Қарқара көтерілісінің қаһарманы Тұрлықожаның аты Қызылшекараға сұранып тұр
2018 ж. 20 қазан
4550
0
Ауылдастарыма һәм Райымбек ауданы әкіміне үшбу хат
Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара ауылының атын «Үлгілі» деп өзгертуге қатысты 20 қазан күні Қызылшекара ауылындағы Көдек Байшығанұлы атындағы мектепте жиын өтуге тиіс еді. «Үлгілі» атауына қарсы мақала жазғаным үшін маған арнайы шақырту келді. Енді жолға шығайын деп жатқанымда аудан әкімшілігі бұл жиынды кейінге қалдырғанын хабарланды. Сол жиында айтуға тиіс ойымды енді хат үлгісінде жолдауды жөн санап отырмын.
Құрметті, ауыл тұрғындары!
Құрметті, аудан әкімі Жолан Омаров мырза!
Мен 15 қазан күні Райымбек ауданы әкімінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан Қызылшекара ауылының атауын «Үлгілі» деп өзгертуге шешім шыққанын оқыдым. Кешегі тоталитарлық кеңестік жүйе қазақтың тарихи жер-су аттарын мәңгілікке ұмыттырып жіберу мақсатында оңды-солды жер аттарын ауыстырып, осы біздің ауданның өзінде Октябрь, Ленин, Крупская, Исаев, Большевик, Ынтымақ, Карл-Маркс, Үлгілі, т.б секілді ондаған атаулар қойған еді. Осылайша, ел жадындағы тарихи атаулардың көпшілігі санадан өшті. Сондықтан да бұл ұмыту қазақ руханияты үшін ауыр соққы болағанын айта кетуді өзіме міндет деп білемін!
Қасиетті де, қастерлі туған жеріміздің, туған ауылымыздың атын «Үлгілі» деп атасақ» деген ниеттеріңізге осы ауылдың тумасы ретінде қарсы болуымның себебі барлығын ескерте отырып, алдымен ауыл халқынан мың мәрте басымды иіп, кешірім сұрағым келеді!
Мен "Үлгілі" деген атауға неге қарсымын? Бұл мәселені мысалмен түсіндіргенді жөн санап отырмын. Қазір Нарынқолдың атын өзгерту жайлы мәселе қозғалды дейік. Нарынқолдықтар біз бұрын «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоз болғанбыз. Сондықтан ауыл атын «Октябрь» деп өзгертейік десе, не болар еді? Бүкіл Нарынқол үдіре түрегелер еді. Қоратоған халқы ауылына кеңестік көп басшының бірі Исаевтің атын бере ме? Бермейді. Тіпті, осы өңірге еңбегі сіңген Ораз Жандосовтың өзіне сарыбастаулықтар қайыра ауыл атын қоймайтынына менің көзім әбден жетеді. Олай болса, тәуелсіз ел болып, еңсемізді тіктеген тұста тарихи мәні мен маңызы көмескіленген «Үлгіліні» біз неге ауылымыздың аты етіп қоюымыз керек? Осыны тағы бір мәрте тереңінен ойластыруларыңызды сұраймын!
Құрметті, ауыл тұрғындары!
Аудан әкімі Жолан Омаровтың әлеуметтік желідегі парақшасынан «Ауылдың Үлгілі деп аталатыны туралы» хабарды естіген кезде бірсұмдық күйге түстім. «Сан ғасырлық тарихи атаулар тұрғанда, ел мен жерге еңбегі сіңген тау тұлғаларымыздың аты тұрғанда неге ескі шапанды киюге құмарта қалдық?» деген ойды айту үшін осы ауылдың тумасы, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлына телефон соққан едім, Нұрбол бауырымызды ала алмадым. Сосын уатсап әлеуметтік желісі арқылы бар ойымды аудио-жазба түрінде жібердім. Оған да жауап болмады. Ресми тұлғалармен байланыса алмаған соң, осы өңірден шыққан бірнеше азаматтармен, қаламгермен пікірлестім. Олардың барлығы да, менің ойымды қуаттайтынын айтты. Тіпті, кеңестік жалаң ұран «Үлгілі» деген атауға күлгендері де болды.
Мен амалсыздан бар ойымды өзім басшылық ететін республикалық Abai.kz ақпараттық порталына жазып, қоғам талқысына салуға мәжбүр болдым.
Мақаламда біріншіден, Қызылшекараның атын биыл 130 жылдық мерейтойы өткелі жатқан Көдек ауылы деп атауға болатынын, осы ауылда Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектеп бар екенін, соны негіз етіп, қазақтың біртуар ұлдары Әуезов, Жансүгіровтердің таңдайын қақтырған арқалы ақынды ұлықтауға, атына ауыл беруге болатынын айттым.
Екіншіден, Қарқара көтерілісінің қаһарманы Тұрлықожа Жансеркеұлының атын Қызылшекараға сұранып тұрғанын тілге тиек еттім. Осы ауылдың азаматтары құрған «Бес Жайнақ» қоры ауылдың аты «Тұрлықожа» деп өзгерсе, ауылдың арқасынан (арка) бастап, біраз игілікті істерді жасауға дайын отырғандарынан хабарым бар еді. Сондықтан да, Тұрлықожа атамыздың әруағы үшін ауыл аты қойылса, қос қолдап қолдайтынымды білдірдім.
