Кәсіподақ – еңбек адамының құқығын қорғау үшін күрессе ғана, кәсіподақ
2018 ж. 22 қазан
4155
0
Елімізде ірі 3 кәсіподақ бар болса, соның ішіндегі осы атауға ең көбірек лайықтысы - Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (ҚТКК), орысша атауы - Конфедерация свободных профсоююзов Казахстана (КСПК) деп аталатыны ғана. «Біздің билік осы тәуелсіз конфедерацияны жабуды алдына мақсат етіп қойды» дейді тәуелсіз заңгер Жаңабек Әбішев.
«Неге?» деген заңды сұрақ туады мұндайда. Заңгердің айтуынша кәсіподақ деген ұйымның өзі тиісті жағдайда жұмыс берушілердің қитұрқы әрекетінен жұмыскерлерді отандық және халықаралық заңнамалар шеңберінде айқаса жүріп қорғайтын, қорғауға тиіс ұйымның атауы. Кеңес кезінде жұмыс беруші жүз пайыз мемлекеттен тұратын. Сондықтан, шынайы кәсіподақ ол кезде болды деп айтуға ауыз бармайды. Енді кейінгі 27 жылда саяси, қоғамдық жағдай күрт өзгергенімен мемлекетіміздің кәсіподаққа деген көзқарасы сол өзгермеген күйінде қалды – ол кәсіподақ бүгін де «қолбаланың қызметін атқарып, «ләппай!» деп құрақ ұшып тұрса, саусағымның ұшымен шақырсам, зыр жүгіріп алдыма келсе, айтқаныма көнсе, айдауыма жүрсе» деген кеңестік көне мұраның жаңа кейіпті сарқыншағы. Кәсіподақ өз атына сай жұмыс істей бастаса ол оппозиция атанып шыға келеді, ал, оппозицияны біздің биліктің онша жақсы көрмейтіні, шамасы келсе жабуға дайын тұратыны белгілі...
Ал, кәсіподақ секілді ұйымды жабу – сот шешімі арқылы жүзеге асады. Және заң атаулыны белден баса отырып. Оларды жабу жайлы біздің Азаматтық Кодексте де, Қылмыстық Кодексте де айқын, қысқа да нұсқа етіп ештеңе жазылмаған. Ол қоғамдық ұйымдар қатарында қаралады. Олардан бөлек заңды тұлғалар бар. Кәсіподақтың жұмысына мемлекеттің араласуға хақысы жоқ – Конституциямыздың 5-бабының 2-тармағына сәйкес «Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейді». Ал, Қылмыстық Кодексте бұл ережеге қатысты, соның ішінде «мемлекет қоғамдық бірлестік ісіне араласа алмайды» деген бап атымен жоқ...Тек оның 9-тарауында «Коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» жайлы айтылады.
Екіншіден, біздің жаңа тарихымызда, 1917 жылдан бергі тарихымызда кәсіподақ ұйымын жабу деген оқиға болмаған. Сондықтан, соттар оны қалай жабуды білмейді. Сот енді не істейді? «Кәсіподақ ұйымын, яғни, заңды тұлғаны жаптық» дейді-дағы, соны сылтау етіп ұйымның БИН-ін алып қояды. БИН дегеніміз – бизнес-идентификациялау нөмірі. Яғни, сіздің есеп-шотыңызға ешнәрсе түспейді де, сіз одан ешнәрсе аламайсыз да деген сөз. Бұл – заңсыз. ҚР Азаматтық Кодексінің 49, 50-баптарында кез келген заңды тұлғаның қалай жабылуы тиіс екендігі көрсетілген, сондағы заң талаптарына қайшы.
