КЕДЕН: ПӘЛЕ НЕДЕН?
2018 ж. 24 желтоқсан
3383
1
Сенат депутаты Дариға Назарбаева кеден бекетіндегі бірқатар былықтардың бетін ашып, жұртшылыққа жария етті. Оның айтуынша контрабандалық тауарлардың артында заңды қатаң сақтауға міндетті кеденшілердің өздері тұр. Дариға Назарбаева мәлімдегендей, кеденшілер импорттың, әсіресе, Қытайдан келіп өтетін тауардың көлемін жасырып қалады. Не үшін жасырады? Әрине, кәсіпкерден пара алу үшін жасайды осының бәрін. Өздері пара алып қалталарын қалыңдатқанымен қоймай, тауар тасымалдаушыларды мемлекетке төлеуге тиісті салықтан заңсыз босатады. Сөйтіп, мемлекетке, халыққа тиесілі қаржыны жымқырады. Бұл қып-қызыл қылмыс, ол үшін кім жауап беруге тиісті? Бұл сұрақ сонау егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бері күн тәртібінде тұр. Оны түпкілікті шешу ешкімнің қолынан келмей жатыр.
– Қытай тауары елімізге көбіне «Қорғастан» өтеді. Яғни жұрт күнделікті тұтынып жүрген түрлі техника, көкөніс, киім-кешектің басым бөлігі дәл осы кеден бекеті арқылы ішкі нарыққа тарайды. Бірақ ағылған жүк көліктерінің бәрі бірдей баж салығын төлеп жатқан жоқ. Кәсіпкерлер артық шығыннан айналып өтудің жеңіл жолын тапқан. Кеденшілердің қолына теңге қыстырсаңыз болды, қиындықсыз қақпаны аша салады, – дейді Дариға Назарбаева, – Қытаймен арадағы тауар айналымы көлеміне келсек, статистикалық мәліметтер бойынша 11 түрлі бұйым бойынша 50 пайызға төмендетілген. Мәселен, елімізге киім, жиһаз, төсек-орын жабдығы, ойыншық, көкөніс пен жеміс-жидектің 60-90 пайызы контрабандалық жолмен келіп жатыр».
«Transparency Kazakhstan» қоры жүргізген зертттеудің қорытындысында «Біздің кеденшілер параға, ақша бопсалау мен жемқорлыққа тым жақын» деп ашық жазылған» деді сенатор. Өйткені, импорттық тауардың тек 10-45 пайызына баж салығы салынады. Қалғаны кеденшілердің қалтасында кетіп жатыр. Бұл – бюджетке қып-қызыл шығын дейді депутат. Дариға Назарбаеваның деректеріне қарағанда Оңтүстік Корея мен Жапониядан келетін кейбір тауарлар көлемі 60 пайызға төмендетілген, ал Пәкістаннан керісінше 80-100 пайызға жоғары. Ұлыбританиядан да жалған көшірме заттар өткен. Сондай-ақ, кеденшілер АҚШ-тың импортын да 50 пайызға төмендетіп көрсетеді екен.
«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры 2013-2017-ші жылдар аралығында еліміздің Азия, Еуропа мемлекеттерімен және АҚШ-пен сыртқы саудаға қатысты статистиканы салыстырып, үлкен айырмашылықты анықтағаны белгілі болып отыр. Сондықтан, Дариға Назарбаева Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың бұл мәселеден хабары бар ма деп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сонымен қатар, сенатор контрабандалық тауарлар мен кеденшілердің жемқорлығынан мемлекетке келген зиян мөлшерін жариялауды талап етті. Өйткені, заңсыз өткен жүк қазынаға қып-қызыл шығын ғана емес, тіпті, адамдардың денсаулығына төнген қауіп дейді сенатор. Сондай-ақ, Дариға Назарбаева Қытайдан келетін тауарды көлікке тиеп, тауарды түсіру де тек Қазақстан аумағында жүргізілсін деген келісім жасауға кеңес берді. Сонда шекара маңындағы елді мекен тұрғындарына көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады.
