Ақтөбеде тірідей жанып кеткен 52 өзбектің туыстары 150 миллион теңге талап етуде
2018 ж. 31 қазан
2087
0
Прокурорлар Ақтөбе облысында 52 өзбекстандық азаматтың өліміне себепкер болған автобусты тізгіндеген 3 жүргізушіні бірнеше жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ мемлекеттік айыптаушы олардың жазаны түрмеде емес, қоныс колониясында өтегенін қалайды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.- Перенебеков Мақсат Фахруддинұлы, Таңатов Марат пен Қырғызбаев Нұржанға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жолаушыларды тасымалдау саласында атқару құқынан айыру және көлік құралын жүргізу құқығынан 7 жылға дейін айыруды сұраймын, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Автобус өртенгенде тірі қалған үш жүргізуші өз кінәларын осы күнге дейін мойындамады. Олар 8 айдан бері қамауда отыр. Үшеуінен бөлек сотқа Шымкенттегі автопарк басшысы мен механигі жауап беруге қолхатпен қатынап жүр. Бірақ прокурор жарыссөз кезінде оларды сот залынан қамауға алып, 7 жылға бас бостандықтарынан айыруды талап етті. Енді үкім бірер күнде шығуы керек. Қаза тапқан өзбекстандықтардың туыстары сот барысын Сарағаш ауданынан тікелей байланыс арқылы бақылады. Олар сотталушылардың қатаң жазаға тартылып, марқұм болғандардың әрбірінің отбасына 150 миллион теңгеден моралдық шығын өндіруді талап етіп отыр.