"Жат идеологияны дәріптеу": Елімізде Комсомолдың 100-жылдығы тойланды
2018 ж. 22 қазан
4100
0
Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асқан, мәңгілік ел болуды мақсат еткен Қазақстан мен келмеске кеткен Кеңес одағының үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Негізі егемен елде өмір сүріп жатқан кез-келген азамат бұрынғы билікті аңсап, бүгінгі идеологияға жат қадамға барса саяси жауапкершілігі қузастырылуы керек еді. Алайда, біздің елде бұл мүмкін емес. Себебі, ел билігінің өзі Кеңес дәуірінің күпісін әлі шеше алған жоқ.
Басы бар адамға қазақ халқының қызыл империядан қандай қысас көргенін айтып жатудың өзі артық. ХХ ғасырдың табалдырығын аттай бере күш алған коммунистердің бейбіт қазақ халқын қойша қырып тастағаны кім-кімге де аян. Алайда, осы ғасыр қылмысын Кеңес өкіметінің заңды мұрагері Ресей елі мойындағысы келмейді. Ал оларды жағасынан алып, мойындауға мәжбүрлеп жатқан қазақ билігі тағы жоқ. Қылмысын мойындату дейміз-ау, біздің билік керісінше Кеңестік кездің сойылын соғып, солардың сөзін сөйлеп отырғандай. Бұған дәлел, еліміздің ауыл-аймағы комсомолдың 100 жылдығын тойлауға тас-түйін дайын отыр.
Қылышынан қан тамған қызыл империяның оқтаулы мылтығы болған комсомол ұйымы 1918 жылы құрылған екен. Барша халықтың терезесін тең етеміз деген ұранмен күліп кірген коммунистер күн өте келе кіші ұлттарды күң етті. Әне сол қанды қылмысты коммунистердің оң қолы болған комсомолдар талай қазақтың қанымен шөл қандырғаны шындық. Қызыл комсомолдың қанды тырнағы сіздің де, біздің де бабамыздың шыбын жанын шырқыратқан болу керек. Мұны айтпаған күннің өзінде, кез-келген тәуелсіз елде басқа бір үкіметтің идеологиясын, саясатын дәріптеу сол елдің егемендігіне қауіп төндірері сөзсіз.
Бірақ, біздің Қазақстанға бәрі бір. Өзіміздің тәуелсіз еліміз, партиямыз, Президентіміз, мемлекеттік рәміздеріміз, әнұранымыз бар екенін ескермей ескіні естен шығара алмай отырмыз. Керек десеңіз комсомолды жоқтатпайтын жастар ұйымдары да бар. «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты комсомолдардан кем деп кім айта алады. Бір қызығы дәл осы «Жас Отан» жастар қанатының құрамында болуы тиіс қыз-жігіттеріміз өзі өңінде тұрмақ түсінде көрмеген комсомолдың тойын тойлап жүр. Бұл жерде біз Павлодар Облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі алдында бір топ адамның сүйегі қурап кеткен комсомолдарға құрмет көрсетіп, жұрт наразылығын тудырғанын айтып отырмыз.
Комсомолдың 100 жылдығын атап өтуге Қазақстанның әр өңірі ниетті көрінеді. Шығыс Қазақстан облысы Д.Серікбаев атындағы техникалық университеті күні кеше мынадай «сүйінші» хабар таратты.
- Д.Серікбаев ат. ШҚМТУ-дың бас оқу ғимаратының мәжіліс залында Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының (БЛКЖО) 100 жылдығына арналған жастар істері Комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясының ШҚҚФ-ның бірінші орынбасары Майраш Екибасова, педагогика кафедрасының профессоры, кейіннен С. Аманжолов ат. ШҚМУ Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ленста Әубәкірова бұрынғы комсомолдық белсенділер Алексеев Александр мен Бородаев Николай қатысты. Кездесу барысында аға ұрпақ жастармен тәжірибе алмасты. Тыңдармандар алдында сөйлеген сөзінде қонақтар сол жылдарда қандай іспен айналысқандары туралы және бұл әрекеттің кейінгі өмірде қалай көмектескені туралы әңгімеледі.
Сонда бұлар елдің ертеңі, ұлттың болашағы болатын жастарға не тәрбие бердік деп мақтанып отыр екен?!
Бұны аз десеңіз, тәуелсіздіктің тұғыры Алматының өзінде комсомолдың атаулы күнін мерекелеп бастапты. Әлеуметтік желіде жазылуынша, Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында мерекелік концерт өткен көрінеді. Үлкен сахнаның дәл төрінде күн көсем – Лениннің бейнесі тұр. Ал егемен елдің әскерлері қолына комсомолдың туын көтеріп тұр. Сонда біздің сарбаздарымыз қай елдің туын қорғауы керек? Тәуелсіз Қазақстанның ба, әлде Кеңес одағының ба?! Бұл алқалы жиынға кімдердің қатысқаны жайлы нақты ақпарат әлі шыққан жоқ.
Сонда біз халқымыз алдында кешірілмес қылмыс жасаған жауыздардың жеңісін тойлап жатырмыз ба? Басқаша айтқанда, ата-баба әруақтарының қабырғаңды қайыстырар қанды шерін өз қолымызбен жуып-шайып жатырмыз. Өзіміз бастап осындай қадамға барсақ мыңдап емес миллиондап қылылған қазақтың қанын кім арқалайды. Ұлттық тамырымызға қан жүгіртуді көздеген Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бастамасы қайда қалды? Елбасы "ұлттық рухты оятыңдар" деді, "ұлттың тамырына балта шабыңдар" деген жоқ.
Егер осы беті кете берсе, 29 қазан - комсомолдың құрылған күні бүкіл Қазақстан кәрі-жас демей қызыл галстук байлап, қызыл ту ұстап көшеге шығып мереке тойлармыз. Ал аман-есен бұл тойды тойлап тастасақ төрт жылдан кейін бұдан да үлкен дүбірлі той келеді. Осы қарқыннан таймасақ 1922 жылы Кеңес одағының 100 жылдығын да дабыралы түрде атап өтерміз. Айтпақшы мені тағы бір таңғалдырғаны, Ресей мен Беларусь 25 қазан күні комсомолдың 100 жылдығына орай арнайы почта маркасын таратады екен. Ошақтың үш пұтындай іргеміз ажырамас елдер едік. Ана екі елдің бастамасын біздің ел неге жалғастырмай жатыр екен?!
Қуаныш Қаппас, Дереккөз: abai.kz