Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектеп оқушысы менингит инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түсті. 11 сынып оқушысының қазіргі жағдайы ауыр, - деп жазды baq.kz.
Ақтөбеде менингит жұқтырған оқушы ауруханаға түсті
2018 ж. 05 желтоқсан
2093
1
16 жастағы ақтөбеліктің дене қызуы көтеріліп, 2 желтоқсан күні Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасына түскен. Дәрігерлер науқасқа «менингит жұқпасының жайылған түрі» деген диагноз қойған.
«Менингококк жұқпасы жыл сайын кездеседі. Қазір баланың жағдайы ауыр. Талапқа сай емдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Менингококк тұрақсыз. Бактерия таратушылардан кез-келген уақытта жұқтыру мүмкін. Сақтанып жүру қажет. Уақытында анықталмаса өлім қауіпі бар. Ал, баламен қатынаста болған барлық жан тексеріледі», - деді Ақтөбе облысының инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева.
Ал, оқушы білім алатын Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектепте карантин жарияланды. Оқушымен жақын араласқан 40-қа жуық адам тексерілген. Білім мекемесінің басшысы Бағдат Орынбаева оқушының бұрын ауырмағанын, денсаулығына шағымданбағанын айтады. Ал, инфекция жұқтырған оқушының сыныптастары дене шынықтыру, технология сабақтарын сыныптарында өткізіп жатыр. Мектеп дәрігерінің жіті бақылауында.
«Оқушының ауырғанын емхана дәрігерінен білдік. 3 желтоқсанда апайлары мен сыныптастары медициналық тексерістен өтті. Әлсін-әлсін дене қызуларын өлшеп тұрады. Мереке қарсаңында сабақтан қалмады. Мектебімізде орын алып отырған алғашқы жағдай. Қазір мектепте сабақтар қалыпты жағдайда жүріп жатыр», - деді №20 орта мектептің директоры Бағдат Орынбаева.
Науқас 25 қарашада ауырып бастаған. Суық тиіп, жөтеліп, мұрыннан су аққан. Дәрігерлер «үйінде өздігінен емделген» деп отыр. Мәліметке сүйенсек, биыл өңірде 6 адамнан менингит инфекциясы анықталған. Былтырғы аймақта осындай 10 жағдай тіркелген еді.