Бүгін Мәжіліс депутаты Шакир Хахазов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында елімізде қаптап кеткен қайыршылар мен олардың бизнесіне жол бермеу мәселесін көтерді, - деп хабарлайды baq.kz.
Қайыршыларға садақа беретіндерге айыппұл салу керек – депутат
2018 ж. 20 желтоқсан
2162
1
Депутаттың айтуынша, 2015 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне қайыр тілегендерге айыппұл түріндегі жазаны қарастыратын түзетулер енгізілді. Жаңа кодекс қабылданған сәттен бастап төрт жыл өтсе де, заңнамалық түзетулердің ерекше әсері байқалмаған. Тіпті, жеңілдетілген нормалардың арқасында қайыр тілеу белең алып отыр екен.
«Астанада тәртіп ең бірінші кезекте қадағалануы тиіс болса да, бұл проблема елорданы да айналып өтпеді. Қаланың оң жағалауында ересектер мен кішкентай балалар – көрші елден келген мигранттар мен өз азаматтарымыз қайыр тілеп жүреді. Оның үстіне кей адамдардың арбаға таңылған мүгедектерді «қайыр тілеу нүктесіне» әкеліп отырғызып, кешке таман түскен ақшаның бәрін алып кететіні алаңдатады. Олар қайыршылықты бизнеске айналдырған топтар. Құқық қорғау органдары бірден мұндай фактілердің жолын кесуі керек. Қала шеті, базар, вокзал, мешіттер мен шіркеулердің аумағына бара қалсаңыз, қайыршылардың өмір үшін қалай тырмысып жүргенін көресіз. Ал елорданың әкімшілік орталығы – сол жағалауда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар салынып бітпеген үйлерді паналап, аулалар мен балалар алаңында қаңғырып жүреді. Олардың көбісі – маскүнемдер, нашақорлар мен түрлі ауру тасушылар. Әсіресе, қазір қыстың түсуіне байланысты аталған проблема өте өзекті болып отыр. Өйткені «бомждар» тұрғын үйлердің кіребересін, жертөлелер мен жылу люктарын паналайды», - деді Хахазов.
Депутаттың айтуынша, қайыр тілейтін үй-күйсіздердің көбеюі айыппұл сияқты репрессивті шарамен бұл әлеуметтік проблеманы шешу мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне қайыр тілеп отырған адамнан қандай жолмен айыппұл алуға болады? Үкімет бұл өзекті мәселені шешу үшін бұдан да ақылға қонымды шаралар әзірлеуі керек.
«Үй-күйі жоқ адамдар мен қайыршылардың көбі өмірден қиналғаннан соң бейәлеуметтік өмір сүру салтын ұстанып жүрген жоқ. Олар жалқауалықтан, арқау сүйеушілік көзқарастан, қоғамның белсенді мүшесі болғысы келмегендіктен сондай жолға түсіп отыр. Сондықтан жанашыр азаматтар оларға қайыр беру арқылы үлкен қателік жасайды. Осылайша өздері арамтамақтыққа қолдау көрсетеді. Біздің берген садақамыз оларды аздырады. Бұл ретте қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салатын шет мемлекеттер тәжірибесін үлгі ету орынды деп ойлаймын», - деді Шакир Хахазов.
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанның әлеуметтік қызметтер жүйесінде көптеген проблема бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтар полициядан сәйкес қағазы жоқ әйелдерді қабылдамайды. Бюрокаратия салдарынан қиын жағдайда қалған әйелдер балаларымен бірге көшеде қалады, одан кейін тіпті барлығы қайыр тілей бастайды. Егер әйелдер орынның жетіспеушілігінен осындай орталықтарға қабылданбай жатса, онда неліктен осындай әлеуметтік орталықтарды тағы салмасқа?
Депутат өз сауалында «ІІМ қайыршылардың еңбегін пайдаланатын ұйымдасқан топтарға жол бермес үшін қандай шаралар қабылдап жатыр? Үкімет қаңғыбастар мен қайыршылардың санын азайту үшін қандай шаралар қабылдамақ? Елімізде үй-күйі жоқ кезбелердің кім екендері анықталады ма?» деген сұрақтарды қойды.