Тимур Пак: Қазақтың нанын жеген адам тілін де білуі тиіс
2018 ж. 12 қараша
3881
0
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өткен акцияға Шымкентте 300-ге жуық адам қатысып, қоғамдық орындарда 1 мыңға тарта акцияның символикасы бар үнпарақтар мен ақпараттық флаерлер таратылды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі ҚХА баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.Тіліміздің мерейін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, 50-ден астам бейнероликтер түсірілді.
Қалада апта бойы жалғасқан акцияны Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қорытындылап, белсене қатысқан ұжымдар мен азаматтарға алғыс білдірді.
«Мемлекеттік тілге конституциялық мәртебесіне сай құрмет көрсетіп, оның барша Қазақстан халқын біріктіруші құрал ретінде тұғырдан көрінуіне үлес қосқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Акцияға белсене қатысып, Шымкент қаласы қазақ тілін шынайы қадірлейтінін паш еттіңіздер. Елге құрмет – тілге деген жанашырлықтан бастау алатынын жеткізіп, қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісі бола білдіңіздер», – деді акцияның белсенді қатысушыларын марапаттау сәтінде М. Қалмұратов.
Игі бастаманың өз деңгейінде өтуіне Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар ісі басқармасы, тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, аудан әкімдіктері мен қаладағы түрлі этнос өкілдері де атсалысты. Мемлекеттік тілде сөйлеу – әр қазақстандықтың міндеті деп санайтын қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Тимур Пак мұндай іс-шараға қатысуды үлкен мәртебе деп біледі.
«Әлемде қазақ халқындай жүрегі кең, көңілі дархан ұлт жоқ деп санаймын. Қиын-қыстау кезеңде барша этностарды құшағына алып, бауырына басты. Өз басындағы қиындығына қарамай, нанын бөліп берді. Ендеше, Қазақтың нанын жеген адам тілін де білуі тиіс, – дейді Т. Пак.