Ақтөбеде жедел жәрдемді бір сағат күткен науқас бала қайтыс болды
2018 ж. 08 қараша
2310
0
Ақтөбеде жедел жәрдем көлігін 49 минут күткен 7 жасар науқас қыз қайтыс болды. Жеткіншектің анасы бұған кешігіп келгені былай тұрсын, алғашқы көмек көрсетудің орнына, өздерін сұрақтың астына алған дәрігерлерді кінәлап отыр. Егер ертерек келгенде талмасы ұстаған қызымды аман алып қалар ма еді деп жылайды. Болған оқиаға ақ халаттылар қандай уәж айтады?
Бұл туралы Еуразия бірініш арнасы хабарлайды.
Жедел жәрдем көлігі келгенше кішкентай қыздың әбден жаны қысылыпты. Қол-аяғы құрысып, жансызданған. Талып жатқан қызын көрген анасы жанталасып тілін ағаш қасықпен шығармақ болғанын айтады. Бірақ, бәрі кеш болған.
«Күліп жүрген бала ғой, тек 5 минут былай жата тұрайын мама деді де, мен жатын бөлмеге кіріп-шыққанша, судорга ұстады қатты. Ертерек келгенде ол тірі қалар ма еді деп ойладым. Ол бала тыныс алып жатты ғой. Тек бар үмітім скораяда болды. Жазалансын! Енді мен бір емес, екінші баламнан солардың кесірінен айрылып отырмын ғой» - дейді марқұм қыздың анасы Динара Баймағамбетова.
Динара Баймағамбетованың «солардың кесірінен» деп қапаланып отырғаны, осыдан 7 жыл бұрын үлкен қызы дәл осылай талмасы ұстап, жедел жәрдем жеткенше жүріп кеткен. Ол кезде көпбаланы ананың шағымданып жүруге жағдайы болмапты. Ал дәрігерлер Інжудің неден қайтыс болғанын 5 күн өткеннен кейін ғана айтып отыр. Оған «механикалық асфиксия» деген диагноз қойыпты. Қазір тәуелсіз комиссия құрылып ,сарапшылар тексеру жүргізіп жатыр. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайға екі нәрсе себеп болды деп отыр.
«Құтқарып қалу мүмкін бе, жоқ па, мен достоверно айта алмаймын. Бірақ мүмкін емес шығар деп айтам. Себебі, 3 категория болғасын, мына звонок түскеннен кейін 30 минутта келу керек, 49 минуттан келіп отыр. Қазіргі уақытта мына екі себепті предварительно тауып отырмыз. Бірінші себеп - человеческий фактор. Звонок алған диспетчер звонок себебін дұрыс жазбаған, дұрыс емес катеоргияға беріп отырғаны. Екінші себеп- волнениядан анасы адресті қате айтқан. Бригада басқа адреске барған» - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Бұл мәселе еліміздің бас дәрігерінің де бақылауында. Елжан Біртанов мән-жайды зерттейтінін айтты.
"Әлі хабар маған түскен жоқ. Қашан болғаны. Бүгін бүкіл ақпаратты көтеріп зерттеп, қосымша ақпарат береміз міндетті түрде. Біз мұндай жағдайдан тығылмаймыз білесіздер ғой. Кішкене уақыт беріңіздерші" – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қоңырауды дұрыс қабылдап алмаған диспетчер мен шақыруға барған дәрігерді уақытша қызметінен шеттеткен. Светлана Есенаманова олардың қызметінен қуылуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Ал қара жамылып отырған отбасы дәрігерлердің үстінен құқық қорғау орындарына шағым түсіріпті. Жалпы, жедел жәрдемнің жайсабарлығынан баланың қаза болғаны бірінші рет емес. Биыл сәуірде 10 жасар оқушы қыз сабақ үстінде жүрегі ұстап, жан тапсырған еді. Сол кезде оқушының ата-анасы жедел жәрдемге 18 рет қоңырау шалғандарын айтып, шағымданған болатын.