Қазақстанда латын графикасындағы жалпыхалықтық диктант өтті
2018 ж. 14 қараша
3543
0
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жалпыхалықтық диктант» өткізілді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
30 минутқа созылған диктантқа Алматы қаласы бойынша 120-ға жуық азамат қатысты. 15 жастан асқан кез келген алматылық өз еркімен диктантқа келді.
Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру. Сонымен қатар республика халқының жаңа латын әліпбиіне деген көзқарасы мен танымын тереңдету. Сол арқылы алдағы уақытқа жоспарланған латын әліпбиіне біртіндеп көшу жоспарына негіз қалау үшін халықты жұмылдыру.
Диктант Алматының жоғарғы оқу орындарында өткізілді. Қатысушылар алдымен мәтіннің аудиожазбасын тыңдады. Тыңдап болған соң аудиожазба арқылы диктантты жазды. Тақырыбы – латын әліпбиі жайында.
Диктант аяқталған соң мәтіннің дұрыс нұсқасы лэд экранда көрсетілді. Әр азамат экранға қарап отырып, өз мәтінін тексере алады. Диктант 3,4,5 шкаласы арқылы бағаланады.
Азаматтарға бүгінгі диктант қиынға соқпаған сыңайлы. Шараға қатысқан 2-курс студенті Жанұзақов Берік диктанттан "5" деген баға алған. Айтуынша, диктантты мүлдем қатесіз жазған.
«Кирилл әліпбиіне үйреніп қалғандықтан алғашында қиын болары анық. Алайда бұл өзгеріске бейімделіп кетеміз деп ойлаймын», - деді Берік.