Ұлттық рухы мықты адам теріс ағым ықпалына түспейді - Айнұр Әбдірәсілқызы
2018 ж. 11 желтоқсан
5241
2
Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы радикалды діни ағымдарға қалай қарсы тұруға болатынын айтып берді, - деп хабарлайды kaz.365info.kz.
Радикалды діни ағымдардың ең жаман жері олар ұлттық құндылықтарды жояды. Сонысымен қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Жалпы, теріс ағымдар діни бірлестік ретінде тіркелмейді, бірақ ел ішінде үгіт-насихатын белсенді түрде жүргізе береді.
Оған қарсы тұрудың бірден-бір жолы — халық арасында олар туралы жиі сөз көтеріп, діни сауатты ашу.
Иә, діни сауатты адамдармен оларға қарсы тұруға болады. Солардың тәсілімен, солардың сөзімен қимылдап, қарсы соққы бере алатындай болуымыз керек.
Кез келген мемлекет ұлттық құндылықтарды дамыту арқылы қоғамның рухани жаңғыруына мүдделі. Ал радикалды ұйымдар осы елдік мақсатқа қарсы жұмыс істейді.
Бір адамдарды мәңгіртіп жібергендері аздай, мемлекеттің ішкі тұрақтылығына қол сұғып, мемлекеттің бүтіндігіне қауіп төндіреді олар. Сондықтан ұлтты ұйыстыратын, бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлеріміз бен тарихи құндылықтарымызды қорғау біз үшін қазір аса маңызды.
Бөтеннің емес өзіміздің — ата-бабадан қалған идеологияларды қоғамға дендеп енгізу бүгін күнтәртібінде тұр. Сондықтан ар тазалығын, жан тазалығын насихаттайтын ұлттық құндылықтарды жаңғырту қажет. Сол кезде ғана жас буын теріс ағымдардың жетегінде кете бармайды. Иә, жастар үшін ұлттық рухани құндылықтар мықты имунитет бола алады. Сонда ғана теріс ағымдардың психологиялық ықпалына түспейді.
Бұл тек қана діни бағыттағы сұранысты реттеп қана қоймай, жалпы өлмес мәңгілік адамзат құндылықтарын қайта бағалап, оны насихаттау арқылы қоғамның өмірінде ұстанатын басты бағыт екенін азаматтарымызға қайта еске салуға мүмкіндік береді.
Кез келген жеке тұлға дінді бөлек сенім ретінде қарамайды. Бұл — анығы. Дінді адам бүтін рухани құндылық ретінде бағалап, оған жан-тәнімен беріледі. Өмірінің бәрін соған негіздеп құрады. Сондықтан халықтың діни сауатын ашу мемлекет үшін аса маңызды.
Мектеп қабырғасынан бастап дәстүрлі рухани құндылықтарды дұрыстап насихаттасақ, ол бала толыққанды, жоғары рухани, зиялы, игі-жақсы адам болып қалыптасады.
Қазақстанның басым бөлігін осылай тәрибеленген адамдар құрайды. Сондықтан олар қоғамдық пікірді қозғаушы күш рөлін атқаруда. Олар саны аз теріс ағымда жүргендерді басып кетеді. Бұл да біздің артықшылығымыз бен жеңісіміз. Бірақ оған малдануға болмайды.
Дін — сенім жүйесі ғана емес, сонымен қатар бұл өмірдің стилі, қарым-қатынас нормасы, жақсыны жаманнан, арсызды тазадан айыратын моральдық нормалар.
Бір сөзбен айтқанда, дін — қоғамдағы басқа құбылыстармен салыстырғанда әлдеқайда мазмұны мен мәні бай рухани мәдени феномен.
Дін мәселесін дінді танып-білгенде ғана шеше аласыз. Бұл арада тарпа бас салып, белден басуға болмайды.
Мәселен, толеранттылық деген еріксізден көну, көнбістік емес, бұл мыңдаған жылдар бойғы қазақтың өмір сүру тәжірибесіне сүйене отырып, ақылмен құрылған ымыра. Бір сөзбен айтқанда, тәртіп, тәрбие. Тәрбелі, ақылды адамның әрекеті бұл.
Толеранттылық деген қарапайымдылық немесе төзімділік те емес. Бұл адам бойындағы шексіздік, бейбітсүйгіштік, кеңпейілділік сынды сапалы категориялардың жиынтығы. Бұл — ата-бабамыздың мұраға қалдырған өлшеусіз рухани құндылығы. Осыны дұрыстап ұғып, түсініп алуымыз керек. Сондықтан осы сөздің мән-мағынасын бұзып, бұрмалап өзімізге қарсы қолданғысы келетін жат пиғылдылардан қауіптенуіміз керек.Толерантылықты көнбістік ретінде көрсетуі мүмкін, мәселен.
Міне, осыдан-ақ дәстүрлі құндылықтарын жоғалпаған қазақ қоғамының ішкі потенциалы әлі бар екенін көруге болады. Міне, бұл теріс ағымдағылармен күрестегі бізді қозғашуы күш.