Біздің Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (ҚТКК) Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы деп аталатын еуропалық ұйымының мүшесі. Соған біздің кәсіподақ мүшелік жарна жөнінен қарыз. Бір жылда бір рет төлеп тұруымыз керек, ал, біздің есепшотымыз, БИН-іміз жабық. Бір соттастық. Сот шешімін бұздыра алмадық. Біздің кәсіподақтың орнына үкіметтің қолдауымен «Аманат» деген кәсіподақ құрылды. Бізге «сендер де жаңа кәсіподақ құрыңдар, соны тіркеп берейік» деген ауызша келісімнен соң өтініш бергенбіз. Бірақ, өтінішіміз «ана жердегі нүктесі дұрыс қойылмаған, мына жердегі үтірі қалып кеткен» деген сан-алуан желеумен ол да тіркелмей жатыр.
Кәсіподақ жетекшісіне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Кәсіподақ та партия секілді қоғамдық ұйым қатарына жатады, екеуінің құқықтық мәртебесі бірдей. Партияның түкпірдегі бір ауылдағы тұрғыны бастауыш партия ұйымының атына «мына партия мүшесі ретінде жарна төлеп тұрмын, бірақ, партиям мені қорғамайды» деген секілді арыз жазса, сол үшін партияның республикалық жетекшісін соттау ешкімнің ойына келмейді ғой? Ал, бұл жерде кәсіподаққа қатысты дәл сондай сылтаумен кәсіподақ жетекшісі Лариса Харькова сотталды.
Одан бөлек сіз жарнатөлеген күннен бастап ол жарна сіздің ақшаңыз болудан қалады, өйткені, сіз оны өз еркіңізбен төлеп отырсыз! Енді ешкімге жарна төлегеніңізді желеу етіп шағымданудың заңсыздығы былай тұрсын, ол күлкілі жағдай. Ол аз десеңіз, Лариса Харькова Қылмыстық Кодекстің 250-бабымен, «Өкілеттіктерді теріс пайдалану» деген тұжырыммен жауапқа тартылды, ал, ол бап жоғарыда айтылған «Коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» туралы тарауға жатады. Яғни, біздің сот айыпталушыны Қылмыстық Кодексте көрсетілмеген баппен соттады...
Сосын біз не істедік? Заңды қадағалау тікелей қызметтік міндеті болып табылатын прокуратура деген құзыретті мекеме барын білесіздер. Оның кез-келген деңгейдегі бөлімшесі заң нормаларын түсіндіруге құқылы және міндетті. Біз сондықтан еліміздің Бас прокуратурасына «республикалық кәсіподақ ұйымының басшысын Қылмыстық Кодекстің 250-бабымен соттау қаншалықты заңды?» деп қайта-қайта сауал жіберумен болдық. Ал, олар олай құбылтып, былай құбылтып, бізге нақты жауап бергісі келмейді. Бірақ, мен қулығымды олардан асырдым-дағы, аудандық прокуратурадан алып алдым жауапты.
Біздің тынымсыз әрекетіміздің арқасында еуропалық ұйымдар еліміздегі құқық қорғау органдарының немен айналысып жатқанынан хабардар болып отыр. Былтырдан бері бірнеше халықаралық делегация елімізге келіп кетті. Мысалы, солардың біреуі, жоғарыда аты аталған халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы болса, біреуі БҰҰ-ның бір бөлімі болып есептелетін Халықаралық еңбек ұйымы, Америкадағы Ғаламдық еркін кәсіподақтары. Осы соңғы ұйымға әлемнің түкпір-түкпірінен көмек сұрап келетіндер, хабарласатындар көп болады.
Олардан бөлек Еуроодақтан қонақтар келіп кетті. Ал, кәсіподақ жабылғанымен, оны қайта тірілту мәселесі ешқашан тоқтамақ емес. Біздің билік «заңдарымызды түзейміз, халықаралық қалыптарға (нормаларға) сай етеміз» дейді. «Мұсылман айтса сен» деген, еуропалықтар «е, міне, бізге уәде берді ғой, енді олар заңдарын да түзейді, өздері де түзеледі» деген үміт-сеніммен елдеріне қайтады. Былтыр біз АҚШ-тың елшілігінде болғанбыз. Сонда бір мәселе шешілген еді. Сонда біздің бәрімізге америкалықтар тарапынан «Егер біз Қазақстанға берілетін түрлі жеңілдіктердің біразын алып тастасақ, сіздердің үкіметтеріңіз адам құқығын бұзбайтын бола ма», яғни, айтып отырғанымыздай түзеле ме?» деген сұрақ та қойылған еді. Мен «түзелмейді» деп жауап берген едім. Сөйтсем, қателесіппін. Олар жеңілдіктерді бірқатарын алып тастап еді, біздің биліктегілер қайта-қайта шабуылдап жүріп, екі жақ келісімге келеді.
