмағаны мен ашуға болмайтыны қаншама?..
Әріге бармай-ақ, жылдың дәп соңында Атырауда облыстық білім беру басқармасының басшылары ұсталғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Облыстың бас ұстазы Қайырғали Кенжеғалиев пен оның орынбасары Роза Қабдулова пара алды деген күдікпен құрықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері екеуінің де жұмыс техникасы мен құжаттарын тәркілеген. Құзырлы орынның мәліметінше, күдіктілер мемлекеттік сату-сатып алу келісімшарттарын тездетіп жасау үшін мердігер компаниялардың өкілдерінен аса ірі көлемде 10 миллион теңге пара алған көрінеді. Кенжеғалиев бұл қызметке өткен жылдың желтоқсан айында ғана тағайындалғанмен, келмей жатып былыққа батқан. Осы оқиғадан кейін облыс басшылығы жиналыс өткізіп, мемлекеттік қызметшілердің атақ-абыройына нұқсан келтірген қос лауазымды тұлғаның ісіне қатысты пікір білдіріп, «Қазір арнайы тексеру комиссиясы мен аудитті шақыртқызып отырмын. Басқарманы түгел тексереміз. Егер өрескел заң бұзушылықтар болса, онда ренжімеңіздер», – деп ескертті жау кеткен соң қылышын тасқа шапқандай болған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов қарауындағы қызметкерлерге. Білім басқармасының басшысын тағайындауға облыстық әкімдіктің қалай да қатысы бар екені белгілі. Олай болса Шәпкенов мырзадан «Кенжеғалиевті қалай ғана облыстық білім саласына басшы етіп тағайындағансыздар?» – деп сұрауға кім де болса құқылы. Осыған қарап біздегі облыс басшылары қарамағындағы мемлекеттік ақшаны оңды-солды жұмсап, талан-таражға салатын мамандарға мүлдем бақылау жасамайтынын көреміз. Толып жатқан құзырлы орындар мен әкімдіктер халық қаржысының мақсатты жұмсалып, жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталуын бақылауға тиісті емес пе? Сонда олар не бітіріп, не үшін халық есебінен қомақты айлық алып отыр? Әлде аталмыш істе олардың да өз үлесі бар ма?.. Қарамағындағылар қылмыспен ұсталғанда ғана ештеңеден хабарсыз, бұған ешқандай қатысы жоқ бейкүнә адамдай қолдарын жайып, көздерін жыпылықтатуды ғана біледі. Орынбасарлары бірінен соң бірі қылмыспен ұсталып жатса да біздің министрлер мен әкімдер сүттен ақ, судан таза болып қала береді. Ал негізінде осы қылмыс үшін сол басшылардың өздерін жауапқа тарту қажет. Сонда ғана олар бақылауды қатайтып, дұрыс жұмыс істейтін болады. Бұл біздің жылды қалай жапқанымыз жайлы бір ғана мысал, енді жылды қалай ашқанымыз туралы да айта кетелік.
Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жыл басталмай жатып бір комитет төрағасы мен полиция қызметкерлері, салық органдарының өкілдері мен медициналық мекеменің бас дәрігері, тағы да бірнеше мемлекеттік қызметкердің қолына кісен салды. Бұл бір жұмаға жетер-жетпес уақытта орын алған қылмыстар. Оларға пара алған, ақша жымқырған, қызметін асыра пайдаланған деген айып тағылып отыр. Қоғамдық даму министрлігіндегілер қарауындағы Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Жанаханов пара алу дерегі бойынша ұсталғанын мойындап отыр. Ол басқа бір басқарманың басшысының көмегімен комитетке бағынышты ұйымды заңсыз, қосымша қаржыландыру үшін 1 миллион 900 мың теңге көлемінде пара алған. Сол сияқты «қамқорлық» жасағыштардың бірі ҚР ІІМ Алматы қаласының Мамандандырылған күзет қызметі болып шықты. Олардың 24 900 доллар көлемінде заңсыз ақша алғаны белгілі болды. Күзет қызметі басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, басқарма бастығы, батальон командирі және оның орынбасарлары қамауға алынды. Жаңажылдық мейрамды тойлаймыз деп қалталарын жұқартып алды ма, жемқорлар жылдың басын «белсенді» бастағанын байқаймыз. Осы қарқынмен кете беретін болса, олар жылдық жоспарларын санаулы айда-ақ орындап тастайтын түрлері бар. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны өз мақсатында, белгіленген уақытында игере алмайтын лауазымдылардың өз құлқынын тығындауға келгенде ұшқырлық танытатынына қайран қаласыз.
