Елімізде 2018 жылдың соңына дейін еңбек кітапшалары қолданыстан шығады. Енді қағаз еңбек кітапшасы электрондық форматқа көшеді. Қазақстанда e-HR жүйесі біртіндеп енгізіліп жатыр. 2019 жылға қарай жұмысқа орналасу барысында еңбек келісімшарттары онлайн режимде жасалатын болады.
Бұл туралы baq.kz хабарлады.2018 жылдың соңына дейін еңбек кітапшалары қолданыстан шығады
2018 ж. 23 қазан
1861
0
«Бүгінгі таңда жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасында іскерлік қарым-қатынастарды осылай рәсімдеу әдісі аса маңызды, себебі қазір көбі бір-бірімен қашықтықтан әріптестік орнатады. Жақында жұмысқа орналасу үшін тек жеке куәлік қана керек болады, ал қалған құжаттар базада сақталады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда бұл функция enbek.kz сайтындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі саналады. Мәселен, электрондық еңбек биржасында цифрлық форматта жұмыскер профилі жүргізіліп, еңбек келісімшарттары бекітіліп отыратын болады.
Еңбек министрлігінің өкілдері жұмыс берушілерге электрондық жеке істер қалыптастыруды ұсынып отыр. Адамдар жұмысқа орналасқан кезде құжаттарын ұсынады, онымен қоса, жұмыскерлердің рұқсатымен олардың ЖСН-дерін бірыңғай базаға жіберу ұсынылуда. Бұның нәтижесінде жұмыс беруші куәландірілген электрондық ақпаратты, яғни цифрлық жеке істі ала алады. Одан кейін жұмыскерлердің құзыреттерін онлайн-режимде растауға мүмкіндік болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқұшевтің айтуынша, электрондық жүйе қағазбастылықты ұмытып, еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік береді.
«Нәтижесінде, қазақстандықтар жұмысқа тек жеке куәлігі арқылы орналаса алатын болады. Диплом, медициналық анықтама сияқты басқа қажетті құжаттар мәліметтер базасында тұрады. Сондай-ақ, бұл формат жұмыстан шығып қалған адамды электрондық еңбек биржасына автоматты түрде орналастыруға мүмкіндік береді», - деді Мұқұшев.
Биыл пилоттық жоба бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады. Бұл жүзеге асып жатқан жүйенің тиімділігін тексеру үшін қажет. Ал электрондық еңбек келісімшарттарын рәсімдеуге 2019 жылға қарай толық көшу жоспарланып отыр.