Үшіншіден, осы өңір қасиетті деп қадір тұтқан, аңызды атамыз Жұрын әулиенің атымен ауылды атауға болатынын сөз еттім. Қызылшекарада қасиетімен аңызға айналған әулие бабамыздың атында мешіт бар. Осы біз тұрған Сүмбе ауылдық округі аумағында "Жұрын сай" деген тарихи жер де бар. Осыларды негізге алып, «Жұрын әулие» ауылы десек те болатынын еді.
Төртіншіден, «маған салса, Бердібек Соқпақбаевтің атына бір-ақ тоқтар едім» деп өзімнің өмірлік арманымды қостым. Бердібектей қазақтың классик жазушысы туып, еңбек еткен ауылға (мұғалім болған) Бекеңнің атын берсек, әбден лайық болмас па еді деп ойладым.
Мен кеше Алматы облыстық ономомастика бөлімі тікелей бағынышты облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Карбозұлымен телефон арқылы пікірлестім.
Ол кісі менің тұлға атауларына қатысты ұсыныстарымның қабылданбайтынын, бұл туралы мемлекеттің арнайы қаулысы бар екенін ескертті. Сондай-ақ, Айдар Карбозұлы «Мемлекет бекітіп берген 200 атаудан өзге, жер ыңғайына сәйкесетін тарихи жер-су аттары болса, біз қарсы болмаймыз. Ауыл азаматтарымен ақылдасып, шешіңіздер» деді.
Құрметті, ауыл тұрғындары!
Әрине, ауылдың атын қою көпшіліктің ісі болғандықтан, менің айтпақ болып отырған төмендегі атауларды тек қана ұсыныс екенін, барлық мәселені осында жиылған көпшілік шешетінін ескерткім келеді.
Бірінші нұсқа – Жабыр. Қызылшекараға "Жабыр" деп тарихи ат қоюға болады. Ауыл Жабырдың жалпақ жотасының етегінде тұр. Сөздің өзі – таза қазақтың сөзі. Қайнардан басталып, Сүмбедегі Үйсінтауға барып тұйықталатын қырқалар тізбегін сан ғасырдан бері Жабыр деп келеміз. Лабасыдан басталып, Өрге шығып, Ілеге айналатын Текес өзенінің атауын Текес ауылы ғана (Текестің тарихи аты - Сарыбел) меншіктеп тұрғанда, жалпы жотаның атын неге Қызылшекараға бермеске? Ауыл нақ Жабырдың қойнауында тұрған жоқ па?
Екінші нұсқа – Өмеке. Жабыр жотасының ең биік жері – Өмеке. Өмекеміз Қызылшекараның қақ төрінде тұр. Бұл осы жердің – нақ тарихи атауы. Бабаларымыз сан ғасырдан таза қазақы қоңыр үнмен «Өмеке» деп келген жотаның дәл етегін неге «Өмеке» деп атамасқа? Құлаққа да жағымды, сіңісті ат. «Біз ауылға атын берейік» деп отырған қастерлі тұлғаларымыздың бәрі де осы жотаны «Өмеке» деген. Бізден кейінгі сан ұрпақ, бұл жотаны «Өмеке» дейтіні тағы рас. Сондықтан да бұл атау ауыл атына лайық секілді.
Үшінші нұсқа – Есікарт. Махмұт Қашқари сызған картадан қазір ел «Есекартқан» деп атайтын асуды "Искарт" деп көрсеткен. "Иск", яғни Есік - қасиетті, "арт" – асу деген сөз. Сол осыдан 900 жүз жыл бұрынғы түркілер дәуіріндегі тарихты қайта жаңғыртып, Есікарт ауылы деуге әбден болады.
Төртінші нұсқа – Таутоған. Ел «Қалмақтоған» деп атайтын арна сонау етектегі Сүмбе өзенінен басталып, тауды қиалап, осы Қызылшекараға келгенде таудың үстіне бір-ақ шығады. Етектегі суды жетелеп, таудың басына алып шығу – адамзат өркениетінің кереметтерінің бірі. Бұл қазір тарихтан белгілі болғандай қалмақтардан қалған тарихи жәдігер емес. Ежелгі Үйсіндер, яғни біздің ата-бабаларымыз егіншаруашылығымен айналысқанын тарихшылар дәлелдеді. Сол Үйсіндерден қалған ғаламат архитектуралық жәдігерді жаңғыртатын кез жеткен секілді. Мұның сыртында ел ішінде бұл тоғанды Ниязбек бай қаздырған деген аңыздар да бар. Қызылшекарадағы судың мәселесін шешу үшін мен ес білгелі Белтоған неше рет қазылды. Одан шыққан топырақ әлі күнге тау-тау болып, үйіліп жатыр. Сондықтан, қай жағынан алсаңыз да, бұл атау ауыл атына қонымды болады деп есептеймін.
Бесінші нұсқа – Сымтас.
