Қыздардың жаппай жалаңаштануына қарсы қатаң заң керек - Қалқаман Әбдірахманұлы
2019 ж. 09 қаңтар
3760
0
Кей кезде базбіреулер "демокатиялық, зайырлы елміз" дегенге білгенді істеу дұрыс деп ойлайды. Иә, біз Тәуелсіз, демократиялық, зайырлы елміз. Бір-ақ, онымен қоса ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз, озық үлгіде бұрыннан қалыптасқан мәдениетіміз бар, ата-бабаларымыз салып кеткен ислами көзқарастағы елміз. "Жаңа заманға қарай заманауи" деген түсінікті мен кей-кезде "кері кету" деп ұғамын. Иә, дұрыс, артта қалмай ілгері жылжу керек, өзгеру керек. Бір-ақ ұлттық кодты, ұлттық сананы, ұлттық құндылықтарымызды жойып алмай, соларды қайтадан жаңғырту деп түсінемін. Ал, кері кетіп бара жатқан тұстарымыз жоқ емес. Қоғамдағы кез-келген келеңсіздіктерге барлығымыз кінәліміз. Қателікке боялдырған өзімізден. Ата-ана, қоғам, үкімет, әрбір азамат болып қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жәй қараймыз. Егер олай болмаса: арын сатқан арсыз қыздар, жігерсіз жігіттер, тастанды жетім балалар, қарттар үйіндегі қауқарсыз жанашыры жоқ қариялар, мәнсіз-ессіз мылжың өтірік әншілер, экранды жаулаған жұлдызсымақтар, белден төмен бағдарламалар болмас еді ғой?! Осыған өзіміз жол береміз. Оның бірінші айғағы ретінде қыздардың жалаңаштануы әлеуметтік желілерде, теледидарларда жиі байқалуда. Олардың ақталған түрі: "Біз қылмыскер емеспіз, ешкімге жамандық жасап жатқан жоқпыз, одан да педофилдер мен жемқорлармен күресіңдер мықты болсаңдар" дейтінін қайтесіз! Ал, оған қоса лаулаған отқа су сепкеннің орнына оны одан әрі лаулататындар бар. Соларды экранға жолатпаудың орнына жарнамалағандай болып, бағдарламаларда көрсетуі жиілеп бара жатқан сыңайлы... Тізіп айта берсе жетерлік. Менің ойымша нақты заң керек! Қатаң заң керек! Ұлттық киімдеріміз бен әшекей бұйымдарымызды қорлауға жол жоқ. Қыздардың жаппай жалаңаштануына қарсы қатаң заң керек... Отбасында, қоғамда жастарға ұлттық идеологияның жоқтығы жаныңды қынжылтады. Тәрбиенің көзі ретінде әрбір отбасында "Қызды қырық үйден тиымы" болуы керек. Қазақ қызды не үшін қырық үйден тыйған? Өйткені, қазақ қызы бір отбасының ғана қызы емес, жалпы қазақ ұлтының ары, намысы, гүлі саналатын. Қазақ бабаларымыз түсінген: егер қыздың ары мен намысы тапталатын болса, мемлекеттен қуат кетеді, жігіттер жігерсіз келеді. Бір ауылдың қызының ары тапталып жатса ұлтқа сын, әрбір қазаққа сын. Қашан да, ар, ұят, намысты биік қоятын болсақ болашақта күшті мемлекет боларымыз сөзсіз!
Қалқаман Әбдірахманұлы,
Қазақ үні