Азат Перуашев салықтық даулар бойынша талап қою мерзімін өзгертуді ұсынды
2018 ж. 25 қазан
1855
0
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы мен Орталық кеңес Президиумының бірлескен отырысында Жолдауды талқылау кезінде Азат Перуашев салықтық даулар бойынша талап қою мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту мәселесіне қайта оралуды ұсынды.
Бұдан әлдеқайда бұрынырақ, өткен жылдың қаңтарында «Ақ жол» депутаттары дәл осындай өтінішпен Үкіметке жүгінген еді. Сол кезде демократиялық фракция мүшелері салықтық даулар бойынша қолданыстағы 5 жылдық талап қою мерзімі бизнеске шамадан тыс қысым жасайды деп мәлімдеген болатын. Ресейлік салық заңнамасында кәсіпкерлер үшін мейлінше оңайлатылған талап қою мерзімі белгіленген – 3 жылдық мерзім. Ол кәсіпкерлердің бастамашылық етуімен ғана ұзартыла алады, мәселен, қосылған құн салығын (ҚҚС-ны) қайтару үшін.
Сол кезде үкімет бейне бір кәсіпкерлердің өздері 5 жылдық мерзімді сақтауды сұрап тұрған сыңайлы дегенге сілтеме жасай отырып, партияның бұл ұсынысынан бас тартқан еді. Нәтижесінде, бизнес үнемі күні өтіп кейіннен жүргізілетін салықтық тексерулердің тоқпағының астында жүреді. Және де кемшіліктерді анықтау кезінде, тіпті бұрын бірнеше рет тексерушілердің өздері жіберген қателіктер кезінде салық бойынша бересі ғана емес, сондай-ақ барлық мерзім үшін өсімақылар мен айыппұлдар салынған. Соңында, айыппұлдар мен өсімдердің мөлшері 5 жыл ішінде тіпті салық борышының көлемінен асып түседі, сөйтіп кәсіпорынды күн көрістің шегіне әбден жеткізіп, дағдарысқа ұшыратады», – деп түсіндіріп өтті Азат Перуашев.
«Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі Жолдауында дәл айыппұлдар мен өсімақыға қатысты салықтық амнистия яғни, салықтық рақымшылық жүргізуді тапсырды. Осылайша, бұл мәселе Мемлекет басшысының тарапынан саяси бағалауға ие болды.
Менің ойымша, бизнес партиясы ретінде «Ақ жолдың» тақырыпты одан әрі дамытуда жүйелі шешім ұсынуы құптарлық дүние. Нақтырақ айтсақ – біздің жақын көршіміз әрі Еуразиялық Экономикалық одақтағы бәсекелесіміз Ресей елін үлгі ете отырып, салық бойынша талап қою мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту бастамасына қайта оралу қажет», – деп ол өз сөзін бекіте түсті.
Осыған байланысты, партия төрағасы фракция аппаратына «Ақ жол» парламенттік фракциясының тиісті депутаттық сауалын екінші қайтара әзірлеуін тапсырды. Ол алдағы сәрсенбі күні Мәжілістің пленарлық отырысында Үкіметке жолданады.
qazaquni.kz