Жалпы, халықаралық кәсіподақтық ұйымдардың ескертпесін елемеуге болмайды. Болмайтынын түсіну үшін бір ғана мысал келтірейік. Сонау 2003 жылы Халықаралық еңбек ұйымына Беларусь елінің салалық кәсіподақтарының бірінен түскен арыз-шағым бойынша бұл ұйымның әкімшілік кеңесі Беларусқа комиссия жібереді. Ал, арыздың мағынасы тура біздің жағдайға ұқсас болған – үкіметтің талап етуі бойынша оларда да әлгі кәсіподақ жабылған екен. Мәселе Беларусь елінің президенті Александр Лукашенконың араласуымен аяқталады: кәсіподақты тарату жөніндегі шешім бұзылады, ал, үкіметтің бұл істегі кінәлі азаматтары қызметінен қуылады.
Неге президент А.Лукашенконың өзі араласады деген сұрақ тумай ма? Халықаралық еңбек ұйымы мемлекеттің кәсіподақ ісіне заңсыз араласқанын көргеннен кейін өзінің тәжірибесінде қолданып жүрген әдіске жүгінеді: БҰҰ-ның құрылымдық бөлімі ретінде ол халықаралық қаржылық ұйымдарға – Бүкіл дүниежүзілік банкке, Халықаралық валюта қорына Халықаралық еңбек ұйымының алдындағы өзінің мойнына алған міндеттемесін орындамайтын елдерге санкция қабылдау жайлы өтініш жасай алатын құқығын пайдаланады. Соның салдарынан Беларусь елі халықаралық несие аларда пайдаланып жүрген өзінің жеңілдіктері мен преференцияларынан айрылады. Ал, бұл соққы елдің экономикасына ауыр тиеді, сондықтан, президент Лукашенконың өзінің араласпауына, жағдайды өз абыройын жұмсап барып жөндемеуіне амалы қалмайды...
Аса ірі норвег кәсіподақтары тағайындаған Артур Свенсон атындағы адам құқығы бойынша берілетін халықаралық сыйлықты 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев, Әмин Елеусінов үшеуі адамдардың еңбек құқығын қорғау жолындағы күресі үшін алды. Бұл үш кәсіподақ белсенділері осы жолдағы күресі үшін сотталған болатын. Л.Харькованың бостандығы шектелген болса, соңғы екі азамат бас бостандығынан айрылып, түрмеге қамалған еді. Осы аталған азаматтар халықаралық ынтымақтастықтың арқасында бүгін азатттық алып отыр.
Қызық жағдай. Біздің жабылған кәсіподақ ұйымымыздың өкілдері халықаралық сыйлық алады. Онымен де қоймайды, халықаралық түрлі жиындарға да шақырылады. Билік қате қадам жасағанын мойындағысы келмейді, біздің елдің ұйымына, жеке азаматтарына шамасы келгенімен, халықаралық ұйымдардың талабын орындауға, біздің кәсіподақтың өкілдерін жиындарға қатыстыруға мәжбүр.
Бір сөзбен айтқанда, күрес жалғасып жатыр. Біз өз тарапымыздан Бауыржан атамыздың бір ғана сөзін еске түсіріп кеткіміз келеді: «Әділдік әрқашан жеңеді, тек кешігіп жүреді».
Алмамбет ӘЗИЗҰЛЫ
qazaquni.kz