Жемқорлық жалғыз бізді ғана жегідей жеп жатқан жоқ, бұл жер жүзіндегі барлық елдердің бас ауруына айналған. Сыбайлас жемқорлықты күрделі әлеуметтік, экономикалық және саяси созылмалы сырқат десек те болады. Ол қоғамның дамуына кедергі келтіріп, мемлекетке қауіп төндіреді. БҰҰ-ның мәліметінше әлем бойынша тек қана пара беру көлемі жылына 1,5 трлн. доллардан асады екен. Ал жемқорлықтың кесірінен экономикаға 2,6 трлн. доллар зиян келеді. Бұл ішкі жалпы өнімінің 5 пайызы деген сөз. Ескерте кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасы бойынша жыл сайын 9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтіледі. 2003 жылы желтоқсанның 9-ы күні Мексиканың Мерида қаласында өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда ұсынған-ды. Қазіргі кезге дейін осы конвенцияға 186 ел қосылған. Қазақстан бұл құжатты 2008 жылы мамырда ратификациялады. Яғни, бұл құжаттың бізге де тікелей қатысы бар. Жемқорлықпен күресуге ниет етіп, дүниежүзілік ұйымға кірген соң ондағы көрсетілген талаптарды Қазақстан үкіметі де орындауға міндетті. Былайша айтқанда бізді ешкім де зорлап бұл ұйымға кіргізген жоқ, оған алдымен өзіміз мүдделі екенімізді атқарылған нақты істерімізбен дәлелдеуіміз қажет.
Өкінішке орай, әлемдік қауымдастық алдында біз бұл бағытта жетістіктерімізбен мақтана алмаймыз. Transparency International (TI) халықаралық ұйымының жыл сайын жариялайтын Жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 2017 жылы 180 елдің арасынан 122-орында қалған. «Жемқорлықты қабылдау» дегенді жемқорлық жайлаған деп түсінсек те болады. 2018 жылдың қортындысы әлі шыға қойған жоқ, бірақ бір жылда жемқорлықпен күрес бойынша алға жылжыдық деп алдынала айту қиын.
Осыдан екі жыл бұрын Астанада «Атамекен» палатасы жанындағы көлеңкелі экономика мен жемқорлыққа қарсы кеңесінің отырысында сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро төрағасының орынбасары болған Алик Шпекбаевтың «...Қазақстанға қарасақ, жоғалтқан жалпы ішкі өнімнің 2 пайызы, шамамен 1 трлн. 250 млрд. теңге. Біз тек бір жылда осы ақшаға 628 мектеп пен 1256 балабақша салар едік. 1 жылда барлық әлеуметтік нысандардың қажеттілігін жабуға болар еді» – деген мәлімдемесі еске түседі. Бұл соманы ойлағанда шашыңыз тік тұрады, қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Сол жолы Кеңестің сараптау тобы квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындар мен тауар, жұмыс, қызмет көрсету жүйелеріне мониторинг жүргізгенде көптеген заңбұзушылықтар шыққанын ашық айтқан болатын. Қазір де жағдай оңып тұрған жоқ, жемқорлық көбеймесе, азайған жоқ. Оған да тоқтала кетелік.
Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің есебі бойынша, жемқорлық кесірінен елдің ішкі жалпы өнімі жыл сайын 3,8 миллиард доллар көлеміндегі қыруар қаржыны жоғалтады екен. Қазақстан Бас прокуратурасы өткен 2018 жылдың 9 айында ғана елде 2626 сыбайлас жемқорлық фактілерін тіркеген. Орташа есеппен күніне 10 оқиғадан келеді. Жемқорлық қатты дендеген мекемелер ретінде бұрынғысынша Ішкі істер министрлігі, Қаржы министрлігі мен әкімдіктер аталды. Ашығын айтсақ, жемқорлық жайламаған саланы біздің елден ит қосып іздесек та таба алмаймыз. Қатардағы қарапайым мекемеден бастап, ең жоғарғы министрліктерге дейін жемқорлық жайлап алған. Оған біздегі түрлі саладағы министрлердің бірнеше орынбасарлары ұсталғаны нақты дәлел бола алады. Бірақ, алдында айтқанымыздай, бір қызығы министрлердің оған ешқандай қатысы болмай шығады. Танауының астында орынбасары не былықтырып отырғанын көрмейді екен. Сонда ол несіне ол жерде басшы болып отыр? Орынбасарлар басшының тапсырмаларын тікелей орындаушы қызметкер емес пе? Олай болса министр оған қандай тапсырма берген деген орынды күдік туындайды...
