Ерлан Сағадиев білім басқармаларын жабуға қатысты пікір білдірді
2018 ж. 12 желтоқсан
6543
1
Аталған бастаманы ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева көтерген болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажет. Мектептерді жан басына қарай қаржыландыру аясында білім басқармаларын жабуға болады.
«Бұны қарастыру қажет, ойлану керек. Алдымен кездесіп, идеялардың негізін түсініп, ары қарай талқылау қажет. Себебі бұл оңай шаруа емес. Негізі, теориялық тұрғыда оны іске асыруға болады.
Бұл дегеніміз, білім басқару жүйесін толығымен орталықтандыруымыз қажет дегенді білдірсе керек. Осы мәселені мұқият зерделеп шығуымыз керек. Медицина саласында ондай тәжірибе бар», — деді Е.Сағадиев.
Айта кетейік, ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мектептерді тікелей қаржыландыру аясында білім басқармаларын жауып тастауды ұсынды.
«Қазір мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Меніңше, ол ақша тікелей Астанадан бөлінетін болса, облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мүлдем қажетсіз болып қалады. Бұл — өте маңызды мәселе.
Себебі мектепке бюджет қаржысы бөлінгенде, ол ақша біраз уақыт жаңағы басқармаларда жатып қалады. Олар оны бүгін бере ме? Ертең бере ме? Ашығын айту керек, бюджет қаржысын үнемдейміз деп, толығымен бермеуі де мүмкін.
Артынан кітаптарға, я болмаса, күрделі жөндеуге ата-аналардан жинай саласыңдар деп, жылы жаба салады. Ол жерде заңбұзушылықтар көп. Меніңше, ондай басқармалардың бәрін жауып тастау қажет», — деді Д.Назарбаева журналистерге берген сұxбатында.
Ал ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімованың сөзіне қарағанда, білім басқармаларын жабу үшін нақты меxанизм керек.