Талғат Қатауов: Бойжеткендерге аборт жасатуды заңдастыру – ұлттық қасірет
2018 ж. 12 желтоқсан
4036
1
ҚР Денсаулық сақтау министрі ретінде әлемдік медициналық тәжірибеге сүйене 16 жасқа толған қыздарға ата-анасының келісімінсіз-ақ қолдан түсік жасатуға (аборт) туралы ұсыныс жасағаныңызды тыңдап жағамызды ұстадық. Бұл ұсынысыңыз заңдастырылса – ол ұлттық қауіпсіздігімізе орасан қауіп-қатер төндіреді. Сіз тәжірибесіне сүйеніп отырған Батыс елдерінде аборт мәселесі демократия, әлеуметтік әділеттік, адам құқықтары ретінде қарастырылатынын жақсы білеміз. Алайда, қандай да өркениетті елдердің тәжірибесі болмасын аборт мәселесі - ұлттық мүдде мен мақсат- мұраттардан жоғары тұрмауы тиіс!
Жасанды түсік жасату - ұлттық қауіпсіздігімізге қасірет болса, медициналық тұрғыда зиян, діни тұрғыда ауыр күнә және қазақи сана- болмысымызға қайшы. Ежелгі медицина тарихына үңілсек, медицина атасы Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Гиппократ мектебінен шыққан ол кездегі дәрігерлер: «...мен ешқашанда түсік тастауға дәрі-дәрмек қолданбаймын» деп ант берген.
Дәрігерлердің пайымдауынша, түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20 % -ға айырылатынын айтады. Мұны «Екінші бедеулік» деп атайды. Тіпті көтергеннің өзінде кемтар сәби өмірге келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Жасанды түсік жасаған әйелдер медициналық тәсілмен шараны алдыртып құтылғанымен, айықпас дерт жамайды екен.
Аборт жасауды қолдау – ұлттық өсімізді тежейді. Қазақстан демограф ғалымдардың зерттеуінше, қазақтың соңғы жылдары баяу өсуіне, бір жағынан түсік жасатуда үлкен кері әсерін тигізеді екен және олар аборт жасауға қарсы үнемі дабыл қағып келеді.
Жасанды түсік жасату – күнәнің ең ауыры. Ислам дінінде себепсізден себепсіз дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне түрлі амалдар арқылы балта шабу – аса ауыр күнә саналады. «Әңғам» сүресінде, 151-аят былай делінген: «Жарлықтан балаларынды өлтірмендер. Сендерді, оларды біз ризықтандырамыз». Міне, осыны, дүниеге келген әр сәбидің өз ырзық, несібесі болатынын бойжеткен қыздарға аборт жасауды заңдастыруды ұсынған сіз түсінсе екен дейміз. Сондай-ақ, қасиетті Құран Кәрімде («Шура» сүресі, 49-50): «Алла қалаған пендесіне қыз береді, қалаған пендесіне ұл береді. Қалаған пендесіне ұлды да, қызды да нәсіп етеді. Сондай-ақ қалаған пендесін бедеу қылады» деп айтылған. Яғни, бала сүю - Алланың берген үлкен сыйы екенін ұмытпаңыз!
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген нақылды ұстанған қазақ әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтады. Сондықтан, әлеуметтік-қоғамдық жағдайға байланысты 16 жасқа толған қыз балаларға ата-анасының келісімінсіз жасанды түсік жасатуды заңдастыру – ұлтымыз жою және ұрпақ болашағына балта шабу деп бағалаймыз! Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге тиісті сол болашақ аналарымызға аборт жасатып, болашақтарын бүлдіріп, тағдырларын таптатуға, өмірлерін қорлатуға жол бермейміз!
Талғат Қатауов,
БҚО Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының Төрағасы
Қазақ үні