Ақтөбеде жас жігітті пышақтап өлтірген «Алтын белгі» иегеріне үкім шықты
2018 ж. 12 қазан
3721
1
Ақтөбеде кәмелетке толмаған Азат Дүсіповті пышақтап өлтірген Бекназ Кеңшілікке сот үкімі шықты. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Бекназ Кеңшілікке сот үкімі шықты. Судья Азат Дүсіповтің жүрегі, өкпесіне бірнеше рет пышақ сұққан Б.Кеңшіліктің оқиға орнынан қашып кеткенін атап өтіп, оның қылмысқа жоспарлы түрде барғанын айтты.
«Бекназ Кеңшілік Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін», - деді судья Алтынбек Сабыров.
Айта кетейік, жәбірленуші тарап материалдық шығын ретінде 3 миллион теңгеден астам, моральдық шығын үшін 10 миллион теңгеден астам ақша сұрады. Сот тек 2,6 миллион теңге материалдық, 3 миллион теңге моральдық шығынды өндіру заңды деп санайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде екі мектеп түлегі арасындағы өзара келіспеушілік өліммен аяқталды. Пышақ жарақатынан №19 орта мектептің түлегі Азат Дүсіпов аурухананың жансақтау бөлімінде қаза тапты. Сотқа дейінгі талдау кезінде айыпталушының қорғаушылары қаза болған Азат Дүсіповтің ата-анасынан кешірім сұрады.
Ал негізгі сот отырысы кезінде екі жігіт арасындағы жанжал би алаңында басталғаны белгілі болды. Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.