Кремль Қазақстандағы орыс тілді халықты зомбиға айналдырды
2018 ж. 18 қазан
2828
0
Жуырда kz.expert сайтында “Кремль Қазақстандағы орыс тілді халықты қалай зомбиға айналдырды?” деген мақала шықты.
Онда Қазақстанды Кремльдің насихатынан шыға алмай отырған мемлекет екені айтылған. Автор материалда Қазақстан Ресеймен ортақ тарих барлығы, әлемдегі ең ұзын мемлекетаралық шекара (7548 км) осы екі ел арасында екені, саясаттағы жүйе мен тәжірибелерінің ұқсастығы, тығыз экономикалық байланыс және тілдік факторлар арқылы етене жақын екенін атап өткен.
Сондай-ақ, 2009 жылғы санақ бойынша республика азаматтарының 84,8 проценті өз тегін орыс тілінде жазғанын мысал келтіріпті.
Қош! 2009 жылы Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов “Электронды үкімет бастамалары -2009” атты конференцияда сөйлеген сөзінде: “Әлеуметтік сауалнама зерттеулеріне қарасаңыз, халықтың 55% ы Ресейде емес, ресейлік ақпараттық кеңістікте тұрады” деген мәлімдеме жасаған болатын. Содан бері, түк өзгерген жоқ. Біз әлі Кремльдің идеологиясынан азат болар оңтайлы жолды тапқан жоқпыз.
2017 жылдың қараша айында Ақпарат және коммуникация министрлігі 1,5 млн.ға жуық адам Қазақстандық ақпарат саласынан тыс екенін мәлімдеген еді. Құдайға шұкір, аталған министрлік қазір қолдан келген барлық мүмкіндікті жасап бағуда. Қазір халықтың қазақстандық ақпаратты тұтына бастағаны, әлеуметтік желілерде қазақтілді аудиторияның басымдық алғаны соңғы жылдары анық сезіле бастады. Сонда да, бұл мәселеде белбеуді босатып қоюға болмайды.
Әлеуметтанушылардың “Соцопрос” атты зерттеу нәтижесіне сенсек, орыс тілінде сөйлейтін қазақстандықтардың 69% -ы Ресейдің жаңалықтары мен ойын-сауық бағдарламаларын көреді екен. Және олар ресейлік БАҚ-тарға көбірек сенім артатын көрінеді.
Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде қазақ тілді басылымдардың саны – 519 болса, 802 басылым орыс тілінде таралады. Ал, қазақ және орыс тілдерінде 992 БАҚ шығады екен. Осы көрсеткіш бірте-бірте өзгеруі үшін мемлекет тарапынан үлкен істер қолға алынып, қазақ халқының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамассыз ету ісі қарқын алуы керек.
Еліміздегі Ресей ақпаратының күші 2014 жылы болған Украинадағы оқиғалар кезінде анық байқалды. Сол кезде тәуелсіз журналистер қазақстандықтардың көбі путиншіл өнімдерді тұтынуға мәжбүр екенін айтқан...
Қазір елімізде газетке жазылу науқаны жүріп жатыр. Иә, газеттердің бүгінгі ахуалы керемет дей алмаймыз. Бірақ, Ресей ақпарат құралдарының ықпалын ығыстыру үшін де ұлттық басылымдарға қолдау қажет екенін, қазақ тілі мен ұлтының мүддесі үшін жеме-жемге келгенде қазақ баспасөзі ғана үн қататынын ескерте кету - бізге парыз.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz