Теннің өліміне күдікті қыздың құрбысы қанды оқиғадан кейін Қапшағайда көңіл көтергендерін айтты
2019 ж. 09 қаңтар
2525
0
Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысында күдікті Жанар Толыбаеваның құрбысы жауап берді. Ол спортшы көз жұмғанның күннің кешінде Жанар Толыбаевамен бірге Қапшағайға барғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі сот залынан.
Жайна Ізтілеуованың айтуынша, қайғылы оқиға орын алған 19 шілдеденің кешінде олар Қапшағайға демалуға барған.
«Сол күні екеуіміз басқа пәтер қарауға шыққанбыз. Сол кезде Жанардың бір құрбысы қоңырау шалып, Қапшағайға демалуға шақырды. Сөйтіп 7 адам болып түнгі сағат 11-12-лердің шамасында Қапшағайға келдік. Мен киіз үйге барып, ұйықтап қалды. Олар өздері сөйлесіп, ішіп, шегіп отырды», – дейді ол.
Ізтілеуованың айтуынша, ол Жанармен бірге Нұралының ағасының үйінде бірер күн пәтер жалдап тұрған.
Сотта белгілі болғандай, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Нұралы Қиясовтың ағасының үйіне бір қыз келіп, Нұралыдан жүкті екенін айтып, шу шығарған. Бойжеткен оның үстінен арыз жазатынын айтып, өзіне үйленуін талап етіпті.
«Сол күні Нұралы, Арман үшеуі үйге көлікпен келді. Жанар пәтерге келгенде көңіл-күйі болмады. Алайда маған білдіргісі келмеді. Сол уақытта Сұлтан аға (күдікті Нұралы Қиясовтың ағасы – ред.) Нұралыға ұрысып, неліктен үйге келмей жүргенін сұрады. Оны белдікпен ұрды. Сонан кейін Арман киімдерін жинап беруін сұрады. Мен киімдерін бердім. Артынша ол кетіп қалды. Мұнан соң Жанар екеуіміз пәтер іздеуге кеттік», – дейді ол.
Өз сөзінде куәгер Нұралының футболкасынан қанның ізін байқағанын айтты. Алайда төбелескен болар деп ойлап, мән бермепті.
Жайна Естілеуованың айтуынша, ол Денис Теннің өлімі туралы жаңалықтан білген.
«Үйге келгеннен кейін Нұралының нағашы ағасы келді. Ол Нұралының Денисті өлтіргені туралы айтты. Сонда ғана білдім. Одан кейін сол кісі бізді баратын жерімізге жеткізіп салып, жолай мән-жайды сұрастырды. Мен білмейтінімді айттым. Артынша көліктен түсіп, жолда тұрағынымызда полиция келіп, бізді ұстап алып кетті. Олар Денис Теннің өлтірілгенін, соған қатысымыз барын айтты. Полицияның көлігінің ішінде шу шығарып, қатысым жоқ екенін айттым. Артынша ІІБ-ге барғаннан кейін оқиғаға Арман, Нұралы, Жанардың қатысы барын естіп, таңғалдым», – дейді күдіктінің құрбысы.