Шығыс Қазақстанда жүк пойыздарын тонап келген ұрылар ұсталды
2018 ж. 04 желтоқсан
2839
1
Қылмыстық топ Қытайдан тиеліп шыққан вагондардан түрлі тауарларды үптеп отырған. Болжам бойынша баукеспелер келтірген шығын жүздеген миллион теңгеден асады.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Дәулет Мақсұтов, Көліктегі полиция департаментінің басқарма басшысы:
- Қаскөйлер ұрлыққа тыңғылықты дайындалған. Яғни, пойыз қашан өтеді, қай вагонда қандай жүк барын білген. Кейін Ақтоғай, Торпалды, Узловая бекеттерінде арам ойларын іске асырып отырған.
Яғни, отарба осы стансаларға тоқтаған кезде, ұрылар ондағы түрлі тауарларды өздерінің жүк көліктеріне тиеп алып, оп-оңай әкетіп отырған. Ал, қолды болған заттарды Алматы, Қарағанды облыстары мен Астана қаласындағы өздерінің сенімді клиенттеріне сатып келіпті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Көліктегі полиция департаменті жүргізген құрықтау операциясы кезінде, бас-аяғы 10 адам ұсталды. Сөйтсе ұры алыстан келмеген екен. Барлығы темір жол вокзалдарының жұмысшылары мен әскерилендірілген күзет қызметкерлері болып шықты.
Жәнібек Нұрсейітов, «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ директорының орынбасары:
- Бізде жауапсыз жұмысшылар барын мойындаймыз. Кейбірінің темір жолдағы ұрлыққа қатысы бар. Оларды анықтап, жазалау үшін құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, жүк пойыздарын бақылауды күшейтеміз.