Transparency International (TI) халықаралық ұйымы өткізген сауалнама қорытындысы бойынша, әлемде әрбір төртінші тұрғын соңғы бір жылдың ішінде кемінде бір рет пара берген. Сауалнамаға әлемнің 119 елінде тұратын 162 мың адам қатысқан. Жауап бергендердің 57 пайызы өз елдерінде үкіметтің жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан күресіне көңілдері толмайтынын білдірген. Бұл әлем бойынша орта көрсеткіш. Біздің еліміз бойынша алсақ халықтың кем дегенде 90 пайызы жемқорлықпен күрестің нәтижесіне «екі» деген баға қояры айдан анық.
Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мүлдем жүргізілмей жатыр деуден аулақпыз. Қаншама лауазымдылар ұсталып, темір торға қамалды. Бұл күрес шексіз жалғаса берілуі мүмкін. Оның нәтижесі аталмыш қылмысты жоюмен есептелуі керек. Сонда ғана біз жеңіске жеттік деп айта аламыз. Былтыр желтоқсанның 7-і күні Астанада өткен халықаралық конференцияда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстанда коррупцияға қарсы саяси ағарту, алдын алу және жазалау тәрізді үш бағыт бойынша жүзеге асырылатыны туралы мәлімдегенін білеміз. Ол жемқорлыққа қарсы күрес саласында әлемдік сарапшылар ұсынып отырған құралдарды мұқият зерттеуге уәде берген. Бұл уәденің қаншалықты орындалатынын, шетелдік тәжірибенің бізге қаншалықты оң әсері боларын уақыт көрсете жатар.
Елімізде сыбайлас жамқорлықпен күрес неге ойдағыдай нәтиже бермейді, оны қалай түзетуге болады деген сұрақ бұқараны қатты мазалайтыны белгілі. Бұл туралы сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, түрлі ұсыныстар айтылып жатады. Бірақ сол ұсыныстардың көбісі есепке алынбайды. Оны қолданып, нақты іске асыру жоқ. Соған қарағанда біздің күресіміз көзбояушылыққа қатты ұқсайды. Анда-санда бірнеше жемқорды ұстадық деп жоғарыға қағаз жүзінде есеп беру үшін жасалынатындай әсер қалдырады.
Біздіңше мына мәселені басшылыққа алған дұрыс сияқты:
1.Мемлекеттік қызмет ашық болмай жемқорлық жойылмайды, тәжірибе көрсетіп отырғандай қомақты қаржы ұрлығын лауазымдылар ғана жасайды. Бір салада қылмыс болды ма, министрлік басшыларын мүліктерін тәркілеп, түгелдей отставкаға жіберіп мемлекеттік қызметтің маңына жолатпау керек. Ұры министрді бір орыннан екінші қызметке ауыстыру жемқорлықты жалғастырады. Бізде онсыз да тамыр-таныстық, туыс-туғандық байланыстар жақсы дамыған.
2. Жемқорлыққа қарсы заңды барынша қатайту қажет. Мысалы, Қытайда мыңдаған жемқорлар атылды, Солтүстік Корея президенті өзінің туған нағашысын өлім жазасына кескені белгілі.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның белсенділігі артуы керек. Барлық тұрғындарымыздың аталмыш қылмысқа төзімсіздік қабілетін қалыптастыру аса қажет. Бұл өте күрделі жұмыс, ұзақ уақыт керек. Адам санасын бір күнде өзгерте алмайсыз. Ол үшін билік дұрыс идеология жүргізіп, алдымен өздері үлгі көрсетуі керек. Ал, бізде әзірге бәрі керісінше, лауазымдылар миллиондап ұрлап үлгі көрсетуде.
Біз бұл жерде жаңалық ашып отырған жоқпыз, бұл туралы бұрындар да айтылған. Жемқорлықтың түрі толып жатыр, келтірер зияны одан да көп. Мысалы кәсіпорындарды, жер байлығын лаузымын пайдаланып немесе тамыр-таныстықпен жекешелендіріп алып, жұмысшылардың еңбегін қанау да – тойымсыздық. Содан түскен ақшаны шетелге тығып, немесе өзге елде қымбат яхта, сарайлар сатып алу – сатқындық, шетел экономикасына жұмыс істеу, елімізге қыруар шығын келтіру болып табылады. Ол өз алдына жеке әңгіме, жеке тарих...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz