"Пара берген кім?" немесе «пара алды» деген айыптау шындыққа жанаса ма?
2018 ж. 09 қараша
3813
0
Осыдан тура сегіз ай бұрын бұрынғы Астана қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Рауан Рамазанов пен аталмыш мемлекеттік органның басқарма бастығы Еркін Дәулетбаев «22 миллион пара алып жатқан жерінде ұсталды» деген ақпарат тараған еді. Осы ақпарат шындыққа жанасама? Шынымен олар пара алып жатқан жерлерінде ұсталды ма? Параны берген кім? Ол кімнің ақшасы?
«Пара берді» деген «Астана Қалалық Жарық» мекемесінің басшылары Рамазановпен де, Дәулетбаевпен де жеке таныстықтары болмаған, тіпті өмірде көрмеген, кездеспеген, тілдеспеген бейтаныс жандар және олар ешкімге ақша бермегендерін ашық мәлімдеп отыр.
Жалпы, әу бастан «Астана қалалық жарық» серіктестігінің басшылары Астана қалалық Әділет депертаментінің жауапты қызметкерлерін арандатпақшы болғаны бірден байқалады. Оған көз жеткізу онша қиындық тудырмайды. Себебі, олардың іс-әрекеттеріне зер сала қарасаңыз, осындай жымысқылықты бірден байқайсыз. Енді осы ойымызды дәлелдеп көрейік. Егер арандату болмаса, «Астана қалалық жарық» мекемесінің басшылары мемлекеттік мекеме бола тұра, неге мәселелерін шешкізу үшін ақша ұсынбақшы болады? Олар ондай ақшаны қайдан алады және қалай береді? Қисын қайда? Яғни, білдірмей әдейі қақпан құрған. Олай дейтініміз, пара беруші ретінде қарастырылып отырған «Астана қалалық жарық» серіктестігінің директорының кеңесшісі Аманжол Тәжіғалиев о бастан өз ойын қандай жолмен болсын жүзеге асыруды мақсат тұтқаны және Астана қалалық Әділет департаментінің қызметкерлерін арандатудың жолын ұзақ іздегені және қитұрқы іс-әрекеттерге барғаны анық аңғарылады. Департамент қызметкерлері оның ұсыныс-тілегін қайта-қайта қайтарып тастаса да, ол өз ойын жүзеге асыру үшін қайта-қайта келе берген. Егер ақша бере алмайтындарын өздері білсе, соқыр тиын бермесе, ондай ойлары да болмаса, бұның арандату үшін әдейі жасалғаны анық қой. Шынымен де олар Рауан Рамазановқа да, Еркін Дәулетбаевқа да көк тиын бермеген. Ал пара ретінде ұсынылған ақша Астана қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің жеке есебінен алынған ақша екен. Оның жүз мыңы (100 000) ғана шын ақша да, қалған жиырма бір миллион тоғыз жүз мыңы (21 900 000) жалған ақша. Міне осы ақшаны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаментінің қызметкерлері «Астана қалалық жарық» серіктестігінің шофері Әнуар Рамазановқа (Рауан Рамазановпен фамилиялас) берген. Ал Тәжіғалиев «параны» бергісі келмей, әдейі әлденені сылтауратып, шетел асып кетіпті. Мүмкін ар-ұжданы оянған шығар, әлде арандату жасаудың харам іс екені есіне түсті ме екен?! Ал Әнуар Рамазанов соның алдында ғана аталмыш мекемеге автобус жүргізушісі болып (жүргізуші куәлігінде
ондай категория болмаса да) орналасып (яғни заңсыз, ендеше ол Заң бойынша «Астана қалалық жарық» серіктестігінің қызметкері болып саналмайды), Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің тапсырмасын орындаған соң қайтадан жұмыстан шығып кеткен. Бұл жайт та күдік тудырмай қоймайды. Мұқият тексеруді талап етеді.
Бір таңғаларлығы – «параны» (жүз мың (100 000) теңге мен жиырма бір миллион тоғыз жүз мың (21 900 000) жалған ақшаны) «Астана қалалық жарық» мекемесінің көлік жүргізушісі Әнуар Рамазановқа басшылары емес, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Астана қалалық департаментінің қызметкерлері берген. Ендеше бұны пара деп қалай айтуға болады? Бұл таза арандату емес пе?!. Заң бойынша, бұл пара болып саналмайды. Тіпті заңға қайшы іс-әрекет. Осы жерде бір ескерте кететін жайт, көлік жүргізуші Әнуар Рамазанов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, дәл осындай жиырма іске арандату әрекеттерін жасағаны анықталып отыр.
Міне, өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, бұл жерде шын мәнінде пара беру, пара алу оқиғалары атымен жоқ, көпе-көрінеу арандату, қылмысқа итермелеу ғана бар.
Пара дегенді кім қалай түсінеді? Біреу ақша берсе... екіншісі соны алса... міне бұл пара болып есептеледі... Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері соны да білмей ме?!. «Пара алып жатқан жерінде ұсталды» деп жарияға жар салғандары қалай? Ал шындығында жаңағы агенттіктің ақшасын Рауан Рамазанов пен Еркін Дәулетбаев алмаған да, тіпті ол ақшаны көрмеген де... Агенттіктің «параға» берген ақшасы (алпыс мың теңге, қалғаны жалған ақша) аталмыш қызметтің тапсырмасы бойынша әрекет еткен Г. Манапованың сумкасында болған, оның қырық мың теңгесі Манапованың өз ақшасы екен, сонда бар-жоғы жүз мың теңге, ол оны Рамазанов пен Дәулетбаевтың алмайтынын (өз сөзі) біліп, оларға ұсынбаған, яғни бермеген... Мемлекеттік қызмет істері және сыбалас жемқорлыққа қарсыіс-қимыл агенттігі Манаповаға ақшаны өздері береді және Рамазанов пен Дәулетбаевтың алмайтынын білген соң, қайтадан сол Манаповадан өздері алады. Сонда Астана қаласы Әділет департаментінің қызметкерлері өздерінен-өздері пара алмақшы болған ба?.. Бұлай пара алу оқиғасын қолдан жасаудың кімге қажеті болды екен?
Тіпті Р. Рамазанов пен Е. Дәулетбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өздері тықпалаған ақшаны алған күннің өзінде ол шынымен пара болып есептеле ме?!. Заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да бұл ешқашан пара болып саналмайды. Яғни шын мәніндегі пара алу фактісі тіркелмегені айдай ақиқат. Заң қызметкерлерінің осындай заңсыздықтарға барғаны қынжылтады. Сонда «пара алушылар» кімнен пара алған болып шығады өзі? Біздіңше, бұл пара емес, пәле-жала, таза арандату.
Р. Рамазанов пен Е. Дәулетбаев алды деп айыптап отырған 22 миллион теңге қайда? Ол кімнің ақшасы? Ол өзі шынымен бар ақша ма, жоқ әлде, ойдағы немесе қырдағы ақша ма? Алдымен қарапайым осы сұраққа жауап іздейікші. 22 миллион деп ауыз толтырып айтқанмен, ол атымен жоқ ақша ғой. Жоқ ақшаны қалай параға беруге болады? Міне, түсінген адамға, «Астана қалалық жарық» мекемесі басшыларының пара бермек ойлары да болмаған, тек арандату әрекеттерін жасағаны осыдан-ақ беп-белгілі емес пе?! Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз бухгалтериясынан суырып алып берген алпыс мың теңге мен агенттіктің тапсырмасын орындаған Г. Манапованың қырық мың теңгесі және 21 900 0000 жалған ақша параға жатпайтыны есі дұрыс адамға белгілі шығар.
Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу керек! Бірақ бұлай қолдан қылмыскер жасаудың, өздері арандатып, өздері ұстаудың не үшін қажет болғанын түсіну қиын. Сыбайлас жемқорлықпен адам құқын таптамай-ақ, заңды белден баспай-ақ, адам тағдырын ойыншыққа айналдырмай-ақ күресуге болады ғой. Бұл жерде қай жағынан алсаңыз да, жүз пайыз арандату іс-әрекеттері орын алған... Ерте ме, кеш пе, түбі шындық салтанат құрады, әділеттілік орнайды деп сенеміз.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің тергеушілері осындай мәселелерді көпе-көрінеу көрмегенсіп, білмегенсіп отыр. «Жаптым – жала, жақтым – күйе» демекші, тергеу амалдары тек біржақты ғана жүргізіліп, дұрыс әрі толық іске асырылған жоқ. Қалай десек те, бұнда бір құпия-сырдың бары айдай анық... Сондықтан Құқық қорғау органдарының басшыларынан, лауазымды тұлғалардан, шын мәнінде кімнің жазықсыз, кімнің жазықты екенін нақты анықтап, істің тоқтатылуына ықпал етуін талап етеміз. Бұл істі толық зерттесе, тергеу амалдары жан-жақты жүргізілсе, арандатудың не үшін жасалғаны анықталып, істің мүлде басқаша сипат алары анық. Сондықтан бұл істің анық-қанығы толық ашылуы үшін ең алдымен Рауан Рамазанов пен Еркін Дәулетбаевқа қастандық істеген, арандату әрекеттерін жасаған адамдарды ұстап, осы іс бойынша қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Себебі Заң бойынша, қылмысқа итермелеу де, арандату да үлкен қылмыс. Басқа емес, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттгінің қызметкерлерінің өздері де арандатуға жол беріп, адам құқығын аяққа таптап, шикі күйіндегі шалажансар істі аяқтап, сотқа тапсырып жатыр. Астана қалалық Прокуратурасы да біз тізбелеп отырған мәселелерге аса көңіл аудармай отырған сыңайлы. Тек қана қыркүйек айының өзінде Құқық қорғау органдарының басшыларына осы жай-жапсарларға байланысты отыздан аса арыз-шағым жазылған екен. Оның бірде біреуінен нақты жауап келмеген. Құқық қорғау органдарының адам тағдырына осыншалықты жауапсыз қарайтыны алаңдатады.
Сондықтан Бас Прокурордан, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Жоғарғы соттың төрағаларынан, біз сөз етіп отырған факторларға байланысты тергеу амалдарын қайта жүргізіп, Р. Рамазанов пен Е. Дәулетбаевтың тез арада босатылуын талап етеміз.
Нұрлан ШОҚАЕВ,
Қазақ үні