1. Патшалық Ресейдің «Восточное обозреше» газетде 1884 жылдың 12 қаңтарында жарық көрген санындағы «Коореспонденций» деген мақаланы оқыдым. Сол мақалада Сүмбе өзенінің Текеске құяр саласына жақын қыраттарды Геден-шань, яғни Геден-тау аталатыны, жоңғарлармен соғыстан кейін Шимпандзе қамалы тұрғызылғаны туралы деректер келтірілген. Сондай-ақ, осы жерде қытай шекара бекеттері адамдарды арнайы құжатпен ғана арғы бетке өткізетінін жазған.
2. Бұл қамал мен Райымбек бабамыздың шекараның бойына Сымтас қойғызғаны туралы аңыздың астары бір секілді.
3. Мен В.В.Бартольд атты ғалымның «Работы по источниковедению» (Бастапқы зерттеу туралы жұмыс) деген кітабын оқыған едім. Сол кітапта Ташкент музейінде төрт тілде, яғни түркі (қазақ), қытай, манжур, моңғол тілдерінде жазу жазылған тас болғанын айтады. Бұл тас Сүмбе өзенінің Текеске құлар саласындағы Геден-таудан әкелінгені көрсетілген. Қытай ғалымы Фу-Дэ бұл тас 1755 жылы Қытай мемлекеті Жоңғарияны жеңгенінің құрметіне қойылған» деген пікір айтқан. Бірақ, Бортольд сол тастың бір бөлігі ғана сақталғанын, онда түрік және моңғол тіліндегі жазу ғана бар екенін келтірген. Ғалым Ленинградқа келген соң, И.И.Умняковтан сол тас бөлігінің суретін сұрап алғанын, бірақ қытай, манжур тіліндегі жазбаның неліктен жоқ болып кеткенін білмейтінін жазған. Ол таста түркі тілінде былай деп жазылған. «400 жылы (1009-1010) осы жерде шейіт кеткен қауымның Құдайға құл болағын естиміз, олар әділ, тақуа, Құдайға ғана бағынатын қауым еді. Біз оларды қаруларымен бірге жер қойнына тапсырдық. 407 жылдың мухаррем айы (1017 жыл, шілде айы).
Мен бала кезімде түс көретінмін! Түсімде осы Жабырда қалың мазардың арасында жүретін едім. Кейіннен сол түсте көрген жотаның бәрін аралап шықтым. Сансыз ескі мүрделер жатыр. Сол мүрделер Бартольд жазған мәліметпен сәйкесетініне әлі таң қаламын.
Сондықтан да, осы тарихи деректерді негізге алып, Қызылшекара ауылын «Сымтас» деп атауға болады. Ауылдың кіреберісіне үлкен тас қойып, Бортальд жазбасындағы тастағы жазуды және Райымбектің де сол ескі дерек негізінде шекараға белгітас қойғанын тасқа қашап жазсақ, бұл жерді қазақ мың жылдан бері иеленіп келе жатқанын тарихқа таңбалап жазып қалдырар едік. «Қызылшекара» деген санаға сіңген елдің шегін білдіретін атаудан да алыс кетпес едік. Елбасының әйдік мақаласында айтылған нағыз рухани жаңғыру осы емес пе?
Құрметті, ауыл тұрғындары!
Құрметті, Жолан Омаров!
Көдек ақын бабам Әбілқайыр жайлы:
«Әбілқайыр молданың
Ақылға терең, кеңісі...
Үлгі, өсиет, насихат
Сөзінің айтқан желісі»... деп жырлаған еді.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Көдек ақын жырға қосқан сол Әбілқайыр молда төтенше жағдай туған кезде мезгілсіз азан шақырады екен. Бабам мезгілсіз азан шақырды деген сөз, «ел мен жұрттың тағдырына қатысты жиын болады» деп сай-саладағы жұрттың бәрі Әбілқайырдың үйін бетке алады-мыс. Сол ескі дәстүрді жаңғыртып, «мезгілсіз азан шақырып» мәжіліс ашуға себепкер болғаным үшін, бәріңізден тағы бір мәрте кешірім сұраймын!
Егер де, Сіздер тараптан мұнан өзге ұсыныс-пікірлер болып жатса, билік өздеріңізде екенін ескертіп, сөзімді аяқтаймын!
Мемлекеттік архивтен мынандай құжатты көзім шалғаны бар еді. 1882 жылдың 25 қарашасында Кетпен болыстығының атауын Айт болыстығы деп өзгерту туралы Верный уезінің бастығына өтініш кеп түсіп, болыстықтың атын "Айт" деп өзгерткен. 136 жыл бұрын, Патша өкіметінің кезінде біз арғы бабамызға ауылдың (дұрысы болыстықтың) атын алып бере алдық. Қызылдарды былай қойып, Ақ патшаның тұсында сауатымыз осыған жетті. Енді келіп, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтағанда, құлаққа жағымды тарихи жер атауларын қоюға болатын тұста, кеңестің қаңсығына қол созбауларыңызды және өтініп сұраймын!
Сәлемнен, өздеріңіздің ұлдарыңыз Қанат Әбілқайыр!
Abai.kz