Бұл жерде сенатордың пікірімен, қойған талаптарымен толық келісуге болады. Шын мәнінде, біздің кеден жұмысы үнемі күдік тудырып келеді. Күдік деу тым аз, қылмысқа белшесінен батқаны баяғыдан белгілі. Оны осы салаға қатысты тұрақты айтылып келе жатқан сын мен арыздардан-ақ аңғаруға болады. Олар кеден саласын жекешелендіріп алғанға қатты ұқсайды. Отандық өндірістің баяу дамуына байланысты көптеген тауарларды шетелдерден әкелуге мәжбүрміз. Контрабанда кең етек жайған жерде оның санын қазір дөп басып айтудың өзі қиын. Анығы миллиардтаған сомаға тауарлар күнделікті келіп жатады. Оған нақты бақылау жасау жоқ. Кеденшілер ойына келгенін істеп, байлыққа батуда. Соның кесірінен мемлекет қоржынына қомақты қаржы түспей, жемқорлардың жемсауында кетіп жатыр.
Сенатордың сауалынан соң көп кешікпей Қаржы министрлігі кедендегі контрабандаға қатысты мәлімдеме жасады. Мемлекеттік кіріс комитетіндегілер бұл салада бейберекетсіздік барын мойындаған сыңайлы. Бірақ, өздеріне де шаң жуытқысы келмейді. Не керек, бұған дұрыс жүргізілмейтін статистика кінәлі деп тауыпты. Олардың айтуынша, Қазақстанға транзитпен кіргізілген тауардың басқа мемлекетке жіберілгені мүлдем есепке алынбайды екен.
– Қазақстанға Қытайдың көптеген тауары келіп кіреді. Бірақ, ол тарнзитпен Ресейге немесе басқа жаққа өтуі мүмкін. Мысалы, 100 айфон кірді делік, бірақ, ол шын мәнінде Ресейге тиесілі. Көрдіңіз бе? Ал сіз ойлайсыз, Қазақстанға келген айфон қайда, неге бұлай болды деп... – таңданыс білдірді ҚР мемлекеттік кіріс комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.
Таңданатын ештеңесі жоқ, Ресей емес Америкаға бағытталса да кеденнен өткен әрбір тауарға салық салынуы қажет. Ол түгіл аспанда біздің елдің үстінен ұшып өткені үшін әрбір ұшақ есепте, сол үшін белгілі бір мөлшерде ақша төлейді. Сонда кеден атаулы біздің территориямызға кірмейтіні ме, оларға Қазақстанның заңы жүрмейтіні ме? Бұл сыныққа айтар сылтау ғана. Әлде кеден жұмысына сын негізсіз айтылып жатыр ма? Олай болса дәлелдеп бағыңыздар. Ал біз өз тарапымыздан қарсы деректер келтіре кетейік.
«Қорғасқа» қатысты дау-дамай жиі болып тұрады. Өткенде ашынған туристер «Қорғас» кеденшілерінің былығын ашық айтқаны ел есінде. Туристік компаниялармен келісім-шартқа отырып, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылатын жұрт ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. «Себебі, кеденшілер туристік топтарға арналған өткелден ақша төлеген кез-келген адамды кіргізіп, пайда табудың жолын тапқан» – деп айып тақты олар. Кедендегі шексіз кезек әбден шаршатты Ал ұзын-сонар кезекте тұрғысы келмегендер ақша беріп өте береді деген-ді телеарналардың бірінен арызын айтқан турист Аида Бешенова. Бұл кедендегі жай ғана ұсақ-түйек заңбұзушылық қана. Мәселен, биылдың өзінде ғана қырықтан астам кеденші пара алғаны үшін істі болып, жұмыстан қуылғаны бұл жерде қылмыстың тұрақты болып тұратынын көрсетпей ме? Ол аз болса, «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, 1 миллион доллар пара алып ұсталған Василий Нидің ісі әлі ұмытыла қойған жоқ. Ең қызығы, бұл қылмысы үшін ол ешқандай жауапқа тартылмады.
Кеден ісі еліміздің экономикасына елеулі үлес қосуы керек. Әрбір тауар үшін салық салынып, мемлекет қоржынына қаржы түсуге тиісті. Кеден жұмысын бақылау үшін бейнебақылаулар орнатылып, ол Астанадан тікелей қадағаланып отырады деген ресми ақпарат таратылғаны да ел есінде. Қайда сол қондырғылар, олар неге жұмыс істемейді? Қондырғының кінәсі жоқ шығар, оны да басқаратын адамдар. Сонда кеденге пәле неден? Бәрі де сол біздегі жүгенсіз кеткен жемқорлықтан болып отырған былық. Онымен күрестің еш нәтиже бермей келе жатқанын өздеріңіз де білесіздер...
З.АбАЖАН
qazaquni.kz