Сотта немересінің қазасына қатысты Олжас Сүлейменовтің хаты оқылды (видео)
2018 ж. 18 қазан
3092
0
Астанада Олжас Сүлейменовтің жиен немересін ажал құштырған жол апатына себепкер болды деп айыпталған полиция полковнигінің қызы жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Әрі сотта кінәсін толық мойындаған Мәлика Мұхитова жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Олар сот басталғанда-ақ өздерін камераға түсіруге қарсы екендерін айтты. Сондықтан судья марқұм Ескендірдің ата-анасын камераға түсіруге тыйым салды. Ал, процеске барлық тарап түгел жиналған. Айыпталушы орынында Олжас Сүлейменовтің жиен немересін көлігімен қағып өлтірген Малика Мұхитова. Полиция полковнигінің қызы кінәсін толық мойындап, марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.
«Мені кешіргендеріңізді күнде Алладан сұраймын. Кешіріңіздерші. Мен сіздерге қандай қиын екенін білемін», деді айыпталушы.
Сондай-ақ, 29 жастағы Мәлика Мұхитова жол апатының қалай болғанын өзі айтып берді. «Самұрық-Қазынада» бас маман болып істейтін ол, сол қаралы күні жұмыстан шығып үйге бара жатқан екен. Бірақ абайсызда жол ережесін бұзып, апатқа жол бердім дейді. Ал, жәбірленуші тарап сотқа қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің хатын ала келіпті. Оны адвокат оқып берді.
«Ереже бұзып жол апатын жасау — адам өлтіргенмен тең. Сондықтан сот әділ үкім шығарады деп ойлаймын. Ескендір енді қайтып келмейді. Иманды болсын. Жалғыз жиен немерем еді», деп Сүлейменовтың хатын оқыды адвокат.
Ақын Олжас Сүлейменовтің отбасындағы қайғылы жағдай тура 4 ай бұрын Есілдің сол жағалауындағы ірі даңғылдардың бірінде болған еді. Мотоцикл тізгіндеген ақынның немересін «Hyundai» көлігі қағып кеткен. 26 жастағы жігіт сол жерде жан тапсырды.
Ал жүргізушінің Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы екені анықталды. Атышулы сот процесі әлі де жалғасады. Бүгін айыпталушы қыздың адвокаты, сотқа сарапшы шақыртуды талап етті. Ол Малика Мұхитованың қандай жылдамдықпен жүргенін анықтауы тиіс. Бірақ, судья қорғаушының бұл өтініш қанағаттандырмады. Келесі сот енді бір аптадан соң өтпек.